• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Желтоқсан, 2023

Қарақалпақ әндері әуелеген кеш

282 рет
көрсетілді

Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан ағайындардың қай-қайсысының да түп тарихы, өнері мен салт-дәстүрі, әдебиеті мен мәдениеті қазақ елімен тереңнен тамырласып жатыр. Бауырлас халықтардың түрлі тараптағы бекем байланысы бүгінгі таңда да жалғасып келеді. Күні кеше ғана елордада қарақалпақ әндерін тыңдап, мың бұралған биіне сүйсініп қайттық. Әндегі шығыстық әуез тұла бойыңды балқытып, бір сәт Қарақалпақ елінің топырағына алып кеткендей әсерде болдық.

Қарақалпақтың классик ақыны Тiлеуберген Жұмамұратовтың «Қазақ досыма» атты өлеңі бар. Сонда шайыр төмендегіше жырлайды:

«Кейде тiптi сыбай қонған ел екен,­

Iргелесiп қондырылған керегем.

Қарақалпақ елiнде де жырланды,

Қамбар батыр, Алпамыс пен Төлеген.

Бiр теректiң бұтағындай ұрпақпыз,

Қайғыда да, шаттыққа да ортақпыз.

«Кең даланың жыршысы» деп бiз­дер­дi,

Уәлиханов айтқан қарақал­пақ­пыз». Міне, сол Шоқан бабамыз «кең даланың жыршысы» деп атаған халықтың өнері­мен күні кеше елорда жұртшылығы кеңінен танысты.

Әл-Фараби атындағы Оқушы­лар сарайында өткен әнші, Өзбек­стан мен Қарақалпақстан Респуб­ликаларының еңбек сіңір­ген әртісі Махсетбай Өте­мұ­ра­тов­тың «Мен ауылды сағын­дым» атты кеші өскен жерді, туған топырақты, қарашаңырақты са­ғын­­ған талай жанның көңіліне медеу болды. Кон­церт­ке келген әр көрерменнің жүзі­нен кіндік кес­кен жұртын аңса­ған күй­ді­ байқамау мүм­кін емес. Барлық әнді қосыла шыр­қап, кезек-кезек­ гүл шоқтарын ұсы­нып, тер­беле, тебі­рене қол шапа­лақ­тап, тіпті орта­ға шығып билеп те кет­ті. Көп­ші­лікке осындай кере­мет көңіл күй сыйлап, сонау өскен өңір­дің ыстық сәлемін алып кел­ген Мах­сет­бай Өтемұратов өз шы­ғар­ма­шы­­лы­ғындағы таңдаулы туындыларды орындады. Қазақ әндерін де нақышына келтіре шыр­қа­ды.

Өнер майталманының ән ке­шін­де­­ Астанадағы «Жайхун» қара­қал­пақ­­ этномәдени бір­лес­ті­гінің бишілері сахнаға шықты. Сондай-ақ «Qazaqstan дауысы» жобасының II маусымында финалда бақ сынап жатқан Қарақалпақстанда тұратын талантты қандасымыз Мұса Марат ән ай­тып, тыңдаушыны баритон дау­сымен таңғалдырды. Қазақы дәс­түрмен Махсетбай Өтемұратов өнер­де ізінен ерген інісіне талай жеңіс пен жетістікке жеткізген костюмін тарту етті. Қасиетті сахнада жүрген екі толқынның сыйластығы халықтың өнерін тасытып, мерейін асыратыны сөзсіз.

