Күні кеше халқымыздың саны 20 миллионға жетті деп сүйіншіледік. Ұлтымыздың саны жағынан іріленуіне атажұртқа ат басын тіреген қандастарымыздың қосқан үлесі ерекше. Әлемде тоғызыншы территорияны мекендегенімізбен, халқымыздың саны мен сапасын арттыру – әлі де өзекті мәселе. Жат жұрттағы қандастарымызды түп қазығымен қайта қауыштыру ісі жүйелі жалғаса беруге тиіс. Олармен үнемі рухани-мәдени тығыз байланыста болудың маңызы зор. Осы тұрғыда қазақ диаспорасы мәселесін зерттеп-зерделеп жүрген тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлнара МЕҢДІҚҰЛОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.
– Гүлнара ханым, қазақ диаспорасының тағдырына алаңдап, осы тақырыпты зерттеп жүрген санаулы ғалымның бірісіз. Егемендік алғалы бері мемлекетіміздің бұл бағытта атқарған жұмысына қандай баға бересіз?
– «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның 8-бабында: «Қазақстан Республикасы өз шекарасынан тыс жерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тілдік қажеттіліктерін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды. Өзге мемлекеттермен жасалған шарттар негізінде олардың мүдделерін қорғайды», деп жазылғаны мәлім.
Осылайша, 90-жылдардың басында шет мемлекеттерде қазақ қоғамдастықтарын құру мен дамытуға жол ашылды. Қазақ ирредентасы мемлекеттің сыртқы саясатының басым бағыттарының біріне айналды. 1992 жылы 29 қыркүйекте Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтіп, оған Түркия, Германия, Франция, Швеция, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінің өкілдері қатысты. Бұл басқосудың мән-маңызы ерек еді. Қаншама жылдан бері атажұртын аңсаған ағайын тарихи Отанымен қауышып, мәре-сәре болды. Тарыдай шашыраған қаншама тағдыр бір-бірімен табысып, атамекен төрінде тоғысты. Сол жиында мемлекет дүние жүзіндегі бар қазақтың қамқоршысы екені айтылды. Шетелдерде қазақ мәдени орталықтары құрылды. Еуропада бес бірдей құрылтай – дүниежүзілік құрылтай және кіші құрылтай өтті. Қазақстанның шетелдегі елшіліктері мен консулдықтары бар мемлекеттерде қазақ диаспорасы мен ирреденттерге түрлі қолдау көрсетілді.
Отыз жыл бойы қаншама күш-жігер жұмсасақ та, қазақ диаспорасы мен ирреденттерінің қазіргі заманғы кейбір проблемалары әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Бұл мәселелер елдің ішкі және сыртқы проблемаларымен тығыз байланысты. Бұған жаңа диаспоралық саясат тұжырымдамасы және шетелде тұратын отандастарды қолдау жөніндегі нақты мемлекеттік бағдарламаның жоқтығы қолбайлау болып отыр. Мәселен, 1995-1996 жылдары «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Аталған бағдарлама Қазақстан Республикасы мен қазақ ирреденттері және диаспорасының көпқырлы байланысын дамытуға негізделген еді. Тараптар арасындағы қарым-қатынас дамуының жаңа кезеңін сипаттайтын тағы бір құжат – Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 21 қарашадағы №163 «Шетелде тұратын отандастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама туралы» Жарлығы. Осы құжатқа сәйкес әлем қазақтарының заманауи даму ерекшеліктері талданып, бағдарламаның негізгі бағыттарын жүзеге асыру мүмкіндіктері айқындалды. Жобаның мақсаты – «біртұтас қазақ елінің құрамдас бөлігі ретінде сырттағы қазақтарды әлеуметтік-экономикалық, құқықтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін құру». Бұл құжат (көші-қон саясаты туралы заңнамалық актілермен шатастырмау керек) сол кезеңде шетелдегі қандастарды қолдауда лайықты рөл атқарғанын атаған жөн. Кейін ел Үкіметінің 2018 жылғы 18 мамырдағы №280 «Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналаған іс-шаралар жоспары» қаулысы бекітілді. Одан кейін де шеттегі қазақтарды қолдауға арналған тағы бір қаулы шығады деп үміттендік. Алайда 2023 жылдың соңы да таяп қалды, әзірге Үкімет тарапынан ешбір қозғалыс байқалмайды...
– Нақтырақ айтсақ, алыстағы ағайынмен рухани байланысымызды тереңдетіп, қарым-қатынасымыздың өрісін кеңейтуге не кедергі?
