• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Үкімет 13 Желтоқсан, 2023

Жылуға қатысты шұғыл іс-шаралар

143 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс ЖЭО мен жылу желілеріндегі штаттан тыс жағдайлардың салдарын жою және олардың орын алу мәселелері қаралды. Отырыста биылғы қаңтар-қараша айларында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы және су көлігін дамыту мәселелері талқыланды.

Жауапты салаға нақты тапсырма

Энергетика министрі Алмасадам Сәт­қалиевтің мәлімдеуінше, Қазақ­станда ауа райының сууына байланысты энергия көздері мен жылу желілерінде бірқатар технологиялық ақау орын алды. Атап айтқанда, Риддер ЖЭО-сы, Теміртау 1-МАЭС-і және Екібастұз ЖЭО-сы жұмысында ақаулар болды. Аталған нысандар бойынша температуралық режім толығымен қалпына келтірілді. Сонымен қатар Степногор, Балқаш, Ақтау және Көк­ше­тау қалаларындағы жылу желі­лерін­дегі технологиялық ақаулар да жедел жөн­делді. Қазіргі уақытта барлық тұтынушы жылуға қосылған.

Жылу беру маусымына жүйелі дайындық аясында республиканың электр стансаларында 8 энергетикалық блок, 40 қазандық және 42 турбинаға күр­делі жөндеу жүргізілді. 2 энерге­тикалық блок, 9 қазандық және 11 турбина бойынша жұмыстар – соңғы кезеңде. Оған қоса 25,3 мың шақырым электр беру желілері, 564 қосалқы станса және 3,5 мың тарату пункті күрделі жөндеуден өтті. Өңір әкімдері Көкшетау мен Степногор қалаларында жылу беру маусымының қалай өтіп жатқаны, Екібастұз және Риддер ЖЭО-ларындағы ахуал, Балқаш пен Теміртаудағы жылу беру нысандарын жөндеу, сондай-ақ Ақтауды жылумен жабдықтау және Атырауды сумен жабдықтау туралы ақпарат берді.

Премьер-министр республикада күннің күрт суытып кетуіне байланысты коммуналдық жүйелерге түсетін жүктеме де арта түскенін айтты. Мұндай кезде жылу және энергия нысандарында штаттан тыс жағдайлар орын алатыны мәлім. «Технологиялық ақауларға байланысты инциденттер болып жатыр. Бұзылған телімдерді нормативтік мерзімде қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылданды», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, апаттар болған жағдайда барынша шұғыл әрекет етіп, тиісті шаралар қабылдау керек. «Ха­лыққа нақты жағдай туралы, жөндеу жұ­мыстары мен жоспарлы жұмыстар тура­лы дер кезінде объективті әрі түсі­нікті ақпарат беру – маңызды мәселе. Әйтпесе өтірік ақпарат пен фейк тарап кетеді», деген Үкімет басшысы өңір әкімдіктеріне жылу объектілерінің ие­лері­мен бірге тұрақты жұмыс іс­тей­тін жөндеу бригадаларының болуын, шұ­ғыл жөндеу жұмыстары қажет бол­ған жағдайда қосалқы бөлшектердің әзір тұ­руын қамтамасыз етуді тапсыр­ды. Оған қоса «Қазақстан темір жолы» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­панияларынан бірінші кезекте жылу стан­салары мен қазандықтарға отынның уақы­тылы жеткізілуін қамтамасыз етуді талап етті.

 

Экономикалық тұрақтылық – Үкіметтің басты міндеті

Үкімет отырысында биылғы қаң­тар-қараша айларында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қоры­тын­дылары мен республикалық бюд­жеттің атқарылуы да күн тәртібіне шықты. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде ел экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ға жеткенін баяндады. Нақты сектордағы оң динамика 3,5%-ды, қызмет көрсету сала­сында – 5,6%-ды құраған. Негізгі капи­талға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 14,6%-ға тұрақтап, инвестициялар ағыны ақпарат және байланыста – 2,8 есеге, көлік және қоймалауда – 58%-ға, саудада – 34%-ға, білім беруде – 17%-ға, ауыл шаруашылығында – 11%-ға, өнеркәсіпте – 8,5%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 4,6%-ға өскен.

