• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Желтоқсан, 2023

Үш әлеуметтік нысан пайдалануға берілді

148 рет
көрсетілді

Таяуда Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында үш бірдей әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында үш ауылдың тұрғындарын шексіз қуанышқа бөлеген осы оқиғалардың ортасында жүріп, халықтың шынайы алғысына куә болдық.

Сарыөмірде – дәрігерлік амбулатория

Бұрынғы екі ауданды біріктірген, Жайық өзенін бойлай жүзден аса шақырымға созылып жатқан Теректі ауданы – Батыс Қазақстан облысындағы іргелі өңір. Тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл аудан – қай кәсіппен шұғылдануға да қолайлы мекен. Ауданның негізі локомотиві агросектор болса, оның қос қанаты – егін мен мал шаруашылығы қатар дамып келе жатыр. Диқан қауымы озық технологияны қолға алып, саннан сапаға көшсе, ауылда мал басы да ерекше көбейіп келеді.

Ал енді осы шаруаның бәрін дөңгелетіп отырған ауыл халқы­ның әлеуметтік жағдайы қандай? Сараптап қарасақ, Теректі ауданы құрамындағы 15 округте 40 мыңға тарта тұрғын бар екен. Аудан бойынша 24 елді мекен ауыз сумен, 96 пайыз ауыл газбен қамтылған. Шынын айту керек, кейінгі жыл елімізде ауыл халқына мемлекет тарапынан ерекше қолдау, қамқорлық сезіл­ген кезең болды. Мұны Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­масы­­на сәйкес қолға алын­ған мемле­кет­тік бағдар­лама­лардан көріп, куә болып отырмыз. Терек­ті ауданын­да бір күнде пай­далануға берілген үш нысан – соның айғағы.

«2023-2025 жылдары Батыс Қазақстан облысында 50 меди­циналық нысан салын­сын». Бұл – өткен жылдың соңында Үкімет қаулысымен қабылданған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты ұлт­тық жобасының тапсырмасы. Міне, қазірдің өзінде өңірде 12 нысанның құрылысы басталып, бесеуі халық игілігіне беріліп те үлгерді. Олардың кейбірін газетімізге жаздық та.

Ал бүгінгі алтыншы нысан Сарыөмір ауылының маңдайына бұйырған екен. Сарыөмір – тек Теректі ауданы емес, Батыс Қазақ­стан өңіріне танымал ерекше елді мекен. «Дала теңізі» атанған Шал­қар көлінің жағасында тұр­ған ауылдың болашағы зор. Жаз күндері мұнда күн сайын 2 мыңдай турист демалуға келеді. Оқушы­лар­дың жазғы демалыс лагері де осында. Ауылдың тағы бір турис­тік нысаны – Сасай тауында қыс­қы шаңғы спортын дамытуға, көп­­шілік сырғанақ демалысын ұйым­­дас­тыруға арналған жобалар да айтылып жүр. Орал қаласы­мен арадағы 90 шақырым жол асфальт­талған. Биыл жазда сәулетті мешіт бой көтеріпті. Ал кітап­сүйер қауым белгілі жазушы, осы жердің перзенті Хамза Есен­жанов­тың «Ақ Жайық» трилогия­сынан бұл топырақтың тарихы мен табиғатына қанық та шығар.

«Біз бұған дейін 1968 жылы салын­ған ғимаратта қызмет еттік. Ол ескі әрі тар еді. Жалпы, біз­дің Шалқар округінде 1 550 тұр­ғын болса, оның ішінде бала өрбіту жасында 218 әйел, 1 жасқа тол­маған 24 сәбиіміз бар. Жалпы, жаңа ғи­маратқа өте мұқтаж едік. Қуа­ны­шы­мызда шек жоқ», дейді Сарыөмір ауылдық дәрігерлік амбула­ториясының меңгерушісі Алмагүл Салахиева.

«Фирма ИСКОМ» ЖШС 4 айға жеткізбей салып шыққан ғимаратты аралап көрдік. Жылы да жарық бөлмелер сыңғырлап тұр. 8 адамға арналған күндізгі ста­ционар, барлық жабдығы орна­тыл­ған стоматология каби­неті, анализдер зертханасы, проце­дура­лық, физиотерапевтік каби­нет­тер, акушер-гинеколог каби­неті, дәріхана, тағы басқа емдеу бөлмелері бар. 374 млн­ теңгеге жуық респуб­ли­ка­лық бюджет қаражатына салынған отба­сылық-дәрігерлік амбулатория күніне 35 адам қабылдай алады екен. Мұнда 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

– Өмірде тартып та, сатып та, тауып та, сұрап та ала алмайтын ең басты байлық – денсаулық. Ауылдастарым мына Шалқар көліндей шалқып, қуанып жатыр. Енді сәл сырқаттансақ, анализ тапсыру үшін ешқайда сабылмаймыз. Елдің атынан алғыс айтамын. Енді осы мекемеге білікті дәрігер тартылса екен, – дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер Жантемір Тасқалиев.

