Жалпы, соңғы уақытта Қызылордадағы Н.Бекежанов атындағы драма театрда жаңалық көп. Өнер ұжымының гастрольдік сапарларынан бөлек, биыл Сыр көрермендеріне Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының, Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар театры өнерпаздарының және «Шам» театры ұжымының өнерін жергілікті сахнада тамашалауға мүмкіндік туды.
Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық академиялық драма театры директоры Мұхтар Ниязов осының бәрі көрермен талғамын қалыптастыру қадамы екенін айтады.
– Жуырда ғана Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» повесі негізіндегі әзірлеген қойылымымыз аншлагпен өтті. Жалпы, осы шығарманы өзек еткен спектакльдер бұған дейін Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар театрында, Әзірбайжан Мәмбетов есімін иеленген Астанадағы театрда қойылған болатын. Өңірлер арасында бірінші рет Сыр сахнасынан көрініп отыр, – дейді Мұхтар Ниязов.
«Болмаған балалық шақтың» үшінші қойылымына келген автор Ақберен Елгезек спектакль алдында БАҚ өкілдерімен кездесті. Автор-кейіпкер бұйдасы жоқ балалығының осы естелігі арқылы өзімен тағдырлас балаларға жігер береді. Бір тәулікке жетпейтін уақыт аралығында қағазға көкіректен төгіліп түскен шығарма негізінде алда фильм түсірілмек.
Көрерменді екі сағат сахнаға байлап қойған қойылымнан кейін автор көп алдына шығып, Алматы мен Астана театрларынан кейін өңірлер арасында бірінші боп қойылған Сырдағы қойылымның көңілден шыққанын айтты. Актерлардың кәсіби ойындарына, режиссердің сәтті шешімдеріне тәнтілік танытты.
Қойылымнан кейін театр фойесінде «Болмаған балалық шақ» кітабы автор қолтаңбасымен оқырмандарға жол тартты.
ҚЫЗЫЛОРДА