Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшесі, адамның жеке тұлға ретінде қадір-қасиетін және адами құндылықтар мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету қағидатын қоса алғанда, аталған ұйымның Жарғысында бекітілген мақсаттар мен қағидаттарды таниды.
Мемлекет басшысы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды мемлекеттік саясатты іске асыру барысындағы негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындады. Бала құқықтарына арналған нормалар ел заңнамасында алғаш рет «Неке және отбасы туралы» заңының қабылдануымен пайда болды. Балалардың құқықтарына арналған жеке тарауды заңға енгізу оларды заңнамалық қорғау жолындағы маңызды қадам болды.
2002 жылы елімізде «Қазақстан Республикасындағы Баланың құқықтары туралы» заң қабылданып, ол баланың Конституциямызда кепілдiк берiлген негiзгi құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруға байланысты туындайтын қатынастарды реттейдi. Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту, балаларға қатыгездік фактілеріне уақтылы ден қою, буллингке қарсы күрес бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп келеді.
Осы факультативтік хаттаманы ратификациялау – бала құқықтарын одан әрі заңнамалық нығайтуға елеулі қадам. Бұл заң Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті отырысында салалық министрліктермен бірлесіп жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, Бала құқықтары туралы конвенцияны еліміз 1994 жылғы маусымда ратификациялады және осы саладағы негізгі халықаралық-құқықтық құжат болып есептеледі.
Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Бала құқықтары туралы конвенцияның хабарламалар рәсіміне қатысты Факультативтік хаттамасына қосылу туралы шаралар қабылдауды Үкіметке тапсырған болатын. Президент Жарлығына сәйкес биыл 7 ақпанда еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы тұрақты өкілі Бала құқықтары туралы конвенциясының хабарламалар рәсіміне қатысып Факультативтік хаттамасына қол қойды.
Құжат Бала құқықтары туралы конвенцияда және Балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына байланысты, Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына қатысты екі Факультативтік хаттамада көзделген бала құқықтарының бұзылуы туралы шағымдарды қабылдау және қарауға өкілеттік береді. Факультативтік хаттамаға сәйкес егер балалар не олардың өкілдері, еліміздегі барлық деңгейдегі соттарда қаралып, шыққан шешіммен келіспесе, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары жөніндегі комитетіне өз құқықтарының бұзылуы туралы шағымдар түсіре алады.
Факультативтік хаттама хабарламаларды қараудың екі рәсімін қарастырады, олар – жеке және мемлекетаралық хабарламалар. Бала құқықтары жөніндегі комитеттен келіп түскен сұраулар мен пайымдаулардың қаралу тәртібі Бас прокуратура, Әділет және Сыртқы істер министрліктерінің бірлескен бұйрығымен нақты регламенттелген.
Балалар мәселелері әрқашан ерекше назар аударуды қажет етеді, олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету басты міндетіміздің бірі екенін атап өткім келеді. Осыған орай, салалық мемлекеттік органдар нақты мәселелерді мемлекет пен қоғам ресурстарын неғұрлым өзекті бағыттарда, әсіресе балалар құқықтарының бұзылуының алдын алуға аса назар аударуға тиіс.
Әлемнің қай елінде болса да, балаларымыздың кез келген құқығының бұзылуына көз жұма қарамай, жағдайды үнемі қадағалап, жедел әрекет ету қажет. Үшінші факультативтік хаттаманы ратификациялау арқылы біз балалар құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытында тағы бір маңызды қадам жасаймыз деп сенімдімін.
«Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заңында көзделген балалар құқықтары мен бостандықтарын қорғауды орнықты дамытуға бағытталған деп толықтай айтуға болады.
Талғат ЖҮНІСОВ,
Сенат депутаты