10-16 желтоқсан аралығында Мажарстанның астанасы Будапештте шайбалы хоккейден IA дивизионындағы жастар арасындағы әлем біріншілігінің жалауы желбірейді.
Дүбірлі додаға даярлықты жерлестеріміз 28 қарашада Астанадағы «Барыс Аренада» бастады. 3 желтоқсанда қарт құрлыққа аттанып, оқу-жаттығу жиынын Будапештте жалғастырады. Сол аралықта Мажарстан және Франция хоккейшілерімен жолдастық кездесу өткізуді де жоспарлап отыр. Ал әлем біріншілігінде ел құрамасы жарыс қожайындарынан бөлек, Дания, Жапония, Франция және Аустрия құрамаларымен күш сынасады. Солардың арасынан үздік шыққан бір команда ғана келесі жылы элиталық дивизионда өнер көрсету құқығына ие болады.
Аталған жарыста еліміздің жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Сергей Старыгин мына хоккейшілерге сенім артып отыр: Қақпашылар – Владимир Никитин, Владимир Истомин, Артем Шестаков. Қорғаушылар – Артем Авдеенко, Роман Большедворский, Бейбарыс Оразов, Глеб Решетько, Мстислав Шипилин, Дмитрий Бреус, Кирилл Хан, Диар Манаш, Даниал Шақшақбаев. Шабуылшылар – Әділ Бейсембаев, Артур Гросс, Роман Ермак, Кирилл Ляпунов, Александр Мигунов, Асанәлі Русланұлы, Семен Симонов, Никита Ситников, Егор Смольянинов, Александр Ким, Давлат Нұркенов, Всеволод Логвин және Руслан Оспанов.
Мажарстанда өнер көрсететін ойыншыларының денін Жастардың хоккей лигасында (ЖХЛ) күш сынасатын Астананың «Снежные барсы» клубының өрендері құрады. Елордалық «Барыс» пен «Номад» және Өскеменнің «Торпедосының» сайыпқырандарына да сенім артылды. Сондай-ақ біздің командада Канада, Ресей және Финляндияның жастар лигасында ойнап жүрген жігіттер де бар.