М.Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі музейінде көптеген жәдігер бар, соның бірі – шөген добы.
Шөген деген не? Бұл қазір көпшілікке «поло» деген атпен танымал ойын түрі. Түп тамыры түркі даласынан бастау алған ойынды саяхатшы Марко Поло ағылшын еліне алып барып, содан әлемге «поло» атауымен тарап кетсе керек.
Бір ғажабы, бұл ойын ешқайда жоғалып та кетпеген. Бәлкім, еліміздің барлық аймағында болмаса да, бертінге шейін Ұлытау – Қарсақбай жағында ойналғанға ұқсайды. Өйткені шөген добын музейге Ұлытау ауданы Боздақ ауылының тұрғыны Мырзахан Салахов есімді азамат 1989 жылы тапсырған екен.
– Бұл допты музейге тапсырғанда Мырзахан ағамыз «Мұны бозбала кезімізде ауылда ат үстінде жүріп ойнайтынбыз. Мына допты маған анам кезінде сиырдың жүніне қыл қосып істеп берген. Жүн жұмырланып домалақ болу үшін арасына асық салған еді. Қазіргілер шөген ойнамайды. Үйде жатқанша, елдің көргені, білгені дұрыс» деген болатын. Міне, содан бері шөген доп осында тұр, – дейді музейдің бас қор сақтаушысы Зибагүл Нұрмағанбетова.
Ұлытау облысы