Ақтөбеде ғұн археологиясы мәселелеріне арналған «Халықтардың ұлы қоныс аударуы қарсаңындағы далалық тайпалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конферения өтті. Ә.Марғұлан атындағы Археология институты мен Ақтөбе облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық тарихи-өлкетану музейі бірлесе ұйымдастырған жиында ғұн кезеңі талқыланды. Ғұндар дәуірі – Қазақстан тарихының ақтаңдағы, осы кезге дейін тарихшыларымыз сол заманды халықтардың ұлы қоныс аудару кезеңі деп жеткілікті зерттемей келді. Жыл санауымыздың алғашқы бес ғасырында қазақ даласында сақ-сармат тайпаларымен бірлесе күшті одақ құрып, Қара теңіз, Кавказ, Қырымнан асып, Шығыс Еуропаға дейін империя құрған ғұн тайпаларының ескерткіштері қазақ даласының барлық аймағынан табылып жатыр. Соның алдыңғы қатарында Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы Сорлақмола обасы мен Маңғыстау облысындағы ғұндардың Қарақабақ порты және Алтынқазған қоныстары тұр.
Сынтастарда сыр жатыр
Ақтөбе облысында соңғы жылдары ғұн кезеңінің 400-ден астам ескерткіші табылды. Археологиялық олжалардың ішіндегі ең айшықтысы – Елек өзенінің жағасындағы ғұн жауынгерінің тоналмаған обасы. Оны құм қазып жатқан экскаваторшы кездейсоқ тапты. Дәулетті жас көсем жерленген орыннан ұзындығы 1.20 см алтын сапты семсер, белдіктің күміс жапсырмалары шықты. Жанына жерленген тұлпарының ері қатты ағаштан жасалған, жүгені алтын жапсырмалармен қапталған.
Конференцияда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түркология және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы скифтердің көші-қон жолындағы өте көне жәдігер – сынтастарды түгендеп, ғылыми айналымға енгізу керектігі жөнінде айтты. Жыл санауымызға дейінгі ХІV ғасыр мен жыл санауымыздың V ғасыры аралығында қойылған сынтастарды ең бірінші моңғол ғалымдары зерттеуге кірісті. Олар сынтастардың үш томдық каталогі мен үш томдық альбомын жарыққа шығарды. Айта кету керек, сынтас ұғымын түркі тілінің сөздігіне ең алғаш рет М. Қашғари Х ғасырда енгізген.
Археолог Аслан Мамедовтің айтуынша, қазіргі Ақтөбе облысы аумағында ж. с. ІІ-ІV және V ғасырларында ғұн-сарматтар үлкен тайпалық бірлестік құрған. Ғұндар осы жаққа Торғай даласынан келген. Оған Әйтеке би ауданынан табылып жатқан «геоглифтер» дәлел. Ақтөбе облысының Әйтеке би, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда, Ырғыз аудандарында ғұн қоныстары көп табылса, Мәртөк және Қарғалы аудандарында өте аз, бар болғаны төрт ескерткіш анықталды. «Осы жаққа келген тайпалар уақыт өте келе жерлеу дәстүрін өзгерткен. Әдетте, ғұн ақсүйегінің басы сопақша болып келеді. Жаңа туған баланың басын қатты байлап тастайтын дәстүрі болған. Біздің жаққа ІІ ғасырда алғаш келген ғұндардың обаларынан сопақша бас сүйектер көптеп табылса, ІІІ-ІV ғасырдың обасында ондай бастар жоқ. Өйткені жергілікті сармат тайпаларының әсерінен бас пішінін өзгерту үрдісі тоқтаған.
