Әр он екі жылда бір келетін ұлу жылында жаны жайсаң, ақылды да зерек адамдар дүниеге келеді. Тарихқа бір көз жүгіртсек, бұл жылы туған, ерен еңбегімен есте қалған ұлы тұлғалар өте көп. Оның барлығын тізіп көрмесек те, соның бірнешеуіне тоқтала кетсек.
Ұлу жылы туған ұлы тұлғалардан ең әуелі әйгілі философ, математик Омар Хайям (1048), атақты жазушы, детектив жанрының негізін қалаушы Эдгар По (1810), әйгілі қаламгерлер Льюис Кэрролл (1832), Дж.Р.Толкиен (1892), Иосиф Бродский (1940), Максим Горькийді (1868) атап өтуге болады.
Ал әлемнің жаратылысы мен тылсымына көз тіккен философтар арасынан Фридрих Ницше (1844), Фридрих Энгельс (1820), Освальд Шпенглер (1880), Жан-Жак Руссо (1712), әйгілі Иммануил Кант (1724) сынды алыптар бар.
Саясатқа қатысы барлардың арасында өжет қыз Жанна д’Арк (1412), орыс патшасы Николай II Романов (1868), Америка Президенті Авраам Линкольн (1810), Эрнесто Че Гевара (1928), Ресей Президенті Владимир Путин (1952), Франсуа Миттеран (1916), Эдуард Шеварднадзелерді (1928) атауға болады.
Сондай-ақ ұлу жылында қазақтың да талай жайсаңы мен жақсысы дүниеге келген. Атап айтсақ, энциклопедист-ғалым Жүсіп Баласағұн (1016), ғұлама Әнет баба (1628), Қарасай батыр (1664), Шал ақын (1748), күйші Дәулеткерей Шығайұлы (1820), күйші Абыл (1820), қазақтың алғашқы режиссері Жұмат Шанин (1892), археолог-ғалым Әлкей Марғұлан (1904) бар. Осы жылы туған саясаткерлер арасында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев (1940) та бар. Белгілі сазгер Ескендір Хасанғалиев те ұлу жылында дүние есігін ашқан еді.