Маман демекші, жоғары білім­ді дәрігер Батыс Қазақстан облысында қасқалдақтың қа­нындай қат болып тұрғаны рас. Дәл осы Сарыөмір амбу­латориясына да жоғары білімді дәрігер керек, зертханаға маман лаборант керек. Әзірге Еңбек ауруханасынан маман дәрігер аптасына 2-3 мәрте келіп, қабылдау өткізіп тұрмақ.

– 2023 жылдың басында біздің облыста 279 маман-дәрігердің орны бос тұрды. Содан бері көп жұ­мыс атқарылды. Біріншіден, рези­денттердің оқуына грант бө­лінді, қазір 18 адам резидентурада оқып жатыр. Одан бөлек, облыс бюджетінен бакалаврға 66 грант берілді. Өңірге жаңадан кел­ген мамандарға 5 млн теңгеден бір­жолғы үстемеақы бөлдік. Қазір об­лыс­қа 115 маман келді, соның 48-і аудан-ауылдарға орналасты. Әри­не, енді Сарыөмір ауылына да тұ­рақты маман керек, – дей­ді об­лыс­тық денсаулық сақтау бас­­қар­­масының басшысы Ерлан Тоқсанов.

Сарыөмір ауылдық дәрігерлік амбу­латориясының ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің өзі келді. Өңір басшысы ауыл хал­қын алдағы Тәуелсіздік мере­ке­сі­мен құттықтап, Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасымен атқа­рылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы жергілікті атқа­ру­шы органдардың алдына тапсырма қойып, ауылдық жерді дамыту мәселесін қатаң қадағалап отыр. Әрбір тұрғын мемлекет қолдауын сезінуі керек. Биыл облыста қыруар жұмыс атқарыл­ды. Жақында 1,7 млрд теңгеден аса қа­ражат бөліп, су жаңа 81 «Жедел жәрдем» көлігін алдық. Соның бірі осы Сарыөмірге тиіп отыр. Жаңа ғимараттардан бөлек, өңірде 1,733 млрд теңгеге жуық қар­жыға 22 дәрігерлік нысанға күрделі жөндеу жүргіздік. Оның сыртында 5,5 млрд теңгеге 204 бір­лік медициналық құрал-жаб­дық сатып алдық. Осының бәрі – ауыл тұрғындарына көмек. Ауыл халқы сәл сырқат үшін аудан орталығына, қалаға сабылып жүр­меуі керек. 2024 жылы 25 млрд теңге тек қана медициналық құрал-жабдыққа бөліп жатырмыз. Ал өңірге келген дәрігерлерге бір­жолғы көтермеақы көлемін 2,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін көтердік. Келесі жылы 5-8 млн теңге төлейміз. Егер ерлі-зайыпты маман келсе, 16 млн теңге ала алады. Біз, осылайша, ауылда дәрігер тапшылығын түбегейлі шешу үшін жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Нариман Төреғалиұлы.

Айтпақшы, дәрігерлік амбу­ла­тория құрылысына ауыл тұр­ғындары да ерекше көмек­тесіп­ті. Ондағы мақсат ауылдағы жұ­мыс­сыз жастар еңбек етіп, ақша тапса, екіншіден, олар өз ауы­лы­ның игілігіне жарар құрылыстың сапа­лы салынуын қадағалап та жүріпті. Салтанатты жиында мер­дігер компания өкілі Арман Жан­төриев Нұрлан Ғалымжанұлы, Нұртай Жанұзақұлы, Нұрғали Нәсіп­қалиұлы, Төрехан Берікұлы, Дәулет Бақытжанұлы, Асылхан Ұзақ­байұлы сынды ауыл азаматтарына алғысхат тапсырып, ақшалай сый­лық берді.

 

Үлкен Еңбекте – негізгі мектеп

Теректі ауданының Ақсоғым ауылдық округіне қарайтын Үлкен Еңбек ауылы бұрын Вос­ход аталған. Тәуелсіздіктің таң­сәрі жылдарында ауыл қиын жағдайды бастан кешірді. Көп халық үдере көшті. Әлеуметтік нысандар азып-тозды. Ауылдағы негізгі мектеп ғимараты 1964 жылы салынған екен. Президент халыққа Жолдауында нақты тапсырма беріп, «апатты мектептер, үш ауысымды мектептер мәселесін жедел шешу» туралы айтқан соң, 2023 жылы Батыс Қазақстан облысында 27 мектеп құрылысы басталып кеткен еді. Соның бірі Үлкен Еңбек ауылына тигенде, ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады.

