Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыс» өткен аптада тұрақты біріншілікте көш бастап тұрған Магнитогрскінің «Металлургін» 5:2 есебімен ұтқанда кәдімгідей қуанған едік.
Арада үш күн өткеннен соң жерлестеріміз Череповецке сапар шегіп, жергілікті «Северстальмен» шеберлік байқасты. Бұл кездесуде де «Барыс» жақсы ойын өрнегін көрсетті. 8-минутта Энтони Камара есеп ашса, үзіліске дейін Илья Иванцов таразы басын теңестірді. Екінші кезеңде де қос клуб бір-бірінің қақпасын бір-бір реттен дәл көздеді. Астаналық команданың сапында мергендік танытқан – Михаил Рахманов. Одан кейін таблодағы сандар өзгерген жоқ. Овертаймда Евгений Рымарев жеңіс голын салды – 2:3.
Сөйтіп, осыған дейін жеңілістен бас көтермей жүрген «Барыс» қатарынан екі ойында жеңіске жетті. Сол арқылы көш соңындағы Владивостоктың «Адмиралынан» үш ұпай озып, жарыс кестесінде 22-орынға тұрақтады.