Көне шаһардың көзіндей болған Алматыдағы «Көк базардың» қадірін оның байырғы тұрғындары біледі. Енді тарихқа айналып үлгерген, кешегі кеңес өкіметінің тұсында қазіргідей самсаған супермаркеттердің, қаптаған сауда орындарының болмағанына тәуелсіздіктің бедерінде туған балаларды сендіре алмайсың. Жастарды айтпағанда, жұрт білетін, ел баратын дүкендер де саусақпен санарлық болғандықтан, азық-түлік үшін көбінесе «Көк базарға» ғана баратынын өзіміз де ұмыта бастадық.
Дегенмен бүгінде осы базарды он орап алатын сауда орындары жеткілікті болса да, неге оған жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанына ерекше тоқталуымыздың да жөні бар. Өйткені биыл қалада «Көк базарды» сүреді екен, орнына гипермаркет салынады екен деген сыбыс тарағанда, қала тұрғындарының тарихи базарды қиратуға қимағаны рас.
Бірақ базардың тарихи келбеті мен оның мәдени құндылығы сақталынатын болды. Павильондарды жаңғырту 2023 жылдың шілдесінде басталды, оны 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге ҚазҚСҒЗИ зерттеу қорытындысы алынды. Қайта құру кезінде базар штаттық режімде саудасын жалғастыра бермек.
Қала әкімі Ерболат Досаев орталық базардың әбден тозғандықтан, жаңғырту туралы шешім қабылдап отыр.
Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берік Солтанбаев Алматы әкіміне жобаны жүзеге асырудың кезеңдері мен келешегі туралы баяндаған кезде, инженерлік желілерді қайта құру қарастырылғанын, сауда алаңдары жаңғыртылып, қасбеті жаңартылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар Жібек Жолы көшесі жағынан іргелес аумақты абаттандыру жүргізіледі, жаңа қоғамдық кеңістік – қала тұрғындары үшін жаяу жүргіншілер аймағы пайда болады.
«Көк базар» – қаладағы ерекше орын. Мұнда тұрғындар мен қала қонақтары сауда жасауға келіп қана қоймай, оның ерекше атмосферасын сезінеді. Оның бұзбай сақтап, төбесі жабылған базар жасаған жөн. Бастысы ретке келтіру, бірақ «Көк базардың» қаланың мәдени меншігі және туристік орны болып қалғаны маңызды. Себебі Алматы «Көк базарсыз» – Алматы емес, сондықтан қаламыздың тарихи орталығын сақтауды сұраймын», деді әкім Ерболат Досаев.
Бұған дейін, 2017 жылы қала базарларын жаңғырту аясында «Көк базарда» жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ашық контейнерлік қатарлардың орнына ауданы 20 мың шаршы метр болатын жаңа «Қысқы павильон» салынып, оның жартысы сауда алаңына, екінші бөлігі 400 орындық екідеңгейлі автопаркингке берілген еді.
АЛМАТЫ