– Бұл мектеп біздің ауылға, біздің тірлігімізге, бала-шаға­мыз­дың өміріне, әсіресе мұғалім­дер­дің өміріне үлкен серпіліс, ұм­тылыс әкелді. Ертеңгі күнге сенім әкелді. Көріп отырмыз, кейінгі жылдары ел үшін, ауыл үшін жақсы жағдай жасалып жатыр. Шынын айтайықшы, бір жылдары сенімнен айырылып, есеңгіреп қалған кездер де болды ғой. Кейбір ауылдар жоғалып та кетті. Шүкір, ауылдастардың бірлігінің арқасында қиын кездерден өттік. Қазір газымыз бар. Құдықта су бар, құбыр да келе жатыр. Жол салынды. Ендігі жас­тарға тек жұмыс істеу керек, – дейді ауылдың байырғы тұрғы­ны, ардагер ұстаз Күләш Аманжолова.

Шынында да, ауылдың кіре­бері­сінде бой көтерген жаңа мек­теп ғимараты көз тартады. Жаңа ғимаратта 10 оқу кабинеті, соның ішінде біріктірілген химия-биология, физика-математика, тілдер, информатика және бастауыш сыныптар кабинеттері бар екен. Бұған қоса 2 шеберхана, спортзал, кітапхана, асханамен жабдықталған. Жаңа ғимаратта ауылдың 45 тұрғыны жұмыс тапқан.

– Біз шағын жинақты мектеп­піз, 23 ұстаз, 43 оқушымыз бар. Мектепалды даярлық бөлі­­міндегі 10 баланы қосқанда, 53 баламыз бар. Ұстаздар құрамы толық, педа­гог-зерттеуші, педагог-сарап­шы, педагог-модераторлар бар. Ұжым­ның 70 пайызы – кате­гория­лы, – дейді Еңбек негізгі мек­тебінің директоры Өркен Бижанов.

Осы мектептің байырғы қыз­мет­керінің бірі, 31 жылдық еңбек өті­лі бар Рая Нұртаевамен де сөй­лес­­тік.

– Бұрынғы ғимаратымыз ша­ғын әрі көнелеу болды. Бірақ ол кезде де жаман болған жоқпыз. Мек­тепте 160-қа дейін оқушы болатын. Балалар сыймай, есіктің қыр көзіне дейін тізіліп отырушы еді. Кейін келе азайды. Қазір жоғарғы 8-9-сыныптарда үш-ақ оқушыдан бар. Бірақ бастауыш сыныптар көбейіп келеді. 2-сыныпта 8 оқушы, даярлық тобында 10 бала бар. Мектебіміздің екінші тынысы ашылып, қайтадан оқушы көбейетініне сенемін, – дейді Рая Амангелдіқызы.

– Бұл осы ауылда 50 жылдан кейін салынып тұрған жаңа мектеп ғимараты екен. Өркениетті елдер қатарына қосылу үшін бізге білімді ұрпақ керек. Ауыл мен қала балаларының білім айырмашылығы болмауға тиіс. Бұл – Мемлекет басшысының өзі талап етіп отырған мәселе. Бүгін шағын ауылдың үлкен қуанышына ортақтасайын деп арнайы келдім. Елімізде білім саласына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Ұстаздардың жалақысы 100 па­йыз көтерілді. Енді тәрбиешілердің жалақысы өсіп жатыр. Аз қам­тыл­ған, осал топ балаларына тегін тамақ беріледі. Осының бәрі – мемлекеттің қамқорлығы. Биыл Батыс Қазақстан облысында бір жылда 27 мектеп құрылысын бас­тадық. Соның 17-сін биыл бітіреміз. Қазір 12 мектепті салып, тапсырдық. Енді ұстаздар қауымынан сұрайтыным, жас ұрпаққа сапалы білім беріңіздер! Осы мектептен білім алып шық­қан жастар еліміздің айтулы азаматтары болсын! – деді облыс әкімі Н.Төреғалиев.

Бұдан кейін ауылы үшін жаны ауы­р­а­тын кейуананың сөзіне құлақ түрдік.

– Осы қуаныштың бәрі респуб­ликадан бері қарай басшы­лықтың бірлігінің арқасында болып жатыр. Мұндай үлгілі істер бірлікпен ғана бітсе керек. Соның қадірін білейік. Бір-бірімізді қолдап жүрейік. Жақсы өмір сүрейік. «Адал әрекетке – баянды берекет» дейді халқымыз. Біздің ауылда ұрпақтар сабақтастығы жақсы сақталған. Бұрын көне мектепте қызмет еткен кәрі мұғалімдердің балалары қазір жаңа мектепте білім беріп жүр. Керемет қой! Ел азбасын, ауыл тозбасын. Күннен күнге жағдайымыз жақсарып келе жатыр. Енді бір өтінішім, жас мұғалімдер кешке дейін алаңсыз еңбек ету үшін балабақша керек. Кейбір ауылдастар баласын Ақжайыққа сүйрейді. Кейбірі үйде қалады. Неше түрлі оқиғаны естіп жатамыз. Құдай сақтасын, сондықтан қауіптің алдын алу керек, – дейді өңір басшысының білегінен ұстаған кәрі ұстаз Күләш Смағұлқызы.

