«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Қоғамдық кеңесі инвестициялық жобалардың мониторингін талқылады. Жиында инвестициялық жобаларға мониторинг жүргізу тәртібі туралы сөз болып, Қордың мониторингке қатысты тәсілдері қаралды. Бүгінде Қордың тұрақты мониторингіне жататын ірі инвестициялық жобалар портфелінде мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика, көлік-логистика және басқа да салалардағы 42 жоба бар. Олардың жалпы құны шамамен 24 трлн теңгеге бағаланып отыр.
«Самұрық-Қазына» АҚ стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ернат Бердіғұлов Қоғамдық кеңес мүшелеріне Қордың ірі инвестициялық жобаларына мониторинг жүргізудің негізгі құралдары және осы бағытта соңғы уақытта енгізілген жаңалықтар туралы айтып берді. Оның айтуынша, Қор жүргізетін мониторинг ықтимал тәуекелдерді жедел анықтауға және түзету шараларын жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
«Құрылыс алаңындағы жұмыстың көлемі, жобалық кестенің орындалуы, игеру сомасы, апталық жұмыс жоспарының орындалу дәрежесі және басқа да мәселелер тұрақты негізде талданып отырады. Қордың Директорлар кеңесінің тапсырмасына сәйкес инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға Қордың 50 пайыз салмағы бар корпоративтік пайдалы әсер коэффициенті (ПӘК) және портфельдік компаниялардың 30-40 пайыз салмағы бар корпоративтік ПӘК енгізілген. Сәйкесінше бұл портфельдік компаниялардың жобаларды тиімді басқаруына зор ықпал етті», деді Ернат Бердіғұлов.
Баяндамада жұмыстардың көлемі мен мерзімін объективті бағалауды, жобада көзделген іс-шаралардың хронологиясын ескере отырып, барлық жоба бойынша егжей-тегжейлі кестелерді бекіту мәселелері де айтылды. Осы іс-шаралардың барлығы Қорға жобаның ықтимал тәуекелдеріне жедел ден қоюға және түзету шараларын жылдам қабылдауға мүмкіндік береді.
Баяндама соңында Қор тарапынан инвестициялық жобаларға мониторинг жүргізу тетіктерін жетілдіру жұмыстары одан әрі жалғасатыны мәлімделді. Атап айтқанда, ортамерзімді келешекте жобаларға автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу жоспарланған. «Бұл жұмыс мүлдем атқарылмаған деп айту қиын, өйткені қатарлас портфельдік компанияларда танымал жүйелер істеп келеді. Алайда Қорда мақсаттарымызға сай автоматтандырылған, барлық тарапқа ыңғайлы жүйені енгізу жоспары бар», деді Ернат Бердіғұлов.
Қазіргі уақытта Қор мониторинг жасайтын 42 жобаның үшеуі жүзеге асыру сатысында.
«Бұл жобалардың мониторингі, іске асыру мерзімі мен тиімділігі мәселелеріне үлкен көңіл бөлініп, талқыланды. Ал Қоғамдық кеңестің бір отырысында басым инвестициялық жобалардың мониторингі қалай ұйымдастырылатыны, мониторинг пен бақылаудың тиімділігін арттыру үшін қандай өзгерістер енгізілетіні туралы арнайы мәселе көтерілді», деді «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Болат Жәмішев.
Ірі жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылап отыру үшін Қор құрылымында жобалық кеңсе ашылды. Ол әр апта сайын тиісті бақылау жүргізіп, есептік ақпаратты Қордың директорлар кеңесінің қарауына отырыс сайын ұсынатын болады. Тұрақты негізде талданып отыратын параметрлер қатарында – құрылыс алаңында атқарылған жұмыстың көлемі, жоба бойынша жұмыстың орындалу кестесі, игерілген сома, апталық жұмыс жоспарының атқарылу деңгейі бар.
«Барлық жоба белгілі бір кезеңдерге бөлінген. Әр кезеңге сәйкес аталған жоба бойынша нақты талдау жүргізіледі. Сонымен қатар біз Қор деңгейінде сапаны қамтамасыз ету тұрғысынан да, жұмыстың нақты көлемін орындау тұрғысынан да инвестициялық жобалар тобының мониторингін жолға қойдық. Бұл қай тұста ауытқулар болуы мүмкін екенін және жобаны кестеге қайтару үшін қандай шараларды қолдануға болатынын түсіну үшін керек», дейді Ернат Бердіғұлов.
Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның жобаларды қаржыландыруға жұмсаған шығыны 24 трлн теңгеге жуық және қаржыландырудың әртүрлі нысаны қолданылады: қарыз алу, серіктес табу, меншікті капитал құю және басқалар.
«Самұрық-Қазына» қолға алған жобалардың 15-і – энергетика, 7-і – көлік және коммуникация, 10-ы – газ инфрақұрылымы және газ өңдеу, 1-і – мұнай химия, 5-і – тау-кен және химия секторларында. Бұлардан бөлек, тағы 4 ұқсас жоба бар.