Сот әкімшілігі Фридрих Эберт атындағы қормен бірлесіп, еліміздің заң, құқық, әділсот тақырыбында қалам тербеп жүрген журналистер қауымы үшін «Сот талқылауын жариялау: процестік мәселелер» атты семинар өткізді.
Семинарға қатысушылар алдында алғаш болып сөз алған Фридрих Эберт атындағы қордың Астанадағы өкілдігінің басшысы Зәуреш Шутова қор қызметі, жариялылық нормалары және әлем елдері судьяларының БАҚ өкілдерімен қарым-қатынас қағидаттары туралы жан-жақты әңгімеледі.
Жоғарғы Соттың судьялары Елена Максюта мен Назгүл Рахметуллина, Құқықтық медиа орталығының өкілдері Гүлмира Біржанова мен Диана Медведникова журналистерді құқық қолданудың, үдерістік заңнама мен сот үдерісінің қыр-сырымен барынша толық таныстырды. Тақырыпқа қатысты отандық сот тәжірибесінен нақтылы дерек-дәйектерді алға тартты. Мәселен, спикерлер жиналғандарға сот талқылауын, оның ішінде жабық түрде өтетін сот үдерістерін жариялау кезінде журналиске нені білу керектігі, сотта өз бейнесін көрсету құқығы, кінәсіздік презумпциясы, құпия және дербес деректер, соттағы журналист мінез-құлқының этикалық нормалары, сот шешімдерінен алынған ақпаратты дұрыс пайдалану, соттар мен БАҚ өкілдерінің өзара іс-қимылының өзекті мәселелері туралы толыққанды құқықтық кеңестер берді.
Семинардың интерактивті бөлігі журналистердің практикалық кейстерін бөлу және рөлдерді ауыстыру арқылы сот үдерісін бейнелі сахналаумен ерекшеленді. Атап айтқанда, ЖС судьялары БАҚ өкілдері, ал журналистер – судья, прокурор, адвокат, куә, айыпталушы және пристав рөлінде болып көрді. Семинар барысында спикерлер іс-шараға қатысушылардың түрлі сұрағына жан-жақты жауап берді.
Жалпы, Жоғарғы Соттың, облыстарда, астанада және республикалық маңызы бар қалаларда аумақтық бөлімшелері бар жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдастырушылық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын сот әкімшілігі мұндай мазмұндағы семинар-кеңестер өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған. Бұрынырақта осындай семинарлар Әділ сөз, ОБСЕ, АВА ROLI, Интерньюс сынды беделді қоғамдық ұйым, қорлармен бірлесіп өткізілді. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде уәкілетті мемлекеттік орган цифрландыруды дамыту, жасанды интеллект пен роботтандыру элементтерін енгізу мәселелері бойынша әлемдік рейтингте 47 елдің арасынан 4-орынға көтерілді. Қазан айында Аргентинада өткен Сот әкімшілігі жөніндегі халықаралық қауымдастықтың отырысында Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров осы ұйымның вице-президенті болып сайланды.
Айта кеткен жөн, Германияның демократиялық жолмен сайланған тұңғыш президенті Фридрих Эберт атындағы қор (FES) – бай дәстүрі бар, ең тұрақты саяси қорлардың бірі. Қор жұмысы әлеуметтік демократияның негізгі идеялары мен құндылықтарына – еркіндік, әділдік және ынтымақтастыққа бағытталған. 100-ден астам елде орналасқан халықаралық кеңселер желісі арқылы бейбіт ынтымақтастық пен адам құқықтары жөніндегі саясатты қолдайды, демократиялық, әлеуметтік және конституциялық құрылымдарды құруға және нығайтуға жәрдемдеседі.