Айта кетейік, өнер айдынында қан­шама жылдан бері еңбек етіп жүрген айтулы кештің авто­ры бірталай додада оза шауып, биіктерді бағындырып келеді. Мәселен, 2001 жылы Өзбекстан Рес­­пуб­ликасы Президентінің жас­ та­лант­тарға арналған «Нихол» сый­­­­­лы­ғының лауреаты атанды. 2005 жылы «Қарақалпақстан Рес­пуб­­­ликасының еңбек сіңірген әртісі» атағы берілсе, 2011 жылы «Өзбекстан Респуб­ли­ка­сы­ның еңбек сіңірген әртісі» атанды. Бұдан басқа да халықаралық аре­на­да топ жарған же­тіс­тіктері жетерлік. Күні кеше ғана қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойы аясында ха­лық­­аралық іс-шараларға қолдау көр­сетіп, бауырлас елдер­де оның шы­ғармаларын кеңінен наси­хат­тау­ға, екіжақты мәдени байланыс­тар­ды нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Пре­­зи­дентінің Алғысхатымен мара­пат­тал­ды. Сондай-ақ Алма­ты­да өткен «Жыл адамы» бай­қауын­да «Алтын адам» аталымын иеленді. Әнші бүгінде Нөкіс қала­сын­дағы Қарақалпақстан көр­кем өнер сарайының директоры қыз­ме­т­і­н­ атқарып отыр.

Әнші қаншама жылдан бері қа­­зақ елін аралап, жеке концерт бе­ріп жүр.

«Бұл жақта да жерлес бауыр­ла­рымыз көп. Әмударияның суын ішкен, бала кезден бірге өскен талай қарақалпақ баласы бүгінде Қазақстанда тұрып жатыр. Сол қандас жұрттың туған елге, туған жерге сағынышын басып, ауылдың сәлемін жеткізейін деп жеке кештерімді жиі өткі­зу­ге тырысамын. Биыл менің шы­ғар­ма­шылығым үшін табысты болды. Гастрольдік сапарым да Астананың төріндегі кешіммен аяқталып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Алғысхатымен марапатталдым. Бұл – Өзбекстан мен Қазақстан ара­сындағы мызғымас берік мәдени бай­ла­ныстың белгісі», дейді Махсетбай Өтемұратов.

Аталған кеш бас қаламызда 2016 жылы ашылған «Жай­хун»­­ қара­­қалпақ этномә­дени бір­­­­лес­­­­­ті­гінің ұйымдастыруымен өтіп отыр. Бұл бірлестік қара­қалпақ мәде­ние­тін насихаттау мақсатында түрлі мәдени, қайырымдылық іс-шараларын өткізіп келеді. Бір­лес­тік құрамындағы «Жайхун» би ансамблі мен жас әншілер де түрлі сахналарда өнер көрсетіп жүр.

«Жайхун» қарақалпақ этно­мә­де­ни­­­ бірлестігінің төрайымы Тазабике Салиеваның айтуынша, екі халықтың өнері де бір өрістен тарайды.

«Бізде әнді «қосық» деп айтады. Дом­бы­­рамен ән айтуды дудар­мен бақсы­лар­дың ән айтуымен салыстыруға болады. Батырлардың жыр-эпосын қобызбен орын­дайды. Бізде қазақ тіліндегі кітап­тар өте көп. Оқырмандар да оны асыға күтеді. Ақындар айтысына да көп­ қы­зығады. Күтіп жүреді. Менің қайын­енем Мұқағали Мақатаевтың өлең­де­рін жатқа біледі. Қазақтың ақын-жазу­шы­ларын құрметтейді. Бүгінгі Махсет­бай­дың жеке кон­цер­ті де туысқан екі ха­лық­тың ара­сындағы тереңнен тамыр тар­­тып жатқан мәдени байланысты ны­ғай­­­ту­ мақсатында өткізіліп отыр», деді Таза­бике Салиева.

Сондай-ақ ол бірлестік құра­мын­­да билер мен алдыңғы тол­қын ағалар, Қазақстанның әр сала­сында же­місті қызмет етіп жүр­ген жерлес­тер, іс-шара­ларды ұйым­дастыруға әр­қа­шан білек түре атсы­ла­сатын бел­сенді жастардың да бар екенін атап өтті.

Айта кетейік, сазды кешке­ Өзбек­стан Респуб­ликасының Қазақ­стан Респуб­ли­ка­­сындағы елшілігі қыз­мет­керлері де қатысты.