Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты жаңа кітабы жарық көрді. Мемуар авторы өмір жолымен қатар, отыз жыл ішінде болған маңызды саяси оқиғалар, экономикалық реформалар, күрделі халықаралық келіссөздер, қабылданған стратегиялық шешімдер туралы әңгімелейді. Тәуелсіздіктің елең-алаң кезіндегі бастамаларға тоқтала келе, қаңтар оқиғасына қатысты ой-пайымдауларын да білдірген.
Кітап «Мемуар мұраты», «Ұшқан ұя», «Жол басы», «Теміртау тағылымы», «Билік баспалдақтары», «Қилы кезең», «Желтоқсан», «Қайта құру: қызығы мен шыжығы», «Полигон», «Елең-алаң», «Таңсәрі», «Теңге – тірек», «Жекешелендіру: жалпыдан – жалқыға», «Парламент: тарату ма, тарау ма?», «Елдік емтиханы», «Астана», «Соқпақсыз сыртқы саясат», «Шегенделген шекара», «Бітімгерлік белестері», «Өмір өрімдері», «Саясат сынағы», «Ертеңі еңселі ел» атты тараулардан, ал тараулар бірнеше бөлімнен тұрады. Тараулардың тақырыптары айтып тұрғандай, көзіқарақты оқырман тек қайраткердің өзіндік өмір жолын ғана емес, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қалыптасуы мен дамуын ойша барлап, жауапты да күрделі кезеңнің деректеріне көз жеткізеді.
Автор өз ғұмырының өзегін жинақ желісі етіп ала отырып, қарапайым ауылдан өсіп жетілгенін, мартен мен домна пештерінің жанында металлург, еңбеккер ретінде шыңдалғанын, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, қоғамдық, басқарушылық қызметтерге еркін тартылғанын, сол жол Үкімет басшылығынан егемен елдің алғашқы Президенті дәрежесіне дейін алып келгенін, ғасырлар тоғысында ел мен жер тағдыры таразыға түскен алмағайып кезеңде, талай-талай сын сағаттарында қайраткер, саясаткер ретінде өзіне жүктелген аса зор жауапкершілікті қал-қадірінше атқарғанын баяндайды.
Айта кетелік, бұрынырақта да Н.Назарбаев жайында бірнеше өмірбаяндық кітап пен тарихи зерттеу жазылған. Журналист Бейбіт Сапаралының «Тұңғыш Президенттің балалық шағы» кітабынан бастап, әр жылдары саясаткердің өмірі мен қызметінің әр кезеңіне арналған біршама деректі кітап, жинақ жарық көргені белгілі. Шетелдік еңбектердің арасынан британдық жазушы Дж.Айткеннің, ресейлік қаламгерлер Н.Зенькович, Р.Медведев, Л.Млечин, С.Плеханов, О.Видованың кітаптарын атауға болады.
Қанша дегенмен мемуарлық кітаптың жөні бөлек. Сол тұрғыда автордың өзі де атап өткендей, бұл кітапты өмірбаян деп те, тарихи зерттеу деп қарауға болмайды. Кітапта саясаткер өмірінің бел-белестерін сөз етеді, қос ғасыр иінінде өзі көрген немесе тағдырына әсер еткен оқиғалар жөнінде жазады. Өткен өмір жолын жадында жаңғырып, жылдар бойы жинаған тәжірибесіне, көрген-білгеніне, басынан кешкен талқы тағдырына талдау жасай отырып, бұрнағы және қазіргі қым-қуыт құбылыстарды ой елегінен өткізуге тырысады. Сондықтан да кітапта негізгі назарды өзіне аударып кететін тұстар да кездеседі. Алайда кітапты оқыған адам үшін ең бастысы – осы туынды арқылы елдің бүгінге дейін жүріп өткен жолын, болашағын автордың танымы арқылы таразылайды.
Қандай да құбылыстың бағасын уақыт пен тарих береді. Ал тарих – ең алдымен, сол елдің адамдарының тағдыры. Адамдардың тарихынан ел тағдыры, яғни мемлекет тағдыры құралады. Мемлекет тарихына сол елдің басқару билігі қолында болған адамның басқалардан көбірек ықпал ете алатыны өз-өзінен түсінікті болса керек. Сол тұрғыда кітапты парақтағанда саяси тұлғаның көзқарасы арқылы елдің тарихын байыптағандай боласыз. Ғұмырбаяндық кітап ғасырлар тоғысындағы кезеңнің бар сынағын, ауыртпалығын, шиеленіскен, сапырылысқан саясат сахнасында бетпе-бет келіп, еңсере білген қилы қиындықтарын ашық, артық бояусыз жеткізе білгендігімен де құнды және бұл еңбекті бостан дәуірдің деректі жазбасы деуге негіз бар.
Әдетте мемуар жанрында жазылған еңбектердегі мәліметтердің шынайылығы мен нақтылығы автор жадының мықтылығына, парасат-пайымының жүйелілігіне байланысты. Осы тұрғыдан кітап өмірбаяндық жазба болғанымен, туынды автордың жеке өмірімен тұйықталып қалмаған. Сол орайда қоғамдағы ірі оқиғалар мен белгілі өзгерістердің басы-қасында болған қайраткер тұлға естеліктерінің тарихи мәні аса зор.
Саяси қайраткерлердің, әсіресе мемлекет басшыларының қай-қайсысының болсын мемуарлық еңбегін оқысаңыз, автордың әлемдік саңлақ саясаткерлермен арада болған қарым-қатынасы, олар туралы ой-толғамы қызықтырады. Айталық, Н.Назарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жөнінде: «Қандай орында да оның бөлекше білімділігі, ішкі мәдениеті, ұйымдастырушылық қабілеті, бойына о бастан біткен ұстамдылығы, кеңестік дипломатияның биік мәртебесінен өткен кәсібилігі көрініп тұратын. Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын қалыптастыруда, әсіресе айналамыздағы елдердің бәрімен шекараны делимитациялап алуымызда оның білімі көмекке келді», деп жазады.
Кез келген халық өзінің ұлттық тарихын жасауда жазба деректермен бірге, тарихи тұлғалардың естеліктерін, күнделіктерін, жолжазбаларын пайдалануы – ежелден бар үрдіс. Тарихи деректермен мемуарлық шығармалар арасындағы байланыс пен бірлікті, шынайылық пен алшақтықты салыстырыла талдаудан өткізу арқылы жасалған тарихтың шынайылығы қашанда жоғары болады. Осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіздікті баянды ету жолындағы түрлі тартысты, тағдыршешті оқиғаларды, бірін-бірі қайталамайтын қабырғалы тұлғалар болмысын, жүздеген іс-шараны, мыңдаған адам тағдырын қамтыған Н.Назарбаевтың бұл кітабы мемлекет және қоғам қайраткерінің пайымы, көзқарасы, толғамы ретінде саясаттану сөресінен өз орнын алады деп сенеміз.