• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Желтоқсан, 2023

«Дарын» сыйлығы: Топжарған жастар

431 рет
көрсетілді

Өткен жұмада «Дарын» мем­лекеттік жастар сый­лығының лауреаттары анықталды. Үздіктерді елордада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева марапаттады.

«Дарын» сыйлығы 1992 жылдан бастап дарынды жастарды ғылыми, шығармашылық және спорттағы жоғары жетістіктері үшін мемлекеттік қолдау мақсатында тағайындалған. Әр жылдары түрлі саладағы 320-дан аса азамат аталған сыйлықты иеленді. Салтанатты рәсімде Аида Балаева мемлекеттік деңгейдегі бұл марапаттың маңызы ерек, жігерлі, асқақ рухты жастарға көрсетілген зор құрмет екенін атап өтті.

«Дарын» – тарихы да, дәстүрі де қа­лыптасқан, осы уақытқа дейін жүздеген талантты жастың шығармашылық жолын ашқан ерекше сыйлық. Олар­дың ішінде әйгілі спортшыларымыз Ольга Шишигина, Денис Тен, Динара Сәдуақасова, бүгінде мәдениет қайрат­керлері атанған Димаш Құдайберген, Мария Мудряк, «Муз АРТ» және «Ұлы­тау» топтары, жас ғылымдар Максим Здоровец, Мақсат Жабағин, осы күні журналистика майталмандарына айналған Гүлнәз Әлімгерей, Мақпал Жұмабай, Ирина Тен сынды дарындар бар. Әрине, өнер-білім – адамның талабынан туса, оның ішкі тәлімі мен мәдениеті – тұл­ғаның зиялы санасы мен ұлттың сапасынан. Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зиялы, интеллектуалды ұлт туралы айтқанда, ең алдымен, оның негізін құраушы – өнерлі де білімпаз жас қана емес, терең саналы, рухани сапалы жандар туралы айтады. Мемлекет басшысының кейінгі жылдары жүргізіп жатқан ауқымды реформалары да осындай жастарымыздың ертеңі үшін жасалып жатыр. Болашақ Қазақстанның әлемдік аренада шын мәнінде өркениетті, зиялы да зайырлы, озық ойлы болуының бірден-бір кепілі де осы. Оның негізінде қарапайым, бірақ өте мағыналы бес талап жатыр: білім, еңбекқорлық, адалдық, жауапкершілік және кәсіпқойлық. Бұл қасиеттердің барлығы «Дарын» сый­лы­ғының иегерлеріне тән, өсіп келе жатқан жастарға үлкен өнеге. Бір ғана Димаш Құдайбергеннің мысалында Отанымызды, оның мәдениеті мен тілін төрткүл дүниеге паш етіп жүрген өнерпазды ғана емес, ішкі парасаты зор, адами тәлімі үлгі, жаны мейірбан азаматты көреміз. Сөз жоқ, бұл жастарға дұрыс бағыт көрсететін өнегелі жол», деді министр.

Биылғы «Дарында» бірқатар өзгеріс болды. Үміткерлер жасы 35-ке дейін ұлғайтылды. «Қоғамдық қызмет» аталымы «Креативті бастамалар» деп өзгертілді. Аталым креативті индустрия саласын дамытуға мемлекет тарапынан ерекше назар аударуға байланысты өзгеріске түсті. Осы бағытты ынталандыру өңірлердегі бастамаларға жүйелі түрде назар аударуға, түрлі жобаларды анықтауға және оларды көтермелеуге, ең үздік идеяларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Түскен өтінімнің саны жылдағыдан 50 пайызға көп. 340-қа жуық жастың жұмысы 10 номинация бойынша сарапқа салынды. Оларға қоғам қайраткерлері мен салада айшықты орны бар тұлғалар қазылық етті. Нәтижесінде, 19 жастың жұлдызы жанып, абыройы асқақтады. Жеңімпаздарға «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы және диплом, төсбелгі мен ақшалай сыйлық табысталды. Жемісті ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметі, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін: «Ғылым» аталымы бойынша Инеш Кенжина, Елбек Өтепов, «Эстрада» аталымы бойынша Айзада Абдықалықова, Толғанай Пазылақын, «Классикалық музыка» аталымы бойынша Айгерім Аманжолова, Ақбике Алғи, «Халық шығармашылығы» аталымы бойынша Болат Долдашев, Бекболат Әбдіберікұлы, «Дизайн және бейнелеу өнері» аталымы бойынша Дамир Касьянов, Салтанат Жапарова, «Журналистика» аталымы бойынша Ақерке Бектас, «Креативті бас­тамалар» аталымы бойынша Әділхан Қопабаев, Айбек Қуатбаев, «Спорт» аталымы Ризабек Айтмұхан, Жібек Құлымбетова, «Әдебиет» аталымы бойынша Бақытбек Қадыр, Мейіржан Жылқыбай, «Театр және кино» аталымы бойынша Еркінбек Птыралиев, Фархад Булатов 2023 жылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреат­тары атанды.

Марапатталғандар арасында ел газеті «Egemen Qazaqstan» тілшісі, жас жазушы Бақытбек Қадыр да бар. Бақытбек жазу шеберлігі қалыптасқан, көркем шығармашылық әлемінде өз қолтаңбасын танытып үлгерген қаламгер, «Жасыл шатырлар» атты әдеби шығармалар жинағы жарық көрген.