«Сармат обалары дөңгелек пішінді, далалықта биік етіп үйілсе, өзен аңғарларына жақын сайлардан табылып жататын ғұн обалары әр түрлі: төртбұрышты, ою тәріздес, гантель тәрізді құрылыстар болып келеді. Далалықта ғұн обасы көзге түспейді, әуедегі түсірілім арқылы анықталады. Олардың жерлеу дәстүрі діни көзқарастарымен байланысты болуы мүмкін. Тағы бір ерекшеліктері – ғұндардың обалары тізбектеліп кете береді. Мәселен, Ойыл өзенінің бойындағы Сорлақмоладан 200-ден астам ескерткіш, Қарақобда мен Қиыл өзендерінің аңғарындағы «Дербісәлі-2» қорымынан 46 нысан табылды. «Ақбұлақ-1,2,3» қорымы 5-6 шақырымға созылып жатыр. Дербісәлі – аудан орталығы Қобдадан 75 шақырым шаруа қожалығының жері болған. Біз қожалық иесіне әуеден түсірген гантель тәріздес құрылыстың фотосын көрсеткенімізде қатты таң қалды. Ол күнде жылқы бағып жүрген жердің астында қорған бар деп ойламаған», дейді Аслан Мамедов.
Маңғыстаудағы ғұн қаласы
Моңғолия, Солтүстік Қытайды мекендеген жауынгер ғұндар жыл санауымызға дейінгі ІІІ ғасырда Хань мемлекетімен қақтығысқа түсіп Байкал, Сібірге қарай ығысып, осы жақтағы тайпалармен 400 жыл араласып өмір сүреді. Содан ІІ-ІV және V ғасырларда шығыстан бүгінгі қазақ жеріне келіп, екі бағытқа бөлінеді: бірі оңтүстік-батысты, басқалары Арқаға бетке алған. Торғай жағынан қазіргі Ақтөбе облысының аумағына кірген тайпалардың бір тобы осы жерде қалса, екінші топ Атырау мен Орал жағына, үшінші топ Маңғыстау түбегіне бағыт алады. Олардың қозғалысы су жолдарымен байланысты болған. Соған қарағанда біздің заманымыздың басында Арал теңізі бойы стратегиялық маңызды рөл атқарған. Осы аймақтан Каспий теңізіне дейінгі сауда жолы ғұндардың бақылауында болғанына Маңғыстаудың Қарақабағынан табылған олжалар куә.
Түркияның Akdenis университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Екрем Калан көшпенділіктен отырықшылыққа көшкен ғұн тайпалары туралы зерттеулерімен бөлісті. Мал шаруашылығы және аңшылықпен айналысып, кейін әскери өнерге машықтанған Азия ғұндарының тұрақты қалалары болмай, су және жайылым іздеп үнемі көшіп жүрген. Кейін ірі өзендер жағасында Орхон және Керулен қалалары пайда болған. Байқал көлі жағында суармалы шаруашылық құрып, дәнді дақылдар өсіріп, астықты ұраларда сақтаған. 2019 жылы археологтер Сібірде, Иволга қаласының жанынан астық сақтауға арналған алмұрт пішіндегі құдық, қолдан жасалған тас диірмен, жер жыртуға арналған құралдар тапты. Алайда өздері өсірген астық көшпелі халықтың қажетін өтеуге жетпеді әрі құрал-сайман тапшы болғандықтан, ғұн қағаны қытай императорымен шекарада сауда жасауға уағдаласқан. Қытай императоры үшін ғұндармен сауда, тауар айырбасын жасау маңызды саяси құралға айналды. Алайда ғұндар кей уақытта қытайлармен арадағы сауданы тоқтатқан не шектеп отырған.
Алайда Орталық Азия және Сібір халықтарының ішінде ең бірінші болып отырықшылыққа және қала мәдениетіне көшкен ғұндардың қалалары жөнінде жазба деректер өте сараң кездеседі. «Ғұндардың тұңғыш астанасы – Үрімші қаласы. Олар ежелде жыл сайын белгілі бір уақытта Үрімшіге жиналып, Аспан, Жер және ата-баба рухына арнап құрбандық шалып, ас берген», дейді түрік ғалымы. Моңғолия археологтері өз жерінде 220 қаланың орнын тапса, Байқалдан 20 қаланың орны шықты.
Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесі Археология және этнография институтының аға ғылыми қызметкері Евгений Богданов Маңғыстаудағы ғұн дәуірінің Алтынқазған жерлеу-ғұрыптық кешені мен Қарақабақ порттық қала жұртындағы зерттеулермен бөлісті. Алтынқазған кешенінде 130 гектар аумақта ІІІ және VІ ғасырға жататын жерлеу орнынан ер адамның сәнделген белдігі мен ат әбзелдері, қымбат тастардан жасалған әйелдердің сәндік бұйымдары табылды. «Қарақабақ посты ІІІ-VІ ғасырларда Маңғыстау түбегінен Еділ бойына өтетін сауда және қолөнер қаласы болған. Осы қалада Арал мен Каспий, Еділ бойы көшпелі халықтарының қажеті үшін қолөнершілер мен зергерлер түрлі бұйымдар жасаған. Қарақабақ пен Алтынқазғанға металл бұйымдар сырттан әкелінбеген. Аттың ері, жүгені және басқа да әбзелдері, ақсүйектер белдігін жергілікті шеберлер жасаған. Қарақабақтың айналасында Жайық, Еділ, Солтүстік Қара теңіз бойы халықтарымен тығыз байланыста өмір сүрген тайпалар тіршілік етті. Қала қолөнершілері түрлі органикалық қоспаларды пайдалана отырып, қымбат металдарды алмастыратын жұқа құймалар жасаған. Оған дәлел, Қарақабақтағы он жерлеу орнынан шыққан жүздеген жұқа мыс пластинка сынықтары. Шеберлер киімге жапсырылған асыл тастар күнге шағылысқанда ерекше жалтырауы үшін астынан жұқа жапсырма өткізіп, тастың жарқырауын күшейткен. Қолөнершілер өте жұқа пластинкаларды пайдалануды Византия шеберлерінен үйренуі мүмкін. Мұндай сәндеу үлгісі сол замандағы шығысеуропалық бұйымдарда көп кездеседі. Археологиялық олжаларға қарап, ІІІ және VІ ғасырлар арасында Маңғыстау түбегі арқылы Византиямен байланыс орнады деп айтуға негіз бар. Алтынқазған обасынан табылған күмістен жасалған төрт сәндік бұйым Еділ бойынан табылған бұйымдармен бірдей. Соған қарағанда Алтынқазған діни жоралғы өткізетін орын болған. Бұл жерде тайпаның атақты көсемі жерленуі мүмкін. Зиярат етуге келгендер өздерімен бірге қымбат бұйымдар әкеліп, көсемнің рухына сыйынған деген болжам бар. Қарақабақты ғұндар мекендемеген. Бірақ осы жердегі қолөнершілер ғұндардың қолдауына ие болған», дейді Е.Богданов.
Сауда және су көздері үшін тартыс
Моңғол ұлттық университеті археологиялық зерттеулер орталығының директоры Цагаан Төрбат Тамир өзенінің жағасындағы Улаан хощуу обасынан табылған қаңлылардың қыш ыдыстары туралы баяндады. «Моңғолиядағы ғұн қалалары 2000 жылдан бастап зерттеле бастады. 2023 жылы 82 қорған қазылды. Тамир Улаан хошуу, Угий-Нуур сум, Архангай аймағында ғұндардың 400 тас қорғаны анықталды. Осы ескерткіштер жыл санауымызға дейінгі І ғасыр мен жыл санауымыздың І ғасырына жатады. Обаларда жануар сүйектері өте сирек шықты, бірақ керамикалық заттар көп кездесті. Тамир өзенінен 60 шақырым жерде үш мың ғұн жерленген қорым табылды. Соңғы үш жылдан бері осы қорымның солтүстік-батыс жағы зерттеліп жатыр. Қазба кезінде қаңлы мәдениетінің көрінісі – түрлі пішіндегі құмыралар көптеп шықты. Құмыралар І ғасырда Жібек жолы бойындағы ең өтімді тауарға айналған. Ғұндардың көршісі қаңлылар жыл санауымызға дейінгі І ғасыр соңында Хань әскерінен ығысып, Жетісуға қарай кетті де, Талас өзенінің бойында қоныстанды. Жыл санауымызға дейінгі 36-шы жылы Талас өзені бойында Хань әскерімен болған шайқас тарихтан белгілі. Сол кезеңде ғұндар да қаңлылармен бірге көшті», дейді моңғол археологі.
