• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қаржы 12 Желтоқсан, 2023

Биыл республикалық бюджетке 12,6 трлн теңге табыс түсті

114 рет
көрсетілді

Бүгін Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 11 айдағы бюджеттің кіріс-шығыс есебімен бөлісті. Министр жыл бойы қаржыны игере алмаған министрліктер мен табыс аз түскен салаларды жіктеп көрсетті, деп жазады Egemen.kz.

Елдің бас қаржыгері мемлекетке түскен табыс 12,6 трлн теңгені құрап,  бастапқы жоспар 94,4%-ке орындалды деп баяндады.

Жылдық жоспардың жеткілікті шегіне жетпеуіне мына салалардағы салықтың уақытылы төленбеуі себеп болыпты.

«Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығы, импортқа салынатын қосылған құн салығы, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық және шикі мұнайға экспорттық кеден бажы есебінен қалыптасты. Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 272 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 24%-ке азаюымен байланысты. Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 12%-ке төмендеуі әсер етті. Ал, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 8%-ке төмендеуімен байланысты болды», деді министр. 

Қаржы министрінің мәліметінше,  импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауына тауарлардың жекелеген топтары бойынша импорт көлемінің төмендеуі мен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемінің 9%-ға азаюы кері көрсеткіш ретінде тіркеліп отыр.

Ал жергілікті бюджеттер салықтық жоспарды асыра орындаған. 

«Жергілікті бюджеттердің кірістері 109,2%-ке атқарылды және 5,7 трлн теңгені құрады. Жоспар 478 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 425 млрд теңгеге асыра орындалды. Алматы облысынан басқа барлық өңірде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалды», деп есеп берді Ерұлан Жамаубаев.