• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 26 Желтоқсан, 2023

Ауыл шаруашылығының дамуы – экономика өзегі

732 рет
көрсетілді

Ел экономикасының негізгі буы­ны саналатын ауыл шаруашы­лы­ғы­­ның тұрақты дамуы қай кез­де де мемлекеттің басты назарын­да. Соның ішінде халық көп тұ­ты­на­тын азық-түлік өнімдері­нің қауіп­сіздігі аталған сектордың өркендеуіне байланысты.

Біздегі табиғи жайы­лым­дардың көлемі – 180 млн га. Бұл жөнінен Қытай, Аустралия, АҚШ, Бразилиядан кейін әлем бойынша 5-орында тұрмыз. Егістік жерлердің көлемі – 35,4 млн га, дүниежүзі бо­йынша 10-орынды иелене­міз. Соның ішінде тыңайған жер көлемі 10,6 млн га жетеді. Бұл ет, сүт, астық, жеміс-жидек пен көкөніс секілді азық-түлік өнімі бойынша шетелдік экспортқа тәуелді болмай, отандық өнімдердің нарықты қамтамасыз етуге мол мүмкіндік. Алайда басты байлығымыз саналатын сол жерді дұрыс кәдеге жаратпай бос қалуы, оған жақында ғана еліміздің шығысында ка­дастрлық құны 700 млн теңгені құрайтын пайдаланылмаған 40 мың гектар жердің мемлекет меншігіне қайтарылғаны мысал бола алады. Сондықтан агросектор кешенін тұрақты дамыту, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, экспортқа шығарылатын өнімдердің көлемін ұлғайтып, халық ара­сында ақпарат­тық түсіндірме жұ­мыс­тарын жүргізу – осы саланың күн тәртібінен түспейтін маңызды міндеттері.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және талдау де­партаментінің директоры Сәуле Молдабаева: «Ауыл шаруашылығына са­лы­натын инвестициялар көлемі жыл сайын айтарлықтай өсіп келеді. Инвестициялық жобалардың негізгі мақсаты да – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және им­портты алмастыру. Бұл бағытта суару, құс етін өндіру, қоймалар мен тауарлы-сүт фермаларын салу, ет, сүт, астықты терең өңдеу және өнер­кәсіптік жылыжай шаруашылығын да­мыту – басымдыққа ие салалар. Агроөнеркәсіп кешеніндегі (АӨК) не­гіз­гі капиталға салынған инвестициялар жөніндегі көрсеткішке қол жеткізу биыл 1 349,3 млрд теңгеге, жоспардың орындалуы – 68%-ды немесе 918 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш ал­дыңғы жылы 798 млрд теңге болған. Нақты сандармен сөйлесек, мемлекеттік қолдаудың арқасында жыл басынан бері 164,5 млрд теңге сомасына 207 жоба пайдалануға беріліп, оның ішінде 24,4 млрд теңге мал шаруашылығы бойынша 70 жобаға, өсімдік шаруашылығына 34,7 млрд теңге 96 жобаға, 95,8 млрд теңге мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудегі 20 жобаға, 8,4 млрд теңге өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудегі 10 жобаға, сонымен қатар өзге бағыттарға 1,2 млрд теңге көлемінде 11 жобаға бөлінген», дейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен қытайлық «VODAR» компаниясы арасында биылғы мамыр айында базалық принциптер туралы келісімге келіп, жобаны пысықтау және іске асыру жө­нінде жол картасы құжаттарына қол қойылды.

Құжат Қазақстанда жаңбырлатып суа­ру жүйелерін шығаратын зауыт құ­ры­лысының жобасына салын­ған инвестиция көлемі шамамен 20 млн долларды құрады. Биыл Әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациялар ар­қылы АӨК саласындағы ірі өнеркәсіптік ин­вестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысы табысты тәжірибесін одан әрі жалғастырып келеді. Келер жылға тағы 100 млрд теңге бөлу жоспарланған. Ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы ең алдымен мемлекеттік қолдауға байланысты екендігі белгілі. Осы ретте АӨК-ті субсидиялау, оны мақсатты пай­да­лануда субсидиялау жүйесіне өзге­рістер енгізіліп, 6 ереже қабылданды.

Биылғы ауа райының қолайсыздығы шаруа қожалықтарының жұмысына оңай соқпағаны рас. Мемлекет басшысының тапсырмасымен зардап шеккен аграршыларды қолдауда бірқатар кешенді шара қабылданып, Үкімет резервінен Жамбыл облысына қаржылық көмек ретінде 3,7 млрд теңге, астықты кептіру үшін 62,5 мың тонна көлемінде жеңілдікпен дизель отыны литріне 250 теңге, нарықтық бағадан 15%-ға төмен бөлінді.