– Бір қынжылтатыны, соңғы заңнамалық актілерде еліміздің диаспоралық саясаты дербес бағыт ретінде көрсетілмеген. Елдің диаспоралық саясатын нығайтуға бағытталған түрлі жағдайға жауап бере алатын, жаңа әрі іргелі мемлекеттік құжаттар қажет. Сын-қатерлер заманында этностық бірегейлікті сақтау, қандастарға мәдени-гуманитарлық қолдау көрсету мақсатында еліміздің диаспоралық саясатының стратегиялық тұжырымдамасына айналатын жаңа заңнамалық құжат қабылдайтын кез келді. Бұл бағыттағы жұмыстарға ғалымдар мен практик мамандарды жұмылдырған абзал. Меніңше, 2024-2029 жылдарға арналған нормативтік құжаттарды әзірлеу көптеген мәселенің оң шешімін табуына көмектеседі. Мәселен, 1997-2004 жылдары Үкімет құрамына кірмейтін Демография және көші-қон агенттігі бұл бағытта табысты жұмыс атқарды.
– Біз көтеріп отырған тақырыпқа тікелей қатысы бар Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар қоры» бұл бағытта нендей жұмыс атқарып отыр?
– Түрлі ақпарат көздерінен аталған екі ұйым арасында мәселе бар екені айтылып жүр. 1992 жылы құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы шетел қазақтарының өмірінде ерекше орын алатынын және соңғы кезге дейін бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарғаны рас. Қазіргі уақытта ол Жоғары аттестаттау комиссиясы республикалық қоғамдық бірлестігі мәртебесіне ие. Ал «Отандастар қоры» – Сыртқы істер министрлігіне бағынысты ұйым.
Қазақ энциклопедиясында: «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы – республикалық маңызы бар, үкіметтік емес ұйым» деп көрсетілген. Бір қызығы, «мәдени және рухани даму, білім және бизнес мәселелері бойынша шетелдегі қандастармен байланыста болуды» көздейтін ұйымның нақты құқықтық мәртебесі түсініксіз. Нақты мақсаты мен мәртебесі айқындалмағандықтан, тек байланыстарды жолға қоюдан әрі аса алмағандай. Өкінішке қарай, Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайынан кейін (2017) Жоғары аттестаттау комиссиясы сырттағы қандастармен жан-жақты байланыс орнатуға негізделген диаспоралық саясаттан гөрі, елге келген азаматтарға тұрғын үй салу, орналастыру мәселелерін қамтитын репатриациялық саясатқа бейімделгендей көрінеді. Негізінде атажұртқа оралғандарды әлеуметтік қорғау мен құжаттандыру, т.б жұмыстармен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті, жергілікті әкімдіктер мен басқа да құрылымдар айналысуға тиіс. Диаспорамен, ирреденттермен Сыртқы істер министрлігінің жұмыс жүргізуі – әлемдік тәжірибеде қалыптасқан үрдіс. Осы ретте қазақ диаспоралары мен олардың мәдени орталықтарының қызметін бағыттау мен үйлестіруде Жоғары аттестаттау комиссиясы тарапынан нақты қандай жұмыстар атқарылды деген сауалға жауап таба алмайтынымыз өкінішті. Тіпті олардың ресми сайтын да аша алмадық. Ал ғаламтордағы қолжетімді ақпараттар ескірген (2014-2021).
«Отандастар қорының» интернет ресурсында атқарылған жұмыстар жүйелі көрініп тұр. Мәдени-танымдық шаралар, этностық қазақтардың балаларына арналған жазғы лагерь, жастарға арналған ұлттық фестиваль, қазақ тілін меңгерудің онлайн үйірме, ұлттық аспаптарда ойнауға үйрететін бірегей жобалар шетел қазақтарының қызығушылығын туғызған. Омбы, Ыстанбұл, Анталия, Ташкент, Берлин, Киев, Бішкек қалаларынан ашылған жеті бірдей мәдени-іскерлік орталық қор жұмысының нәтижесін көрсетеді.
– Диаспора мәселесі әлемдік тәжірибеде қалай көрініс тапқан? Дамыған мемлекеттер бұл мәселені кешенді түрде реттей алды ма?
– Дамыған елдерде шетелдегі қандастар мен шетелдерден келген мигранттар мәселесімен бір мезгілде айналысатын түрлі мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар бар. Иммигранттар елі АҚШ-та диаспора мәселесімен АҚШ Мемлекеттік департаменті және әртүрлі қоғамдық қорлар айналысады. Ал Ресей Федерациясы ТМД аумағы мен шетелде тұратын отандастар және халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық істері жөніндегі федералдық агенттік (Россотрудничество), сонымен бірге Ұлттық істер жөніндегі федералдық агенттік (ФАДН) пен арнайы үкіметтік комиссия құрған. Дүниежүзілік еврей конгресі Израиль мемлекетінен тыс жерде тұратын барлық еврейдің мүддесін БҰҰ, ЮНЕСКО секілді халықаралық, аумақтық ұйымдар деңгейінде қорғауға қауқарлы. Көршілес Қытай мемлекеті диаспоралық саясатты ел дамуына серпін беретін тетікке айналдырған. Қытай Халық Республикасы Конституциясының 50-бабында: «ҚХР этностық қытай халқының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Шетелден оралған қытайлықтардың және шетелде тұратын қытайлықтардың этностық отбасы мүшелерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғайды» деп жазылған.
