• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2010

БАЛУАННЫҢ БАҒЫ — БАПКЕРІНДЕ

548 рет
көрсетілді

Жақында грек-рим күресінен ұлттық құрама Тбилисиде өткен “Алтын Гран-при” халықаралық турниріне қатысып қайтты. Бұл бәсекеде бас бапкер Мұратбек Қасымхановтың жігіттері жақсы белдесіп, бір алтын, бір күміс және екі қола медальді жеңіп алды. Осыған байланысты біз Грузиядан келген ұлттық құраманың бас бапкерімен кездесіп, балуандардың қазіргі бабы, еліміздегі грек-рим күресінің жағдайы жөнінде әңгімелесуді жөн көріп едік. – Алдымен Грузияда өткен турнир жөнінде ай­тып берсеңіз. Онда қазақ балуандары қалай күресті? – Бұл турнир халықаралық Күрес түрлері қау­­­ымдастығының ұйымдастыруымен жыл сай­ын Олимпия ойындарының чемпионы Гиви Кар­­­тозия мен әлемнің екі дүркін чемпионы Вахтанг Бала­вад­зенің жүлдесі үшін өткізіледі. Оның жеңім­паз­дары мен жүлдегерлеріне қомақты сый­ақы бер­і­леді. Міне, осы сында біздің балуан­да­рымыз бір ал­тын, бір күміс және екі қола медаль­­ді жеңіп ал­ды. 66 кило салмақта Айбек Еңсеханов алтын жүлдені, дәл осы салмақта белдескен тағы бір балуанымыз Дархан Баяхметов қола жүлдені, 74 кило салмақта кілемге шыққан Асхат Діл­мұ­хамедов күміс медальді иеленсе, Роман Мелешин үшінші орынды қанағат тұтты. Жалпы, біз бұл тур­нирге жақсы дайындықпен бардық. Оған қа­тысу үшін демеушілеріміз көмектесті. Олар бол­маса, біздің күрестің жағдайы қиын болар еді. Осы жеңістердің бәрі солардың арқасында келіп жатыр. – Мұның алдында Үндістанда өткен Азия чемпионатына, басқа да халықаралық жарыстарға қатысып қайттыңыздар ғой. Осыларға балуан­дарды іріктеу қалай жүргізіледі? Бокс сияқты екі-үш құрама бар ма? – Ондай құрамалар болашақта болады. Ал ауыр салмақтағы балуандар тапшы. 120 килода Нұрмұқан Тінәлиев, 96 килода Әсет Мәмбетов, Мар­ғұлан Әсембеков, Ерұлан Ысқақов, 84 килода Алзахор Өздиев, Жаңаберген Қабдешев, Андрей Самохин бар. Біз оларды өздерінің арасында күрес­тіріп, жарыстарға апарамыз. Ауыр салмақта балуандарымызға демеушілер болмаса, жағ­дайы­мыз қиын болар еді. Тағы да меценаттарымызды айтқым келеді. Осы жерде Марат Тұрлыхановтың көрсетіп жатқан қолдауын айтар едім. Қазір ол өзі демеуші болып, жаттықтырушылар тауып, балуандарды Ресейге апарып жүр. Ал Ресейде кез келген балуанға есік ашық емес қой. Өйткені, олар өз тактикаларын ешкімге көрсеткісі кел­мей­ді. Дәулет Тұрлыхановтың да еңбегі көп. Ол кісі Ресейдің Күрес түрлері федерациясының бас­шы­сы Михаил Мамиашвилимен сөйлесіп, екі балуа­ны­мызды Мәскеуге жаттығуға жіберді. Қазір Әсет Мәмбетов пен Нұрмұхан Тінәлиев сонда жат­ты­ғып жүр. Ал кіші салмақтарда құрамалар бар. – Күреске ауыл балалары көп келетіні белгілі, олардың арасында оң нәтижелер көрсетіп жүргендері бар ма? – Қазір күрестегі балуандардың бәрі ауылдан шыққандар. Олар ауылдан спорт мектептеріне келеді. Сонда білім алып, жаттыққан соң, жарыс­тарға қатысады. Сол жарыстарда көзге түссе жастар құрамасына алынады. Егер одан бірінші болып жатса, Олимпиялық орталыққа барады. Содан кейін ол жерден ұлттық құрамаға ілігеді. Оған ұтып, ұтылып жүргендер іліге бермейді. Уақытында жаттығып, режім сақтап, тұрақты нәтижелер көрсетіп жүргендер ғана алынады. Біз ешкімнің әдемі көзіне, жақсы мінезіне