Зағип жандардың көзі көрмесе де, көкірегі ояу екеніне шүбә жоқ. Олар да айналаны танығысы, танымын арттырғысы келеді. Жамбыл облысында көзі көрмейтін немесе нашар көретін 5 173 тұрғын бар. Оның 1 612-сі облыс орталығында ғұмыр кешіп жатса, қалғаны аудандарда қоныстанған.
Өңірде зағип жандарды қоғам өмірінен қалтарыс қалдырмау мақсатында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар кітапханасының ұйытқы болуымен алғаш рет Жамбыл облысында «Тифломузей» жобасы қолға алынды. Жоба аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінен «Қолмен ұстап, жүрекпен сезін» тақырыбында арнайы бұрыш ашылды.
«Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеген соң, олардың психологиялық жағдайына, өмірге бейімделуіне, қоғамнан алыстамауына мән береміз. Бұл бағыт бойынша кітапханада атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Зағип адам өз қиялындағы сюжеттермен өмір сүреді. Сондықтан қазіргі таңда кітапхана мамандары инклюзивті білім беру және қолжетімді орта қалыптастыру, әлеуметтік ақпаратқа қол жеткізу жұмыстары және жаңа технологияны меңгеру тәрізді түрлі жобаларға басымдық беріп отыр», дейді облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары Зарина Дүкенбаева.
З.Дүкенбаеваның айтуынша, жоба аясында ашылған бұрышқа көне Тараздың ықылым заманнан бергі тарихынан сыр шертетін ондаған жәдігер қойылған. Экспозицияға орналастырылған әр жәдігерге Брайль қарпімен атауы жазылып, QR-код арқылы аудиожазба бастырылыпты. Нәтижесінде, зағип жандар өздерінің жеке смартфонымен музейді аралап, гидтің көмегінсіз ақпарат алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Кітапхана қызметкерлері мен облыстық тарихи өлкетану музейінің бірлесіп қолға алған жобасы олардың көкейіне қонады.
«Бұл жоба қазіргі кезде аудан орталықтарындағы музейлерде де жалғасын тауып отыр. Шу, Меркі, Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандық тарихи-өлкетану музейлерінде тарихи, археологиялық коллекциялар, нумизматика, тарихи-тұрмыстық заттар, қолжазбалар мен баспа құжаттары, бейнелеу және сәндік өнер туындылары және өзге құндылықтар зағип жандардың назарына ұсынылса, Қордай аудандық әдеби-мемориалдық музейі қордайлық оқырмандар үшін Кенен Әзірбаевтың өмірі мен өнеріне арналған арнайы бұрыш ашты», дейді З.Дүкенбаева.
Еліміз бойынша алғаш рет Жамбыл облысында қолға алынған жоба мүмкіндігі шектеулі азаматтар тарапынан зор қызығушылық туғызып отырғаны анық. Соған қарағанда «Тифломузей» жобасы алдағы уақытта да жалғасатын көрінеді.
Жамбыл облысы