• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Желтоқсан, 2023

Бейбіт атом мәселесі

165 рет
көрсетілді

Жуырда бірқатар азаматтық қоғам өкілі Қазақстанда АЭС құрылысын қолдайтындарын білдірді. Астанада ҮЕҰ, азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен «Бейбіт атом» тақырыбында республикалық семинар өтті. Онда АЭС-ке қатысты қазақ қоғамын мазалаған сан алуан сұраққа жауап іздеді.

Елдік іс-шараға арнайы келген атом саласының сарапшылары семинарға қатысушыларға электр энергетикасын дамытудың болжамды баланстары, Қазақстанда АЭС салу жоспарлары және АЭС-тің экономиканы көтеруге әсері туралы тереңнен тартып, кең толғап айтып берді.

Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мурсалова Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы соңғы кезде анық бай­қалатыны жөнінде баяндап, АЭС электр энергиясының тұрақты база­лық генерациясын қамтамасыз етуге көмектесетінін түсіндірді.

«Қазақстанда АЭС салып, атом энергиясын бейбіт түрде ел игілігіне жарату, отаны­мызды электр қуа­тына тәуел­ді­лік­­тен айыру­мен қатар, оның артыл­ғанын көрші елдерге сатып пұлдауға да жол ашады. Ең бас­тысы, ауа­ны ластайтын зиянды шығын­дыларды мейлінше азайтып, қор­шаған ортаның тазалығын жақсартып, азаматтардың саламатты өмір сүруін қамтамасыз етуге де мол мүмкіндік береді. Елдің энергетикаға қатысты келешегін бүгіннен бастап дұрыс бағамдай алмасақ, артта қалған елдердің қатарына түсіп қалуымыз әбден мүмкін», деді Г.Мурсалова

«ҚАЭС» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин Қазақ­станда АЭС салу жобасы, атом стан­сасы­ның техникалық аспек­тілері мен экологияға әсері туралы әңгімеледі. Сөз кезегінде «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев елі­мізде атом энергетикасын дамыту қа­жеттігін тәп­тіштеп, АЭС – электр энергиясын өндірудің нағыз эколо­гиялық көзі болып табы­латынын айтты.

«Жасылдар партиясы жасыл энергияны, атом энергиясын қол­­дайды. Біз балаларымыздың болашағын жасыл энергияның көмегімен қамтамасыз етуіміз керек. Өйткені атом электр стансасында парниктік шығарындылар жоқ. Сондықтан Қазақстанға атом электр стансасын міндетті түрде салған дұрыс деп ойлаймын. Себебі біздің елде электр энергиясының тапшылығы бар. Тағы да қайталап айтайын, АЭС Теміртау, Балқаш, Жаңатас сияқты қалалардағы көмір шығарындыларының мәс­елелерін шешуге және елдің эколо­гиялық жағдайын жақсартуға бек көмек­теседі», деді ол.

Семинардың салмақты бөлімі пікір алмасуда елдегі бірқа­тар қо­ғамдық ұйым мен бірлес­тіктің жетек­шілері, сондай-ақ белсенді өкіл­дері АЭС-ке қатысты ой-тол­ғам­­дарының анық қоры­тынды­сы туралы ашық айтып, барлығы бір пәтуаға келгендей болды. «Адамзат өркениетінің ең артында қалмайық десек, АЭС-ті толық игеріп, ел игілігіне дұрыс пайдаланайық!».

Ал «Күміс еріктілер» ҚБ өкілі Эльвира Рафикова елімізге АЭС ауадай қажет деп санайтынын айтты.