– Бізге де осындай диаспоралық саясат жүргізіп, оны қандастарымыздың саяси, экономикалық, кәсіби және әлеуметтік-мәдени әлеуетін ескере отырып жүзеге асыруға не қолбайлау?
– Ең алдымен шетелдегі қандастар мәселесімен айналысатын Жоғары аттестаттау комиссиясы мен Қордың құқықтық мәртебесін, құрылымдары мен функцияларын, ең бастысы қаржылық ерекшеліктерін анықтау және өзгерту қажет. Жоғары аттестаттау комиссиясы басқа да қоғамдық ұйымдар секілді гранттық байқауларға қатыса алатын, ал Қор мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істей алатын деңгейге жетуге тиіс. Осылай болған жағдайда қос ұйым туындаған кез келген мәселені күш біріктіре отырып жүйелі шеше алады. Бұл ұйымдардың штатында кемінде 3 тілді меңгерген мықты мамандар болуы шарт. Бұл талапқа сай әлемнің үздік университеттерінен білім алған, бірнеше тілді еркін меңгерген жігерлі жастарымыз аз емес.
Қазақ диаспорасы мен ирреденттерінің тарихи, заманауи мәселелерін зерделейтін ғылыми-талдау институтын құрған ләзім. Бұл туралы 30 жылдан бері айтып та, жазып та жүрміз. Көп елде мамандандырылған ғылыми орталықтар табысты жұмыс істейді. Мәселен, Лондон университетіндегі Миграция және диаспораны зерттеу орталығын, Торонто университетіндегі Диаспора және трансұлттық зерттеулер орталығын, Шығыс Еуропа университетінің Миграция және диаспораны зерттеу орталығын, басқа да көптеген институтты нақты үлгі ретінде атауға болады.
– Елімізде диаспора институтын құру қажеттігі туралы айтып қалдыңыз? Оның нақты мақсат-міндеттерін қалай айқындауға болады?
– Диаспора институтын құру – диаспоралық саясаттың маңызды бөлігі. Ғылыми мекеменің мақсаты нақты іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге негізделуге тиіс. Әртүрлі тақырыпта әлеуметтік сауалдамалар жүргізу, сырттағы қазақтардың даму динамикасын зерттеу, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени мәселелерін зерделеу де осы ұйымға жүктелгені абзал. Елімізден тыс жерде өмір сүретін қазақтардың жат мәдениетке жұтылып кетпей, этностық ерекшеліктерін сақтап қалуына да серпін берілер еді. Одан бөлек, аналитикалық есептер әзірленіп, алдағы даму жоспарларын да дәйекті түрде айқындау алға шығатыны анық.
Елімізде диаспоралогияның ғылыми мектебі құрылып, докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалғанымен, бүгінгі таңда отандық ғылымның нақ осы бағытында нақты іргелі ғылыми зерттеулер жоқ. Оның негізгі себебі – тиісті министрлік тарапынан диаспора мәселелері бойынша ғылыми жобаларды қаржыландыру жеткіліксіз. Ғылыми-зерттеу институтының болмауы мен бұл салаға қызығушылықтың азаюы диаспораның мәнін сипаттайтын ғылыми терминдердің анықтамаларын шатастырып, бір-бірімен мидай араластырып жіберді. Тіпті еліміздің заңнамалық актілерінен де мұндай олқылық байқалады. «Диаспора» сөзі шетелдегі қазақтарды сипаттайтыны әу бастан түсінікті емес пе? Оның қасына «шетелдегі қазақтар» деген сөзді қосақтап жазу қаншалықты қажет? Кейінгі жылдары «Жаңа қазақ диаспоралары» деп аталатын псевдоинновациялық үрдіс пайда болды. Бұл ешқандай қисынға келмейді. Әлемде ешкім «жаңа еврей диаспоралары» деп жазбайды ғой, «Израиль мемлекеті және қазіргі диаспоралар» деп жазады. Бір сөзбен айтқанда, қисынсыз дүниені бір-біріне қосақтаудың қажеті жоқ. «Ескі және жаңа диаспоралар» ұғымдары – жасанды, бұлыңғыр атаулар. Мемлекеттік маңызы бар бұл іске ғалымдар мен мықты мамандарды жұмылдыратын кез келді.