 

Абай ауылында – Абай мектебі

Жоғарыда айтылған 27 мек­теп­тің бірі Абай ауылындағы Абай мектебінің ғимараты екен. Ақ­жайық ауылдық округінің құра­мына кіретін шағын елді мекен де – Жайықты жағалай орна­лас­қан жайлы қоныстың бірі. Әу бас­та мектеп 1952 жылы ашыл­ған. Көне ғимараты 1974 жылы са­лы­нып, небәрі 60 орынға есептел­ген, спортзалы, акт залы жоқ бола­тын. 2023-2024 оқу жылында барлығы 132 оқушы білім алса, оларға 30 педагог маман сабақ беріп жатыр.

«Жаиксельстрой» ЖШС са­лып­ шыққан 108 орындық жаңа ғима­ратта 9 оқу кабинеті бар. Соның ішінде біріктірілген химия-биоло­гия, физика-математика, қазақ тілі, орыс тілі, шетел тілі, муль­ти­ме­дия кабинеттері қа­рас­ты­рылған. Сонымен қа­тар 2 ше­бер­хана, 1 спор­тзал, 8 орын­дық оқу залы бар кітапхана, 48 орындық асха­намен жабдықталған. Мектеп құры­лысына 807 млн теңге жұм­салған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев егемен елдің келешек ұрпағына үлкен сенім білдіріп, «Білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу – бұл аса ма­ңызды мемлекеттік міндет. Елі­міздің болашағы дарынды, отан­шыл жастардың қо­лында болуы керек» деген еді. Осыған орай мем­лекет тарапынан Президенті­міздің тапсырмасына сәйкес біраз күрделі мәселе қолға алынды. Жыл басынан бері облыс­та 10 мектепті қолданысқа берген едік. Жаңа ғана Үлкен Еңбек ауылында 60 орындық негізгі мектеп ғимаратын аштық. Енді, міне, Абай мектебінің де тұсауы кесілмек. Жыл соңына дейін тағы 5 мектеп тапсырылады, – деді Н.Төреғалиев.

Өңір басшысы келер жылы Абай мектебінің айналасын қор­шап, абаттандыру үшін облыс бюджетінен қаржы қарас­тыры­латынын айтты. Жаңа мектеп ғимаратының ашылу салтанатында осы білім ордасының ардагері Ерболат Қапезұлы Қарағойшин тебіреніп сөз сөйледі.

– Қадірменді ауылдастарым, бүгін – Абай ауылындағы Абай мектебі ұжымы үшін де, бүкіл ауыл үшін де үлкен қуаныш. Бұл – біздің ауылда 71 жылдан кейін қайталанып отырған зор қуаныш. Балаларымыз біз армандаған жаңа мектепте оқитын болды. Құрметті ұстаздар, мен бүгін сіздерге үлкен аманат тапсырғым келеді. Ол аманатым – болашақ жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беріп, оларды мейірімділікке, қа­йы­рым­ды­лыққа тәрбиелеп, жаңа әді­лет­ті Қазақстанды құруға үл­кен үлес қосатын ұрпақ дайын­даса­ңыз­дар екен деймін! Қиын да қы­зығы мол қызметіңізге тола­ғай табыс тілеймін. Сіздерді қуан­татын шәкірт­теріңіз көп болсын! – деді қарт ұстаз.

Осы сапарда Нариман Төреға­ли­ұлының аузынан естігеніміз, өңірде «Қаладан – ауылға» атты жаңа бағдарлама қолға алынбақ екен. Оның мәнісі – ауылдық елді мекендердің әлеуметтік жағдайын көтеріп, халықты тұрақтандыру.

– Біз болашақта әлеуметтік нысандарды, тұрғын үйлерді қаладан емес, ауылдардан көптеп сала бастаймыз. Мысалы, спорт ке­шен­дері барлық 12 ауданда са­лынды. Енді үлкен елді мекендерде салуға кірісіп жатырмыз. Мұндай спорт кешені жоқ жерлерде ауыл мектебінің спортзалдары кешкісін жастарға ашық болады. Ауылдарға тұрғын үй сала­мыз, жол апарамыз, су апара­мыз. Алдағы 10-15 жылда біз­дің мемлекетіміз адам танымас­тай өзгереді. Жақсылықты айта жүре­йік! – дейді өңір басшысы.

 

Батыс Қазақстан облысы