қарамай­мыз. Мінез деген мамандық емес. Сосын мына бала ұтты екен деп құрамаға алмаймыз. Біз оны әбден тексеріп, ақылына қарап аламыз. Өйткені, оған әрқашан бәсекелес балалар табылады. – Бапкерлер мен балуандар арасында тығыз байланыс бар ма? Олар қандай ақыл-кеңестерін айтады? – Бізге атақты бапкер Вадим Псарев әдістерін көрсетіп тұрады. Өзіміз де ол кісімен жиі хабар­ласамыз. Бағымызға жолыққан, қазақтың маңдайына бұйырған Дәулет Тұрлыхановты жақсы білесіздер. Ол кісінің қаны қызып кете ме, кейде өзі костюмін шешіп, кілемге шығып кетеді. Осы мамандар жаттығу залдарына келсе, балуандардың рухы көтеріледі. Соны бір жетідей ұмытпай, айтқан ақылдарын, кеңестерін қайталап жүреді. Мысалы, Дәулет Болатұлы шетелде ме, қай жерде жүрсе де, түн ортасында да те­­­лефон соғып, балуандардың салма­ғын, жағдайын сұрастырып, мына бала былай болып жатыр, оған көмектесу керек деп жатады. Ал Бекзат Сарманов федерация тара­пынан балуан­дарға қаржылай көмек беріп жатыр. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН. ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ӘРКІМ БОЛМАЙДЫ Бүгін Оңтүстік Африка Республикасында жер-жүзінің барлық халықтары жақсы көретін футболдан әлем чемпионаты басталады. Оның алғашқы матчы Йоханнесбургтің 95 000-ға жуық адам сиятын “ Соккер сити” стадионында алаң иелері мен Мексика құрамаларының арасында өтеді. Бұл кездесудің бұрыңғы Кеңес Одағының құрамында болған елдер үшін бір ерекшелігі, матчта ФИФА-ның өзге өкілдерімен бірге Азия атынан өзбекстандық Равшан Ир­матов та төрелік жасайды. Кездесуде ол қапталдағы төрешінің міндетін атқарады. Равшан әлем чемпионаты тарихында биылғы бәсекенің ең жас төрешісі болайын деп тұр. Оның жасы – 32-де, ал чемпионаттың ең жасы үлкен төрешісі 42 жастағы итальяндық Роберто Розетти болмақ. Қазір әлем чемпионатына 2,2 млн. билет сатылыпты. Мамыр ай­ын­да дейін ФИФА билеттерді интер­нет арқылы саудалаған екен. Сонда қанша билет сатылды дейсіздер ғой, бар болғаны – 500 000 билет. Соны ескеріп, трибунаның бос бола­ты­нына қауіптенген ФИФА билеттерді екінің бірі интернетке кіре бермейтін оңтүстікафрикалықтарға ашық саудалағанды жөн көріпті. Соның нәтижесінде қазір жергілікті халыққа 925 437 билет сатылса, АҚШ азаматтары 118 945 билет алған екен. Жалпы, ОАР күнделікті тәртіп мә­селесін айтпағанда, әлем чемпио­натын лайықты деңгейде өткізуге тас-түйін дайын тұр. Мәселен, дүй­сенбі күні полиция 3 200 ағылшын фана­тының төл­құ­жатын тәркілеп алса, 10 арген­ти­налық жанкүйерді Йохан­нес­бургтің әуежайынан “бірін­ші рейс­пен” елдеріне қайтарып жіберіпті. Дегенмен, осындай оқыс оқи­ға­лар болып жатса да чемпионатқа кел­ген туристердің көңіл-күйлері көте­ріңкі, бәрі де қонақүйлерге ор­нала­­сып, төрт жылдың басты бә­секесін тамашалауды тағатсыздана кү­туде. Қазір олардың бәрін алаң­да­тып отыр­­ған мәселе, биылғы до­да­ның чемпио­­ны қай елдің бола­ты­нын­да. Осы орай­да УЕФА прези­ден­ті Мишель Пла­ти­ни жарыс­тың бас жүлдесін Бразилия, Испания немесе Англия жеңіп ала­тынын айтса, Италияның бас бапкері Марчелло Липпи Бразилияның, одан басқа Голландия, Германия, Италия мен Францияның атанатынына се­німді. Ал Португалияның бас бапкері Карлуш Кейруш әлем чемпионы Аргентина болады деген пікірде.