Алдын ала жасалған қорытын­ды­ларға сәйкес қаңтар-қазан айларында сыртқы сауда айналымы 2,6%-ға көтері­ліп, 114 млрд доллардан асты. Экспорт ша­мамен 65 млрд доллар деңгейінде тұр. Бұл ретте өңделген тауарлар экспор­ты шамамен 21 млрд долларға жуықтады, тауар­лар импорты 49 млрд доллардан асты. Жалпы, республиканың оң сау­да балансы 15 млрд доллардан асып жығылады. Премьер-министрдің орын­басары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, мемлекеттік бюджетке шамамен 18,2 трлн теңге кіріс түскен, жоспар 98,6%-ға орындалып отыр. Мәселен, республикалық бюджетке – 12,6 трлн теңгеге жуық қаражатпен, ал жергілікті бюджет кірістері 5,7 трлн теңгеге толық­ты. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет шығыстары 96,5%-ға орындалды.

Премьер-министр 11 айдың қоры­тын­дысы бойынша экономиканың бар­лық секторлары оң өсу қарқынын көр­сетіп отырғанын атап өтті. Машина жасау саласы шамамен 27%-ға өскен. Ал жеңіл өнеркәсіпте 12%-ға жуық жо­ғары өсім тіркелген. Минералды өнім­дер өндірісі – 4%-дан, пластмасса бұ­йым­дарын өндіруде – 5%-ға, тамақ өнімдерін шығаруда 2%-ға жуық өсім қалыптасты. Тау-кен өнеркәсібі мұнай мен табиғи газды өндіру есебінен 5%-дан астам өсті. Сонымен қатар құрылыс секторында 12% жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етілді. 15 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Үкімет басшысы атап өткендей, инвестицияларды белсенді тарту – экономика өсімінің негізгі факторы. «Шикізаттық емес салаларда, ең алдымен, өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, көлікте, логистикада, IT және туризмде инвестициялық жобаларды іске асыруға баса назар аудару қажет. Жалпы, инвестициялық саясат шетелдік және ішкі инвестициялар сапасын арттыруға, инвесторларға арналған инфрақұрылымды жақсарту­ға бағытталуға тиіс», деді ол. Сөйтіп, атал­ған жұмыстың тиімділігін арттыру үшін Мемлекет басшысы Ин­вестициялық штабқа ерекше өкілет­тіктер беру туралы Жарлыққа қол қойғанын еске салды.

Оның айтуынша, мемлекеттік қол­дау шаралары жүйесін бәсекеге қабі­летті, экспортқа бағдарланған және жоға­ры технологиялық компанияларға қарай қайта бағдарлау керек. «Таза парақ­тан реттеу» қағидатын толық енгізу және мемлекеттік бақылау мен қада­ғалау саласындағы Тәуекелдерді бас­қару жүйесін нақты іске қосу биз­несті дамытуға қосымша серпін беру­ге тиіс», деп сөзін жалғаған Үкімет басшы­сы, биылғы қараша айында инфля­ция 10,3%-ға дейін төмендегенін және мем­лекеттік органдар инфляция дең­гейін ба­қылау және төмендету жөнін­де­гі ша­ра­лар кешенін сапалы орындауды қам­тамасыз етуге тиіс екенін назарға алды.

«Келесі жылы экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету жұмы­сын жалғастыру керек. Тұрақты эко­но­ми­калық өсуді кемінде 6% дең­гейін­де қам­та­масыз ету – Үкіметтің ортамерзімді кезеңге арналған басты міндеті. Әрине, біз биік мақсат қойып отырмыз және ол бәрімізден нәтижелі жұмыс пен бірлескен күш-жігерді талап етеді. Бұл мақсатқа жету үшін бізде қажетті мүмкіндіктер бар», деді Ә.Смайылов.

 

Теңіз порттары арқылы жүк тасымалы артады

Кезекті отырыста су көлігін дамыту мәселелері де қаралды. Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, Ақтау мен Құрық теңіз порттарының жалпы өткізу қабілеті бүгінде 21 млн тоннаны құрайды. Олар мұнай құю, астық және басқа да жүктерді ауыстырып-тиеуді қамтамасыз етеді. Сауда флоты танкерлерді, құрғақ жүктерді және контейнерлік кемелерді қамтитын 20 кемеден тұрады. 11 айда теңіз порттары арқылы жүк тасымалдау көлемі 6,5 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10%-ға артық. Қазіргі уақытта еуропалық елдер бағытында қазақстандық жүктерді экспорттық тасымалдау – басым.

