Елімізде Димаш Құдайберген атындағы жаңа туристік бағыт ашылады. Осы арқылы Қазақстанға әлем саяхатшыларын тарту көзделіп отыр. Бұл туралы Бейжіңде өтіп жатқан Ақтөбе облысының туристік әлеуетін таныстыру іс-шарасы кезінде белгілі болды. Бастама әсіресе қытайлықтардың ерекше қызығушылығын тудырды, деп жазады Egemen.kz 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Димаш Құдайбергеннің өнері мен танымалдығы Қазақстанға миллиондаған турист тартуға бағытталады. Ақтөбеліктер өнерпаздың туған жеріне түрлі саяхаттар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Жаңа туристік бағыт «Dimash Tour» деп аталады. Саяхат барысында шетелдік қонақтарға Димаштың туған өлкесі, оқыған мектебі, отырған партасы, балалық шағы өткен жерді көрсетіледі. Сонымен қатар әншінің өнерін шыңдаған алғашқы ұстаздарымен кездесулер өткізіледі.
Ұйымдастырушылар бұл саяхатшыларды қызықтыратынына сенімді. Қытай туристік индустриясының тәжірибелі мамандары осы бағытта бірлесіп жұмыс істеп, келешекте дамытуға ниет білдіріп отыр. Олар бұл бастаманың перспективасы жоғары деп санайды. Қытай елінде алдағы бірнеше күн бойы Ақтөбе облысының туристік әлеуеті таныстырылады. Жобаның бастамасы ретінде Бейжіңде Димаш Құдайбергеннің вокал бойынша алғашқы ұстазы Марат Әйтімовпен кездесу өткізіліп, өнерпаздың шығармашылығы көрсетілді.
Бұдан бөлек, ұлттық тағамдар, ұлттық музыка мен мәдени көріністер қойылып жатыр. Қолөнершілер шеберлік сабақтарын өткізіп, бірегей кәдесый мен бұйымдарын көпшіліктің назарына ұсынды. Сонымен қатар пантотерапия бойынша емдік шаралары таныстырылды.
«Осы мүмкіндікті біз максималды түрде пайдалана білуіміз керек. Ол үшін көп жұмыс істелуі керек. Оны бәріміз жақсы түсінеміз. Ақтөбе өңіріндегі жалпы әртүрлі шаруамен, бизнеспен айналысатын соның өкілдері келіп отыр. Қытай елі осы бағытты дамытуға шын көңілмен кіріссе, олардың қолынан көп нәрсе келеді. Біз оны білеміз. Осы бағытта келіп отырмыз», дейді Димаштың ұстазы Марат Әйтімов.
Іс-шара «Road Show-visit Aktobe 2023» деген атаумен өтіп жатыр. Оған Қытай Халық Республикасы туристік индустриясының өкілдері, қауымдастықтар, туристік агенттіктер қатысып жатыр.
«Біздің жалпы 19 локациямыз бар. Ол экологиялық туризм. Біздің ең танымал жеріміз - Байғанин ауданындағы екі жер. Келесі жылы туристермен жұмыс істейміз деген мақсатымыз бар. Былтыр Ақтөбе облысына 5-6 мың шетелдік азамат келді. Келушілер санын 8-9 мыңға дейін жеткізу жоспарымызда бар. Шетелдік туристерді тарту керек», дейді «Vizit Aktobe» орталығының директоры Ерсайын Сүйінов.
Басты мақсат облыстың туристік орындарын дамыту. Өңірде өнеркәсіптік, экологиялық, медициналық және мәдени-танымдық бағыттарға басымдық беріліп отыр. Әсіресе табиғаты тұмса өлкелерге тур бағыттар ұйымдастырылады. Оның ішінде Ақтолағай және Ақбота-Сәңкібай борлы таулары, Аққұм құмды алқабы, Барқын құмдар, «Қасқыр» сарқырамасы, Аққайың орманы бар. Айта кету керек, 2024 жыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы. Бүгінгі шара тікелей осыған бағытталған. Ақтөбе өңірінің туристік әлеуетін таныстыру шаралары 9 желтоқсан Шанхай қаласында да ұйымдастырылады. Ал 11 желтоқсан Кореяда өтеді.