Жамбыл облысында жауған алғашқы қар халықты әбігерге түсірді. Бет қаритын үскірік аяз салдарынан бірқатар жол жабылып, кейбір аудандарда тұрғындардың қарға адым жер аттап басуы мұңға айналды. Салдарынан жол апаты да артты.
Қыс мезгіліне дайындық жұмыстары сәтімен жүргізілгеніне қарамастан, Жамбыл ауданының аумағындағы бірнеше ауыл тұрғындары, 980 үй көгілдір отынсыз қалды. Жергілікті атқарушы билік тарапынан бұл мәселе жедел бақылауға алынды. 12 желтоқсан күні істен шыққан магистралды газ құбырын қалпына келтіру жұмыстары өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің назарынан тыс қалған жоқ. Тиісті жұмыс атқарылды.
Ауа райының күрт өзгеруі 14 желтоқсаннан 15 желтоқсанға ауған түні де жалғасты. Жалпы алғанда, қар аралас боран мен тұман салдарынан 12 желтоқсаннан бастап, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы «Тараз – Алматы» бағыты бойынша және облыстық маңызы бар бірқатар жолда көлік қозғалысы тоқтатылды. 13 желтоқсаннан бастап өңірлік жедел штаб құрылып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
14 желтоқсаннан 15 желтоқсанға ауған түні Қордай ауданында жағдай күрт өзгерді. Боранды күнде жолға шыққан азаматтарды құтқару жұмыстары басталып кетті.
«Құтқару жұмыстарына 117 арнайы техника, 103 арнайы маман жұмылдырылды. 14 желтоқсан күні сағат 23.00-дегі жағдай бойынша құтқару бөлімшелерімен 1279 адам құтқарылып, эвакуацияланды. Олар Қордай ауданындағы 6 жылыту пунктіне орналастырылды (Қайнар-1, Алға-1, Қордай-3, Кенен-1). Әлі де қар құрсауында қалып отырған көліктердің саны нақтыланып жатыр. Қатты жел мен қалың қардың салдарынан Шу ауданында электр желілері үзілді.
Төтенше жағдай салдарынан «Шу Отар» учаскесінде 11 жолаушы пойызы тоқтап тұр, олардың әрқайсысында орташа есеппен 500-700 адамнан бар. 12 жүк пойызы өз уақытынан кешігіп жатыр. Облыстың 4 ауданының 32 елді мекенінде 8 882 абонент электр қуатынан ажыратылған. Қазіргі кезде желдің жылдамдығы секундына 45 метрге дейін жеткен», делінген облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан бастапқы мәліметте.
Соңғы деректерге жүгінсек, 15 желтоқсанның ала таңында мамандардың әбжіл қимылының арқасында 2 413 адам құтқарылыпты. Олардың ішінде 90 бала бар. Сондай-ақ 600-ге жуық азамат үйіне қайтқан. 1 813 азамат алты елді мекендегі жылыту пункттеріне жеткізілген. Мамандар 3 азаматты Қордай ауданының орталық ауруханасына апарған. Олардың жағдайы тұрақты көрінеді. Жалпы алғанда, екі тәуліктің бедерінде 5 000 адам құтқарылған.
«Қазіргі уақытта Қордай және Шу аудандарында қосымша 825 орындық 9 жылыту пункті ұйымдастырылған. Құтқару шараларына 171 адам және 76 бірлік техника жұмылдырылған. Жолдағы блок-бекеттерге полиция нарядтары қойылған.
Электр желілерін қалыпқа келтіру бойынша «Жамбыл электр желілері» ЖШС-мен 23 авариялық-құтқару тобы, 27 арнайы техника жұмылдырылды. Газ құбырларының апаты тіркелген жоқ, штатты режімде берілген.
Төтенше жағдайға байланысты «Шу-Отар» учаскесінде 11 жолаушы пойызы тоқтап қалған болатын. Шу аудандық көлік прокуратурасының ақпараты бойынша, қазіргі кезде жолаушылар пойыздары жүре бастаған», делінген ресми мәліметте.
Өңір басшысының шешімімен 14 желтоқсанда Қордай және Шу аудандарының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі таңда қауырт желі нөмірлері үздіксіз жұмыс істеп тұр.
Қысқы маусымға дайындық жұмыстары күні бұрын пысықталғанымен, өңірде газ құбырының істен шығуы жұртты кәдімгідей алаңдатты. Жамбыл ауданының кейбір елді мекендеріндегі жағдай көпке сабақ болса деп отырғанымызда, Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылының кіреберісіндегі көше тұрғындары да көгілдір отын мен ауыз сусыз қалғанын айтып хабарласты. Абырой болғанда жергілікті атқарушы биліктің жедел іске кірісуімен газ берілген көрінеді. Ауыз су да түн ортасынан ауғанда қосылды.
«Биыл қыс болмайды екен» деп жайбарақат жүрген тұрғындар алғашқы қардың өзінде әбігерге түсіп отыр. Аяз салдарынан жол апаты да жиіледі. Қалай десек те қытымыр қыстың алғашқы аязы жергілікті билікті де бір сынап алды. Дайындық жұмыстарының қай деңгейде жүргізілгенін көрсетіп бергендей болды.
Жамбыл облысы