• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Айбын 29 Қараша, 2023

Тегіне тартқан бала батыр

256 рет
көрсетілді

Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақ­сылықов жас батырды «Ел қорғаны» медалімен марапаттады.

Бұл награданы «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қоз­­ға­­л­ы­­сының тәрбиеленушісі Ақ­­жол Ге­ройға қорғаныс сала­сы­ның басшысы атынан Де­сант­­тық-шабуылдау әскер­лері­нің қол­басшысы, генерал-майор Алмаз Жұмакеев табыс етті. Іс-шараға Десанттық-шабуылдау әс­кер­лерінің қолбасшылығы мен жеке құрамы, Ақжолдың ата-ана­сы және «Жас сарбаз» қоз­ға­­лысының тәр­биеленушілері қатысты.

Министр Руслан Жақсылықов «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Ақжол­ға батыл іс-әрекетінің арқасында жол-көлік оқиғасының алдын алғаны үшін алғысын айтып, ізгі тілектерін жеткізген. «Сіздердің ұлдарыңыз сындарлы сәтте атына заты сай нағыз батыр екенін дә­лелдеді» делінген Ақжолдың ата-ана­сына жазылған алғыс хатта.

Айта кетсек, 22 қарашада Ал­маты облысының Іле ауданына қарасты Өтеген батыр кентіндегі №24 лицейдің 8-сынып оқушысы Ақжол Герой №219 бағдарлы автобусқа отырған. Жолай жүргі­зушінің жүрек талмасы ұстап қалады. Мұны байқаған Ақжол жүргізуші кабинасына жүгіріп жетіп, тежегішті басып үлгереді. Соның арқасында автобус тұрғын үй қоршауына жарты метр ғана жетпей тоқтайды.

8-сынып оқушысының жедел қимылы зардабы ауыр апаттан сақтап қалды. Оқушының бұл батыл әрекеті туралы телеарналар мен әлеуметтік желілерде жарыса айтып жатыр. «Ел қорғаны» медалінен бөлек, жас батырға өз мектебінің әкімшілігі ноутбук сыйласа, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алғыс хат пен соңғы үлгідегі «iPhone 15» ұялы телефонын табыс етті.