Транскаспий халықаралық көлік бағытына келетін болсақ, өткен жылмен салыстырғанда мұнда тасымалдау көлемі 2 есеге өсіп, 2,5 млн тоннаны құрады. Оның ішінде ТХКБ бойынша біздің өнімнің экспорты 3 есеге артты. Сонымен қатар импорттық жүк ағынының өсуі байқалады – бұл еуропалық компаниялардың осы бағытқа қызығушылығын көр­сетеді. Қазір Қазақстан көршілес мемле­кеттердің уәкілетті органдарымен және компанияларымен ТХКБ бағдары­­на экспортты тарту бойынша келіссөз­дер жүргізуде. Жалпы, Мемлекет бас­шысы Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымал­­дау көлемін 5 есеге арттыру міндетін қойды. Ол үшін Әзербайжан, Грузия және Түркиямен тиісті жол карталарына қол қойылды. Оларды іске асыру аясында әр ел көлік инфрақұрылымын синхронды дамыту жөнінде шаралар қабылдап жатыр.

Тасымалдардың серпінді өсуін еске­ре отырып, Көлік министрлігі теңіз порттарының акваториясын терең­детуге, терминалдық қуаттарды және порт­тарға қолайлы теміржол инфра­құрылымын дамытуға, көлік дәліздерін цифр­ландыруға, сауда флотын дамытуға және навигациялық қауіпсіздікті қам­та­масыз етуге басымдық береді. Премьер-министр әлемде су көлігі ең үлкен сұранысқа ие болып отырғанын айтты. Жаһандық жүк айналымының 60%-дан астамы, бүкіл сауданың 80%-ы осы су көлігіне тиесілі. «Қазақстанның әлемдік мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ, сондықтан біз барлық көлік түрін дамытып келеміз. Оның үстіне жаһандық геосаяси жағдайларға және дәстүрлі сауда жолдарының үзіліп қалуына байланысты балама маршруттарды іздеу қажеттілігі туындап отыр. Транскаспий халықаралық көлік маршруты – осының нақты мысалы», деді Ә.Смайылов.

Ол порттарды жан-жақты дамыту үшін келесі жылдың соңына дейін Құрықта, 2025 жылы Ақтауда теңіз түбін тереңдету жұмыстары аяқта­ла­тынын айтты. Бұл ірі тоннажды кеме қатынастарына мүмкіндік береді. «Теңіз порттарымыздың әлеуеті өте жоғары. Олар арқылы қазіргіден 3 есе көп жүкті ауыстырып-тиеуге болады. Сондықтан елдегі инфрақұрылымның мүмкіндігін барынша тиімді пайдалану үшін талапқа сай келмейтін жерлердің бәрін ретке келтіру қажет», деді Премьер-министр.

Алдағы жылы Қазақстанның тапсырысымен алғашқы паромдардың құрылысы басталады. 2027 жылы олардың санын төртке жеткізу жоспарланып отыр. Оған қоса Ә.Смайылов кеме жасайтын зауыт салу мәселесін тездетіп қарау керектігін айтты. Оның сөзінше, бүгінде теміржол тораптары мен порттарға дейінгі кірме жолдарды кеңейту мәселесі өзекті болып отыр, сондай-ақ жүктерді рәсімдеуге қатысты сұрақтар бар. «Сондай-ақ Ертіс өзені арқылы жүк тасымалын 2,5 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар. Ол үшін қолданыстағы инфрақұрылымды жақсартып, кемелердің санын көбейту қажет. Жалпы, су көлігін дамыту көлік жүйесінің, транзит пен сауда саласының өсуіне мультипликативті әсер береді», деді ол. 2024 жылғы қаң­тар айының соңы­на дейін Теңіз инфрақұрылымын дамы­тудың кешенді шараларын әзір­леуді тапсырды. Олар сауда флотын, порт қуаттарын және жүктерді ауысты­рып-тиеу көлемін ұлғайтуды қам­туға тиіс. «Көлік ми­нистрлігі Ертіс өзені­нің сауда әлеуетін дамыту бойынша нақты іс-шараларды әзірлеуі керек. Өзен кө­лігін пайдалану және транзитті ұлғайту­дың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру қажет», деді Үкімет басшысы.

«ҚТЖ» компаниясы Қаржы және Ауыл шаруашылығы министр­лік­тері­мен, Ше­кара қызметімен бірлесіп, жүк­тер­ді рә­сім­деу кезіндегі әкімшілік ке­дер­­­­гі­лер­ді азайту үшін ақпараттық жү­йе­­­лер­­дің ин­те­грациясын қамтамасыз етуі шарт.