Ұлттық музейде белгілі археолог, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәкен Таймағамбетовтің 70 жасқа толуына орай «Ж.Таймағамбетов және Еуразия палеолитінің мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Отандық археология ғылымында өз алдына мектеп қалыптастырған көрнекті ғалымның есімі елімізге ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттердегі ғылыми ортаға да өте танымал. Орталық Азиядағы палеолит дәуірі мен Еуразияның ежелгі тарихын індете зерттеп жүрген археологтің сан қырлы ғылыми саласы Еуразиядағы алғашқы адамдардың қоныстануы, олардың материалдық мәдениеті, көші-қон және этностық байланыстарына бағытталған. Әсіресе ғалымның еліміздің әр өңірінен 300-ден аса палеолит ескерткішін ашып, қазақ жерінде алғашқы адамның шамамен 1 миллион жыл бұрын пайда болғанын ғылыми дәлелдегенін ерекше айтуға болады. Шын мәнінде, бұл елді елең еткізер үлкен жаңалық.
Алқалы жиында Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова министр Аида Балаеваның құттықтауын оқып, ғалымның иығына шапан жапты. Құттықтауда Ж.Таймағамбетовтің археология саласына тың жаңалық әкелген еңбектеріне жоғары баға берілген. Одан кейін Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Зәки аталған ведомство басшысы Саясат Нұрбектің құттықтауын жеткізді. Белгілі қоғам қайраткері Дархан Мыңбай ғалымның өмірлік мұратына тоқталып, парасатты ой қорытты.
«Қожа Ахмет Ясауи бабамыз: «Шын ғалымды көрсем, басымды иіп, тағзым етемін», деген екен. Міне, осындай шын ғалымның үлгісі – Жәкен Қожахметұлы. Оның алдында археология саласында Әлкей Марғұлан бастаған ғалымдардың салған ізі болды. Бірақ оларға қарағанда Жәкеннің бір ерекшелігі бар. Ғалымның еңбектері шет тілдеріне аударылып, дүниежүзіне танылуға мүмкіндігі болды. Бұл – тәуелсіздіктің арқасы. Оны ұмытпауымыз қажет. Нәтижесінде, ол әлемнің үлкен ғылыми мінберлерінде тамаша ғылыми еңбектерімен кез келген аудиторияны тыңдата білді. Ұлттық музейді ғылыми орталық жасау ретінде «Халық қазынасы» атты институттың негізін қалап, шәкірттерін соған ұйыстырды», деді Дархан Мыңбай.
Тас дәуірін сөйлеткен ғалымның мерейтойына арналған конференция 2 секцияға бөлінді: біріншісі – «Еуразия палеолитінің мәселелері», екіншісі – «Ғылымдағы өмір: Ж.Таймағамбетов және экспедициялары». Оған қатысуға АҚШ, Франция, Германия, Канада, Испания, Польша, Жапония, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан және тағы басқа да елдердегі ғалымдардан өтінім мен баяндамалар келіп түскен. Конференция барысында археологтің тас дәуірінің түрлі теориялық және әдіснамалық мәселелері, еліміздің ғана емес, жалпы Еуразияның палеолит дәуірін зерттеудегі жаңа жетістіктері әр қырынан талқыланды. Соны ойлар айтылды. Ұлттық музей, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесіп дайындаған мерейтой иесінің ғылыми еңбектері мен библиографиялық көрсеткіштерін топтастырған 4 кітаптың лентасы қиылды. Жиын аясында Ұлттық музей қонақтар мен қатысушыларға арнап «Академик. Ж.Таймағамбетовтің ғылыми жолының кезеңдері» атты көрме ұйымдастырды. Оған ғалымның монографиялары, оқулықтары, оқу құралдары, ғылыми мақалалары, сонымен бірге кейінгі жылдары табылған палеолит тұрақтарының артефактілері қойылды.