• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Желтоқсан, 2023

«Халық жазушысы» кімдерге беріледі?

186 рет
көрсетілді

Әлемде мың-сан өнер бар: әдебиеттің жөні бөлек. Әлемде мың-сан жанр бар: көркем шығарманың жөні бөлек. Адамның қатпар-қатпар жан дүниесінің терең сырына бойлап, табиғатын, шынайы мінезі мен болмысын, жан тебіренісін шебер суреттеп, оқып отырған жанды әлемтапырық күйге түсіретін де әдебиет. Жазушының «тәтті тамұғынан» тұншыға шыққан шығармасы санаңда сілкініс жасап, дәл осындай әсер қалдыратыны тылсым бір күш сынды.

Иә, «ардың ісі» саналған әдебиет­тің қуаты мен сипатын беретін нақты анықтама жоқ. Әдебиеттің бір аты – шексіздік. Тақырып аясы ғарышқа де­йін жетіп, адамзаттық деңгейде тұра алатын көркем әдебиетте шекара да жоқ. Әрқашан ізгілікті үндейтін әде­биет­тің ұлттың дамуына, халықтың мәде­ниетінің, руханиятының бекем қалып­тасуына тигізер үлесі де мол. Көркем шығарманы, әсіресе классиканы көп оқыған ұлттың мәдени деңгейі қай сатыда екенін бағамдай беріңіз. Әдебиеті халқымен бірге өмір сүретін елдің рухы да, тұрақты дамуы да, болашағы да тас қамалдай берік болары сөзсіз. Ол үшін әдебиетті оқу бар да қолдау бар. Еліміз егемендік алған жылдардан бері тәуелсіз қазақ әдебиетінің кең тынысы ашылып, дамуы үшін мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп келеді. Түрлі жоғары марапат, әдеби байқаулар, автор кітаптарын республиканың түк­пір-түкпіріндегі кітапханаларға тарату, қаламақы беру...

Осы орайда араға қаншама жыл салып, күні кеше ғана қайта жаңғыр­ған «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағын айтып өтейік. Рес­пуб­лика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Төлен Әбдік, Бексұлтан Нұржекеұлы, Софы Сматаев, Ахметжан Ашири, Смағұл Елубай, Любовь Шашкова атал­ған марапатқа ие болды.

Еске салсақ, ең алғаш 1984 жылдан бастап 90-жылдардың орта шеніне дейін берілген «Қазақстанның халық жазу­шысы» атағы 39 қаламгерге табыстал­ған. Оның ішінде Жұбан Молдағалиев, Тахауи Ахтанов, Сырбай Мәуленов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әзілхан Нұршайықов, Шерхан Мұртаза, Қабдеш Жұмаділ, Әбіш Кекілбаев, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Мағауин, Фариза Оңғарсынова сынды басқа да әйгілі ақын-жазушылар бар. Кеңес өкіметі тұсында өз туған жұртының халық жазушысы атанған Шыңғыс Айтматов, Давид Кугультинов, Қайсын Кулиев, Расул Ғамзатов, Эдуардас Межелайтис, Петрусь Бровка секілді көптеген даңқты ақын-жазушылар болды.

Құрметті атақты халыққа кеңінен танылған, жоғары идеялы көркем шы­ғармалар мен әдебиеттану жөнінде ең­бек­тер жазған, қоғамдық өмірдің бү­гінгі ақиқат бейнесін көрсетіп, ұлттық жан дүниемізді ашатын, тарихи жады­мызды жаңғыртатын шығармалар жазу­ға белсене араласып жүрген жазу­шыларға, ақындарға, драматургтерге, аудар­машыларға, балалар әдебиеті өкілдеріне, сыншылар мен әдебиет зерттеушілеріне берілген болатын.

Кейін «Қазақстанның халық жазу­шы­­сы», «Қазақстанның халық әр­тісі», «Қазақстанның халық ақыны» атақтарын беру тоқтатылып, оның орнына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы тағайындалды.

Құрметті марапатты қайта жандандыру идеясын Мемлекет басшысы ал­ғаш рет «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында өткен Ұлт­тық құрыл­тайда айтқан еді.

 «Жалпы, мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әр­дайым қолдаймын. Туындылар оқыр­мандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе жастар арасында сұранысқа ие болуы керек. Мұның бәрі – мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті. Оқырман қауым қаламгерлерден халық­қа рухани азық болатын тың дүниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін. Осыған байланысты мен Мереке Құлкеновтің «Қазақстанның халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысын қол­даймын. Бұл атақ атына – заты сай, лайықты, туындылары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын», деген Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент тапсырмасына сәйкес «Қазақстан Республикасының мемле­кеттік наградалары туралы» заңға өзге­рістер енгізу жұмыстары жүргізілді.

«Қазақстанның халық жазушысы» – елімізде әдебиетттің дамуына ерекше үлес қосқан, бұрын «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» және (немесе) әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған тұлғаларға берілетін болды.

Егер «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағына ие болған қа­лам­герлер азаматтық қызметші сана­тын­да болған жағдайда, оның айлық жала­қысына «Азаматтық қызметшілерге, мем­лекеттік бюджет қаражаты есе­бінен ұсталатын ұйымдардың қызмет­керлеріне, қазыналық кәсіпорындар­дың қызметкерлеріне еңбекақы тө­­леу жүйесі туралы» Қазақстан Респуб­ли­касы Үкіметінің 2015 жылғы 31 жел­тоқ­сандағы №1193 қаулысының 18-қо­сым­шасына сәйкес «Халық» деген құр­­метті атағы үшін азаматтық қыз­мет­­шілердің, мемлекеттік бюджет қа­ра­­жаты есебінен ұсталатын ұйым­дар қызметкерлерінің, қазыналық кәсіп­орындар қызметкерлерінің (жұмыс­шы­ларды қоспағанда) функционал­дық блок­тар бойынша лауазымдық айлық­ақыларын есептеуге арналған база­­лық лауазымдық айлықақыға 100% қо­сым­ша ақылар мен үстемақылардың мөл­шері қосылады. Яғни Қазақстан Рес­публикасының Еңбек кодексі 15-бабы­ның 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысында: «Азаматтық қызметшілерге, мемле­кет­­тік бюджет қаражаты есебінен ұстала­тын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қыз­мет­керлеріне 17 697 теңге мөлшерінде базалық лауазымдық айлықақы белгі­ленсін» делінген.

Бұл туралы Сенат отырысында Мә­де­ниет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев та айтқан еді.

«Үкімет қаулысына сәйкес егер ол кісі­лер мемлекеттік мекемеде жұ­мыс істесе, онда тиісті үстемақысын ала­­ды. Жұмыс істемесе, алмайды. Оның еш­қандай қаржылық есебі қарас­ты­рылмаған. Үстемақы 17 954 теңге шамасында болады», деді ол.

Сондай-ақ Үкімет қаулысына қоса берілген түсіндірме жазбада «Қазақ­станның халық жазушысы» құрметті атағы төсбелгісінің сипаттамасы жа­зылған. Төсбелгі диаметрі 30 мм дұрыс шеңбер нысанындағы жезден дайындалып, оның беткі жағында кітап пен қауырсын бейнеленген. Ал жоғарғы бөлігінде төсбелгі шеңбері бойымен «Қазақстанның халық жазушысы» деген жазу орналасқан.