БҰҰ мәліметінше, жаһанда жыл сайын 45 мыңнан астам әйел ерінің қолынан қаза табады. Ал 736 миллион нәзік жанның 3/1-і жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Бұл мәліметтер Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі ұйымдастырған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.
Астанада бас қосқан сарапшылар «Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес: мәселелері мен шешімдері» тақырыбында ұйымдастырылған алаңда ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Іс-шараға құқық қорғаушылар, әртүрлі елдің омбудсмендері, халықаралық, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, дағдарыс орталықтарының басшылары, зерттеушілер, ғалымдар, депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев қоғамда зорлаушылар мен жәбірлеушілерге төзбеушілік ахуалын қалыптастыру қажеттігін атап өтті. «155 елде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы, ал 140 елде жұмыс орнындағы жыныстық зорлық-зомбылық туралы заң бар. Дегенмен бұл заңдардың орындалуында кедергілер әлі де жеткілікті. Зорлық-зомбылықтың қауіптілігін елемеуге болмайды. Ол тек адамға зиян келтіріп немесе өлімге әкеліп қана қоймай, балаларды жетім күйге түсіреді әрі күйзеліске ұшыратады. Үйдегі тирандарды жазалаумен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының алдын алу мен жоюға да баса назар аудару қажет. Білім деңгейі, құқықтық сана, гендерлік стереотиптерді жою, саламатты өмір салтын және күнделікті әдеттерді насихаттау аталған бағыттағы маңызды аспектілер болып саналады», деді ол.
Жалпы, еліміз посткеңестік кеңістікте бірінші болып тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу, оны айқындау және құқықтық жауапкершілікті белгілеу туралы құқықтық актіні 2009 жылы қабылдады. Жиында әйел құқығы мен гендерлік теңдік саласындағы қазіргі әкімшілік және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселесін Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы, Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының мүшесі, криминологиялық қауымдастықтың құрметті президенті Игорь Рогов қозғады.
«Әкімшілік және қылмыстық заңнама аясындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерінің бірі – Қылмыстық кодекске қылмыстық әрекеттерді енгізу кезінде қабылданған шешімдердің шалалығы болып тұр. Осылайша, 2014 жылы денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу әрекеттері қылмыстық жауапкершілікке тартылды, бірақ қамауға алу орындары болмағандықтан, қылмыскерлер жазасын өтей алмады, әкімшілік істер бойынша қамауға алынып, қылмыстық істер бойынша айыппұл салынды. Осыған байланысты 2017 жылы жеңіл зиян келтіру әкімшілік кодекске көшірілуі керек еді. Сотпен қаралған барлық істі қылмыстық құқық бұзушылық ретінде Қылмыстық кодекске ауыстыру қажет, ал қамауға алу түріндегі жазаны қазір әкімшілік істердегідей өтеу керек», деді Игорь Рогов.
Отырыста БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катарзина Ваверня «Зорлық-зомбылық құрбандарын стигматизациялаудың алдын алу, әйелдерді қоғамның тұрақты дамуының драйвері ретінде тану қажет» деген пікірін айтты. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова проблеманың алдын алуда IT саласының мүмкіндіктерін пайдалану керек деді. Ол арнайы жүйеге отбасындағы зорлық-зомбылық туралы деректер міндетті түрде енгізілуге тиіс деп отыр.
«Цифрлық отбасы картасы – азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және проактивті форматта оларға кепілді мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін әртүрлі мемлекеттік органдардың ақпаратын жинақтайтын ақпараттық жүйе. Оны Ішкі істер министрлігінің деректерімен біріктіру керек. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы мәліметтер базасы бар, егер отбасы зорлық-зомбылыққа қатысты шағым түсірген болса, бұл ақпаратты цифрлық картаға қосуға болады және бұл отбасының көз алдында тұрады», деді министр.
Сондай-ақ қоғамда зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік, медициналық және қаржылай көмектен бөлек, білім беру ұйымдарындағы жыныстық қудалау мәселесіне де назар аудару қажет. Бұл туралы басқосуда Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы елшісі Кестусис Янкаускас сөз қозғады.
«Қоғамда әйелдерге қарсы қылмыстарға «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру үшін білім беру бағдарламаларын әзірлеудің маңызы зор. Отбасында, мектептерде және жоғары оқу орындарында билік ашық диалог құруды және қылмыстық фактіні қабылдамауға барлық жағдайды жасауды назарға алғаны абзал», деді ол.
Осылайша, екі күнге жалғасқан конференцияда тұрмыстық зорлық-зомбылықты барынша азайтуға бағытталған әйел құқықтары мен гендерлік теңдік саласындағы мәселелер жан-жақты талқыланды. Сарапшылар Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстерін одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар ұсынысты ортаға салды.