• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Көрме 03 Желтоқсан, 2023

Табиғатты таспалаған

131 рет
көрсетілді

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде фотосуретші, саяхатшы Таймас Нұртаевтың «Жер шары: бұл әлем қандай ғажап!» атты жеке фотокөрмесі ашылды.

Мәдениет ошағы қала тұрғындары мен қонақтарын әлемнің әсемдігін паш ететін әсерлі фотосуреттермен таныстырды. Таймас Нұртаев жер шарының түкпір-түкпірін аралап, ұмытылмас саяхаттардың жарқын естеліктерін тарихқа таспалаған. Суретшінің галерея­сында Сахара шөлі, әлемдегі ең ерекше аралдардың бірі – Гренландия, тарихы терең Италия, Исландияның «мұз елі» айрықша көрініс тапқан.

Фотогер Қытайға сапары барысында түсірген Цзючжайгоу ұлттық саябағының, Хуанлунг көгілдір көлдерінің көркем пейзаждарының ортасында ағып жатқан жасыл-сары Ли өзені, Аватар тауларының фотосуреттері көрерменді бірден баурайды.

Ол 2017 жылы Шпицберген аралынан Солтүстік ендіктерге сапары нәтижесінде, осы аралдың таңғажайып және ерекше табиғаты мен жануарлар әлемін суретке түсірген. Оның объективіне ілінген ақ аюлар, итбалықтар, морждар мен киттер жануар­лар әлеміне қызығушылардың назарын аударды. Фотосуреттердегі Аргентина мен Бразилияның көркем табиғаты, Гаучо шабандоздары, Торес-дель-Пайн ұлттық паркі, Грей көлі және Пайн массиві тартымдылығымен баурайды.

Көрменің ерекше бөлігін еліміздің көркем табиғатын бедерлеген «Қазақстан табиғатының маржандары» атты фотожұмыстар құрайды. Онда автор, туған өлкесі мен Іле Алатауының әсем жер­­лерін, Алматы мен Алматы облысы аумағын, Көлсай, Хантәңірі, Шарын көлі мен Шарын шат­қалы, «Алтынемел» ұлттық қорығы, «Баянауыл» ұлттық саябағы, Жасыбай, Марқакөл, Бурабай, Зайсан, Қайыңды, Үлкен Алматы өзені, Бұқтырма суқоймасы, Каспий теңізі, Айғайқұм, Маң­ғышлақ, Үстірт шатқалы, Үш­қоңыр жайлауы, Ақкергешін, Ақ­толағай қырқасы т.б. түсірген фотожұмыстарын ұсынған.

Таймас Нұртаев Бішкек қаласында дүниеге келген, 60-жылдардың аяғынан бастап Алматы қаласының тұрғыны. Негізгі мамандығы құрылысшы болғанымен, фотоөнерге деген сүйіспеншілік оның екінші мамандығына айналған.

 

АЛМАТЫ