Байыптап қарасақ, дүниежүзіндегі қазақ диаспорасының бірлігі биік межеге жете қойған жоқ. Оның түрлі себебі бар. Негізгі себебі ретінде санының аздығын, шашыраңқы қоныстануын, әлеуметтік, экономикалық, құқықтық, мәдени және білім деңгейлеріндегі айырмашылығын айтар едік. Шетелдегі қазақтардың басым бөлігі орта және шағын бизнесте жұмыс істейді. Алпауыт елдердің жұмыс күші есебінде еңбек етеді. Бірен-саран елде болмаса, мемлекеттік жоғары лауазымдарға ұсынылмайды, Парламентке сайланбайды. Әсіресе соңғы сипаттамаларға айрықша назар аударғанымыз абзал. Өйткені олар еларалық және халықаралық мәселелерде «жұмсақ күш» бола алады. Әрине, барлық қазақ диаспораларын біріктіруші басты күш – Қазақстан Республикасы. Алайда сырттағы қазақтардың мәдениеті мен білім деңгейіндегі алшақтық сондағы қазақ мәдени орталықтарының жұмыс деңгейін көрсетеді. Біз әлі күнге дейін қазақ диаспорасының саны мен сапалық құрамы туралы деректерді нақтылай алмай келеміз. Бұл – Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында сырттағы бауырларымызды сандық әрі сапалық тұрғыдан бағалау мен іріктеудің нақты әрі қатаң критерийлері жоқ екенін көрсетеді. Мәселен, Өзбекстанда миллионға жуық қазақ тұрады дейміз. Ал соңғы құрылтайға ол елден келген делегаттар саны бар-жоғы 120 мың қазақ бар деп есептелетін Моңғолиядан келгендердің санынан әлдеқайда аз болды. Қазіргі цифрландыру дәуірінде белгілі бір елде тұратын қазақтардың санын дәл анықтау соншалық қиын шаруа емес.
Кейбір елдегі қазақ диаспорасының мәдени орталықтарына қаржылық ресурс жетіспейді. Осыған байланысты қазақ тілінде шығатын оқулықтар мен әдеби кітаптардың жоқтығы, қазақ тілін, сондай-ақ басқа да пәндерді ана тілімізді үйрететін мамандардың тапшылығы, қазақ диаспорасы өкілдерінің еліміз аумағында кәсіпкерлікпен айналысуына жеңілдік қарастырылмауы да қиындық тудырып отыр. Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі енгізген «Ата жолы» картасының нәтижесі сырттағы қандастарды да, ел азаматтарын да қанағаттандырған жоқ. Осыған сәйкес «Қазақ диаспорасы мен ирреденттерінің қасиетті жерлері» каталогін жасау маңызды. Ташкенттегі Төле би, Мысырдағы Сұлтан Байбарыс, Астрахан облысындағы Құрманғазы кесенелері, Сринагардағы Мырза Хайдар Дулати бейіті, Германиядағы Мұстафа Шоқай бейіті шетел қазақтары үшін қасиетті орын екені мәлім. Франция мен Италияда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан қазақтардың 10-нан астам бейіті табылды. Оларды да бұл тізімге қосуға болады. «Қазақтар Екінші дүниежүзілік соғыста: шетел мұрағаттарынан алынған құжаттар» атты екі бірдей құжаттар жинағын құрастырдым. Соғыста қыршын кеткен аталарымыз туралы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ерліктері мен есімдерін қайтару қажет. Бұл да – жат елдегі бауырларымыз үшін киелі жерлер.
Осы міндеттерді жүйелі орындау еліміздің көпвекторлық, ұлттық мүдделерді берік қорғайтын, сырттағы бауырлардың тағдырына бейжай қарамайтын, оларды тарихи Отанымен көпжақты байланысқа шақыратын сыртқы саясатының үйлесімді тетігі болар еді. Қазіргі кезеңде диаспора саясаты қазақ халқын ғана емес, республиканың әрбір азаматын бекем бірлікке үндейтін Әділетті Қазақстанның даму жолындағы маңызды міндеті екені сөзсіз.
Біз бауырларымызды елге шақырумен шектеліп қалмай, олардың өзге елдегі тыныс-тіршілігіне терең зейін қоюымыз қажет. Олармен рухани-мәдени, іскерлік байланыстарды нығайтып, туыстық қарым-қатынастардың рухын сақтап қалу маңызды. Бүгінгі алмағайып заманда этностық бірегейлікті нығайту – уақыт ағысына төтеп берудің ең үлкен жолы. Берекені іспен табайық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»