• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Желтоқсан, 2023

Түркі дүниесіндегі заңғар жазушы

212 рет
көрсетілді

Алматыда республикалық Достық үйі, «Мурас» қырғыз этно­мәдени бірлестігі, Қазақстан Жазушылар одағы заңғар жазушы, қоғам қайраткері Шыңғыс Айтматовтың туғанына 95 жыл толуына­ орай «Әуезов және Айтматов: қырғыз-қазақ руханиятының алтын діңгектері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Алқалы жиын Қазақстан Жазушылар одағы басқарма­сы­ның­ төрағасы Мереке Құлке­нов­тің құт­тықтауымен басталды. Одақ басқармасының хатшысы Қансейіт Әбдезұлы «Түркі әлемі және Әуезовтің ғылыми мектебі» атты баян­дама жасап, біртуар тұл­­­ға­­лар­дың түркі руханиятына қос­­қан өлшеусіз еңбегіне кеңінен тоқталды.

«Былтыр ЮНЕСКО аясында ХХ ғасырдың ұлы қаламгері, әлем мойындаған заңғар жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы аталып өтті. Ал бүгін, міне, «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Төреқұлұлының 95 жылдығын атап өтіп отырмыз. Түркі әлемінде тарих сахнасына шыққан бірнеше тұлға бар десек, олардың қатарында Шығыс ғұламасы, «Мәснәуи» кітабының авторы Жалаладдин Руми, түрік елінің әйгілі ақыны, ұлы ойшыл Юнус Эмре, түріктің ұлы ақыны Нихал Атсыз, драмалық туындысын қазақ тіліне Зейнолла Қабдолов аударған түрік ақыны Назым Хикмет, қазақтың біртуар перзенті Мұхтар Әуезов, қырғыз мұра­сын әлемге танытқан Шың­ғыс Айтматовтың есімі ата­лады. Шың­ғыс Айтматов Әуезовті ұстаз тұтты. Өзін әлемге танытқан, әде­биет­тегі жолын ашқан Әуезов еке­нін жанына үнемі жалау етіп жүрді. Осы ретте ол: «Мен шетел­ге шыққанда екі-ақ мандатымды алып шығамын. Бірі – «Манас», екіншісі – Әуезов», дейтін. Манастану ғылымын зерт­теуді 1928 жылы бастаған М.Әуезов «Манас» эпосын қазақ­тың эпостық жырларымен салыстыра келіп, «Манас» таза халық мұрасы, халықтың тағдыры екенін дәлелдегені белгілі. Халық мұрасын әрі қарай тереңдете зерттеген академик Зейнолла Қабдолов та Ш.Айтматовпен дос болды. Бүгінде Мұхаң салған сара жолмен «Манастану» ғылыми курсы жалғасын тауып, Әл-Фара­би­ атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінде Әуезов негізін қала­ған манастану, түркітану, шығыс­тану, абайтану, алаштану мектеп­те­рі үздіксіз оқытылып келеді», деді Қансейіт Әбдезұлы.

«Шыңғыс Айтматов – қазақ пен қырғызға ортақ, есімі түркі дүние­сіне кеңінен танылған тұлға» екенін атап өткен Қыр­­ғыз­ Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы­ Назарали Арипов ұйым­дас­­ты­ру­шыларға зор алғы­сын білдірсе, белгілі қоғам қайраткері Асылы Осман «Айтма­тов­ пен Әуезов достығын әрі қарай ұрпағы жалғастырады» деген ізгі тілегін жеткізді.

Ш.Айтматовпен шығарма­шы­лық қана емес, рухани дос­ты­ғын түркі әлеміне паш еткен ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов естелік айтып, ұлы тұлғамен тағдырлас, сырлас болған сағынышты жылдарын «Қырғыздар мен қазақтар» өлеңі арқылы жеткізді.

Жиын барысында Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ профессоры, фило­логия ғылымдарының док­то­ры Дандай Ысқақұлының Шың­­ғыс Айтматовтың 95 жыл­дық мерейтойына арнаған «Адам­зат­тың Айтма­товы» кіта­бы­ның тұсау­­ке­се­рі өтті.

«Бауырлас екі халықтың пер­зент­тері салған ізгі достық әрі қарай олардың шығармалары арқылы насихаттала береді», деді жиынды жүргізген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті шет тілдері кафе­­дра­­­сы­ның аға оқытушысы Гүлипа Ғайыпова.

Бүгінде этностар достығын нығайтуға ба­ғыт­­талған іс-шара­­­лар­дың ұйыт­­қысы болып отыр­ған рес­пуб­ликалық Достық үйі­нің бас­қар­­ма­­ жетекшісі Нұр­сәуле Әбді­қадырқызы елі­мізде тұрып жатқан ұлт өкіл­де­рінің мем­ле­кеттік тілді меңгеру, салт-дәстүрді насихаттау бағы­тын­­дағы ілкімді жобаларына тоқ­талды. Осы орайда арнайы дайын­далған бағдарламаға сәйкес жиын қатысушылары Ғабит Мүсіре­пов атындағы Қазақ мем­ле­кет­тік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Рахат Жұмаханов «Ақ кеме» повесінің желісі бойынша сах­на­ланған спектаклінен монолог тың­дап, Қазақстан Жазушылар кітапханасымен бірлесіп әзір­­л­е­­ген кітап көрмесін тама­шалады.

 

АЛМАТЫ