• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Пікір 16 Желтоқсан, 2023

Елдік негізі

276 рет
көрсетілді

Азаттық – біз үшін асыл ұғым. Оның мәні де, тағылымы да терең. 32 жылда Тәуелсіздік тура­лы жазбаған қаламгер, толғамаған өнер адамы, байыптамаған қайраткер кем­де-кем шығар. Бұл – аса табиғи үдеріс. Құд­ды жаратылыстың үйлесіміндей, кемді тол­тыр­ғандай, үзілгенді жалғағандай құбылыс. Аң­сар, арман, арқау өлеңге де, өмірлік естелік­ке де түседі. Әлихан Бөкейхан «жанға хас жү­рек тілі, сезім тілі, күй тілі ...адам жаны осы тілмен сөйлейді» деуші еді ғой. Бостан­дық­тың ақ таңы дәл солай жүрек, сезім үнін жет­кізді. Алаш көшбасшысы: «Жүйрік, қыран күшін қиянға салса, жұрт мақсатын орнына апарса, мұнан артық не бақыт бар?» деп, замандастарына және ұрпаққа ой салады.

Тәуелсіздік мерекесі аясында бүгінгі жұрт мақсатын бір байыптап алсақ. Президент Қ.К.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалы мақаласында елдіктің алдағы міндетін – «қуатты елдің иесі және кемел халық болу» деп айқындап, осы бағдардағы іс-шаралар жүйесін – «Саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудан» бастауды ұсынды.

Мемлекет басшысының ел қуатын арттыру мен сананы жаңғырту жолындағы сая­си реформалары қоғамдық құндылықтар жүйе­сін жаңартып, азаматтық белсенділік пен жауап­кершілікті серпілтті. Қоғам мен мемлекет арасындағы сұхбаттастық пен әріптестік сенім жүйесін қалыптастыра бастады. Ел дамуының өзекті мәселелеріне қатысты талқылаулар мен шешімдерде жұртшылық пікірі әділеттік пен парасат аясында ескеріліп келеді. Ұлттық біре­гейлікті түйсіну, қабылдау, қорыту қоғам­ның үйлесіміне іргетас болып қаланды. Ең­бек құндылығы мен адалдық қағидаты өткен­нің, бүгіннің, болашақтың өлшемі ретінде орнықты. Біздіңше, бұл – тоқмейілсу емес, әлем дамуының күрделі кезеңде Қазақстанның әрі жауапкершілігі, әрі батыл іс-қимылы.

Біз Тәуелсіздікті саяси-танымдық ұғым, атаулы күн, тарихи құбылыс ретінде айтқанда, 25 қазан – Егемендік туралы декларацияны жариялаған Республика күнін темірқазық етіп аламыз. Осы рәмізді белестің қайта жанданып, өз тұғырына қонуы – тарихи һәм адами әділеттіліктің көрінісі болды. Басқа-басқа, мың өліп, мың тірілген ұлтымыз үшін адам құ­қы­ның немесе қақының орны бөлек. Оның негізін – қадір-қасиет пен теңдік ұғымы құрайды. Әді­леттен қағылып, қорланғанда халық даналары: «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қаш­­қа­нына жылаймын» деген. Ал теңсіздікке «Кеңес­­ті жерде кемдік жоқ, Кеңессіз жерде тең­­дік жоқ» деп нақты баға берген. Әлі есіміз­де, 80-жылдары ілуде бір батыл зиялы БҰҰ Жарғы­сындағы «Ұлттар теңдігі және өзін-өзі басқару қағидатын» алға тартып, мінберден кібіртіктеп қана сөйлегенін көргенбіз. Осы ойды хатқа түсіріп, пікірі үшін азап шеккен бірлі-жарым азаматтың ауыр тағдыры тарихта қатталған.

Саяси егемендікке дейін, ғасырлар бойы әлемнің оразды ұлттары секілді біздің де этникалық санамызда еркіндік, өзгені сыйлау, кісіні алаламау, төзімділік, әділдік, жауапкер­шілік т.б. секілді жалпыазаттық ұғымының басты шарттары қалыптасып орнықты. Тіпті сыннан өтті десе де болады.

Демократияның жаһандық ұстын-тұлғалары айтқан «Туабітті еркін, тең, тәуелсіз адам өзінің келісімінсіз біреуге басыбайлы бағына алмайды» деген даналық барша елге бағышталғаны ақиқат. Немесе Францияның әділет, сот ғимараттары қабыр­ғасындағы «Азаматтың және елдің құқы – ер­кіндік, меншікке қол тигізбеу, қауіпсіздік, езу­ге қарсылық» деп алтын әріппен жазылған на­қыл – егемендіктің айнымас заңы. Бұл – ауа жайы­лудың шарты емес, Еуропа ғұламалары айт­қан­дай, «Еркіндік дегеніміз – өз-өзіңді басқару».

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жұрт кемел­дігімен ғана ұстап тұратын елдік пен пара­сат­тың парқын бірауыз сөзге сыйдырыпты: «Адамның өзінде кәмілдік болмаған соң, ісінде де кәмілдік жоқ». Мұны сары уайым демей, көзі ашық, жауапты азаматтарды қайрау деген дұрыс.

Қазір Тәуелсіздік күні – еліміздің мемлекет­тік мерекесі. Бұл меже – қазақ халқының арғы-бергі тарихында рөлі бар қағанаттар мен мемлекеттік бірлестіктердің, хандықтар мен әмірліктердің елді жаудан қорғау жолындағы шайқастарын, бодан кезеңдегі азаттық пен теңдік үшін күрестерді еске алу күні ретінде орнығары айқын. Енді азаттық мерекесінде қоғамды алаламай, ұйыстыра түсетін тағы бір маңызды адамшылық парыз ұмытылмаса. Ол – ХХ ғасырда саяси сахнаға қандай түспен шықса да, қай шепте жүрсе де, елін, ұлтын ойлаған, сол бұралаң жолда мерт болған тұлғаларды еске алу.

Азаттық асқақтаған күні және бір пайымды ортаға салсақ дейміз. Әлемде Африканы айтпағанда, қағанағы қарық Америка, Канада, Нидерланд, Жапония, Қытай, Корея т.б. елдер де түрлі деңгейде өз тәуелсіздігі үшін күресті. Соның қайсысы бүгін мемлекет атауы­­ның алдына «тәуелсіз» деп жазып жүр? Ендеше, қарғыбауды қызықтай бермей, әлім­­сақ еліміздің ныспысындағы еркін, азат қалыппен бүгініміз бен ертеңіміз үшін қам жейік. Мәселені кеңірек қарасақ, Жапонның әйгілі Мэйдзи кезеңі пәтуасындай, 550 жылдық (шартты) емес, академик-антрополог Оразақ Смағұл дәлелдеп жүрген 3-5 мың жылдық аясында рәмізді тарихты, дербестікті нұсқайтын «Мемлекеттің негізі қаланған күн» туралы ойлау маңыздырақ.