Конференцияда Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Ақан Оңғарұлы жақында Самарқанд қаласында құрылған Түркі әлемін зерттеу ассоциациясы көрші елдердің ғылыми байланысын күшейтеді деген пікір айты. Өзбекстан ҒА Археология ұлттық орталығының аға ғылыми қызметкері Рахманали Муродалиев Ферғанадағы Суфан қорымындағы ғұн обалары жөнінде әңгімеледі. Орталық Азиядағы халық ең тығыз қоныстанған, бір шеті қырғыз, бір шеті тәжік елімен қанаттасып жатқан Ферғана аймағында бүгінде 20 миллионнан астам адам тұрады. Ферғана –ежелгі Ұлы Жібек сауда жолының бір нүктесі. Бұл жаққа да сауда жолын бақылауда ұстау үшін ғұн жасағы келген. Бірақ көп емес, өйткені, Әмударияның сол заманда Каспийге құятын арнасы тоқтаған. Өзеннің бағыты өзгерсе, судың бойын жағалайтын сауда жолы да үзіліп қалғандықтан көшпелі тайпалардың аса қызығушылығы болмаған сияқты.
«Ферғанада кейінгі ғұн дәуірінің 50-ден астам обасы табылды. 2016 жылы Ферғана облысының оңтүстік-шығыс жағындағы Суфанда ІІ ғасырдың соңғы ширегіндегі халықтардың ұлы қоныс аудару кезеңінің обасы табылды. Мұнда екі адам жерленген: төрде қожайыны, аяқ жағында қызметшісі болуы мүмкін. Батыстан шығысқа қаратыла жерленген төрдегі адамның басы жоқ. Бассыз жерленген адам Ташкенттен Ферғанаға келген ғұн жауынгері болуы мүмкін», дейді Р.Муродалиев.
Жыл санауымызға дейін Хань империясымен жер үшін қақтығысқа түсіп, шығысқа жылжи отырып, Арал, Каспий, Еділ, Қара теңіз бойы мен Еуразия даласындағы ірі өзендердің аңғарларын, Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі порттарды, сауда нүктелерін, керуен жолдарын бақылауда ұстаған қуатты ғұн империясының қоғамдық-саяси құрылысы, экономикасы, мәдениеті, таным-түсінігі туралы жүйелі зерттеулер керек. Өйткені әлем ғалымдары ғұндарды жабайы, қанқұмар халық ретінде пікір қалыптастырып, зерттеуде селсоқтық танытып келеді. Ғұндар көп ашыла бермеген халық. Олардың бір жұмбағы геоглифтерінде жасырынған. Сол заманда ұшқан құстың көзімен ғана байқалатын геоглифтерді қандай геометриялық дәлдікпен салғаны қызықтырады. Арқаның даласында, әсіресе Торғай жерінде жиі кездесетін қазақтың ою-өрнегіне ұқсас сан түрлі пішіндегі геоглифтер қандай мағына береді? Осы таңбаларда болашаққа жазылған ғұндар аманаты жасырынған ба? Ғұн жазуының құпияларын қазақтың ою-өрнектерінен табамыз ба? Бұлай деп айтуымызға моңғол археологтері Тамир өзені бойындағы обадан тапқан ауыр металдар қоспасынан әзірленген мөрдегі ою түріндегі жазулар себеп болды. Бірінші ғасырдан бері жер астында шірімей сақталған ауыр мөрдегі таңбаларды моңғол археологтері оқи алмаған.
Жасақтың бес қаруын соққан металлургиялық пештері, ірі қалалары, дәнді дақылдар өсірген егіс алқаптары, өзендер бойындағы қора-қора қой, табын-табын жылқылары жайылған, әрі шекарадағы сауда жолдарын бақылауда ұстап, күшті империя құрған ғұндардың мемлекеттік құрылымы, ортақ тілі, жазу таңбасы қандай болды деген сұраққа жауап іздеген жөн.
Ақтөбе облысы