• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Пікір 11 Желтоқсан, 2023

Соқпақбаевтың Сұлтаны

4687 рет
көрсетілді

Адам есейген сайын бұрын оқыған, көрген, тыңдаған дүниелеріне басқа көзбен қарап, бұрын байқамаған қыр­ларын аңғара бастайтын сияқты.

Бала кезімізде басқалар сияқты мен де Бердібек Соқпақбаевтың Қожасына тәнті болдым. Оқуда озат, спортқа бейім, мейірімді, намысшыл... Әттең, Жанар айт­қан­дай, «Оның тұзы жеңіл. Әйтпесе, сонша бұзақы емес. Қаншама тырысып тыныш жүрейін десе де, кейде байқамай қалады». Соқпақбаевтың атақты кейіпкерінің сол қасиеттерін өз бойымыздан сезуші едік. Соған әлі күнге тәнтіміз.

Бертініректе «Қожа – қазақтың жиынтық образы, осы жердің, елдің қо­жайыны, жазушы соны меңзеген» деген пайымдар пайда болды. Рас шығар, кө­ңілге қонымды, қисыны келіп тұр. Бірақ «Біз қожамыз бұл елге» деп іштей мар­қайғаныңмен, қазақтың қазіргі кейпі мен кейбір қылығына қарап, қорашсынып қаласың.

Сөз басында айтқанымыздай, ма­ған кейінгі уақытта сорайған Сұлтан жылы­ұшырап жүр. Әрекетінде берекет аздау болғанымен, бір керемет тартымдылық бар сияқты. Басында қазақы қалпақ, аяғында «генеральский» етік, астында ат...

Сөзі ше? Сөзі мірдің оғындай ғой. Қал­жыңды да қатырады, ұйқасты да өлтіреді. «Жасай берсін Жұмағұл», «Сұлтанмен жүрсең өлмейсің», «Жалғанды жалпағы­нан басқан баукеспе болам!» репликалары әр қазақтың аузында жүр емес пе?

Әлем әдебиетінің классигі Марк Твен­нің Гекльбери Финн деген кейіпкері бар емес пе? Біздің Сұлтан сол Гек сияқты: кір-қожалақ, ашқұрсақ, бірақ еркін, қашанда көңілді. Мектепке жоламайды, тартқаны темекі. Үйінен қашып, ол да саяхаттауға асығады. Ол да Гек сияқты өз елінің еркін перзенті.

Твен кейін өзінің автобиографиясында Гектің прототипі өмірден алынғанын айтады. «Ол мен көрген адамдардың ішіндегі ­ең қайырымды ең азат, ең бақытты адам болды. Бәріміз қызыға қарайтынбыз», деп еске алады. Соқпақбаевтың шығармашылы­ғы­на Твеннің кейіпкерлері ықпал етуі әб­ден мүмкін ғой.

Биыл Абдолла Қарсақбаевтың осы ­аттас киношедеврінің жарыққа шыққа­нына алпыс жыл толды. Түпнұсқа шы­ғарманың авторы классик жазушы болса, ол гений кинорежиссердің қолына түс­се, ғасыр саңлағы Нұрғиса Тілендиев музы­камен әрлесе, әндер сөзінің авторы Тұмағаң – Тұманбай Молдағалиев пен Мұқағали Мақатаев болса, рөлдерді Кенен­бай Қожабеков, Бикен Римова, Раиса Мұхамедиярова, Мәкіл Құланбаев сынды корифейлер сомдаса, шедевр болмай қайтеді?

«Менің атым Қожа» алпыс жылдың ішін­де талай ұрпақтың сүйікті фильмі­не айналды, тәрбиесіне ықпал етті. Сөз жоқ, ол – отандық кино өнерінің «Алтын қорына» енген сүбелі дүние. Бірақ осы киношедеврдің даңқына сай ескерткіш жоқ.

Былтыр «Балалар жылына» орай ­ел­ор­­­дада Қожаға ескерткіш қойылған-­ды. Биіктігі бір жарым метрден сәл-ақ аса­ды, Қожа жалғыз өзі айнаның алдында отыр. Фильмде қызық эпизод болғаны­мен, ескерткіш ретін­де дұрыс таңдалма­ған. Оның үстіне астын­дағы тастұғы­ры ­биік­теу, жанына адамдар жақындай ­алмайды. «Қол жетпейтін» Қожа, қысқасы.

Республика сарайының артындағы «Шәм­ші Қалдаяқовқа», елордадағы «Қа­ламгер­лер аллеясындағы» үш арыстың мү­сініне барып суретке түсетіндер, оны әлеуметтік желіге салатындар аз емес. Ал елордадағы «Қожаға» барып суретке түсе­тіндер некен-саяқ екенін байқаймыз.

Фильмде ғой Қожаның қасында үнемі Сұлтан жүреді, ең қызықты эпизодтар екеуінің қатар қатысуымен өрбиді. Олай болса екеуін бөле жармай, бір ескерткіш қойса қайтер еді?

Айтпақшы, Нұрғиса Тіледиев пен Бер­ді­бек Соқпақбаевтың туған жылдары да қатар. Келер жылы жазушының 100 жылдығы, арғы жылы композитордың 100 жылдығы ЮНЕСКО деңгейіне атап өтілмек. Бір тамаша, жүрекке жылу, кө­ңілге сағыныш сыйлайтын ескерткішке сұра­нып тұрған дата деген ойдамыз.