Субсидияларды толық көлемде өтеу бойынша да жалпы 155 млрд теңгеден өсімдік шаруашылығы желісіне алғашқы 30 млрд теңге қарастырылған. Аталған қаражат жергілікті бюджеттерге аударылып, фермерлерге төлемдер жүргізіле бастапты. Мал шаруашылығын субсидиялау жөнінде де Үкіметтің 30 млрд теңге бөлу туралы тиісті қаулысы қа­был­данды. Жақын арада қаражат облыс­тар­дың бюджеттеріне аударылатын болады. Қазіргі күні инвестициялық және пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қалған 30 млрд теңгені бөлу жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ал басты байлығымыз саналатын жерді әлі де дұрыс қолданбау немесе тіпті пайдаланылмай бос жатқандығы жө­нінде Сәуле Сүндетбайқызы мынадай ойы­мен бөлісті: «Биыл республика бо­йынша жер пайдаланушыларға қатысты 2,1 млн га жалпы алаңда жоспардан тыс 1215 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде жер заңнамасын бұзушылықты жою туралы 1,48 млн га алаңға 896 ұйғарым берілді. Сот органдарының қарауында 535,5 мың га алаңда 214 материал бар. Жалпы, 2022 жылдың басынан бастап мемлекетке 10 млн га жер қайтарылды (2022 жылы – 5,4 млн га, 2023 жылы – 4,6 млн га).Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 3,2 млн га (2022 жылы – 2 млн га, 2023 жылы – 1,2 млн га) алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті. Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің 2,8 млн гектары қайта бөлінді. Жайылым тапшылығы мәселесінің өзектілігін ескере отырып, бірінші кезекте мемлекеттік меншікке қайтарылған жайылымдық жерді елді мекендерге бекіту мәселесіне бас назар аударылды. Сол арқылы мал жаю мәселесі біртіндеп шешімін тауып жатыр. Жоғарыда аталған жер учаскелері халықты ортақ пайдаланылатын жерлермен қамтамасыз еткеннен кейін ғана конкурс түрінде жарияланады», деп отыр.

 Кәсіпкерлерге жер учаскелерін жедел әрі әділ түрде бөлу жұмыстары қолға алынып, осы жылдың 5 сәуірін­де Мемлекет басшысы «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­ле­ріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Онда көрсетілетін қызметті алушылардың көрсетілетін қызметті берушілермен өзара іс-қимылды барынша азайту жолымен елді мекендерде жер учаскелерін беру тәртібі жеңіл­де­тілгені (жер комиссиясын алып тастау, келісу мерзімдерін қысқарту) бар.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру рә­сімі автоматтандырылған. Бірыңғай мем­ле­кеттік жылжымайтын мүлік кадастры арқылы цифрлық ауыл шаруашылығы карталары жасалды.

Мәселен, ауыл шаруашылығы жерлері 133 635,4 мың га немесе ауыл шаруа­шы­лы­ғы алқаптары алып жатқан республика аумағының 65,0%-ы цифрландырылды деуге болады.

Желтоқсан айының басында Агро­өнеркәсіп кешені қаржы инсти­тут­та­рының ішінде «Қазақстан Даму банкі», «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Бәйтерек» ұлттық бизнес холдингі мен «Halyk Bank» жеңілдетілген қар­жы­ландыруда агрожобалардың басым бағыттары мен несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің шекті дең­гейі туралы бірқатар қолдау шарасы қа­ра­с­тырылған болатын. АӨК-тегі несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауды, оның шеңберінде қа­рыз алушы үшін несиелердің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 6%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік алды. Бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен қайта өңдеушілер үшін банктік қарыздардың арзандатылған түрі деу­ге болады. Ауылдық жерлерде кепіл мүл­кінің жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында банктік қарыздарға кепілдік беру бағдарламасы бойынша ке­піл­дік­терді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ беретіндігі, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ЕДБ-ны қорландыру жұмысын бастады. Биыл ЕДБ 1,1 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жеңілдікпен несие беру үшін 61 млрд теңге көлемінде қарас­ты­рыл­ды.

Ауыл кәсіпкерлеріне арналған «Ауыл аманаты» жобасы да жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарын өн­діру­ші­лерді қолдауға, ауыл тұрғындарын аграр­лық бизнеске тартуға, азық-түлік қауіп­сіз­дігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталып, оң нә­ти­же беріп келеді. Бүгінде республикалық бюджеттен облыс әкімдіктеріне жеңіл­де­тілген несие бойынша 87,5 миллиард теңге аударылған. 88,4 млрд тең­ге­нің 14 284 өтінімі қаралып жатыр. 66,2 млрд теңгенің 10 878 өтінімі мақұл­да­нып, 53,6 млрд теңгеге 8 761 шағын несие берілген. ШҚО-да (1,5 млрд теңге), Қостанай (1,6 млрд теңге) және Пав­ло­дар (1,5 млрд теңге) облыстарында қаражат толық игерілген. Жеңілдетілген несиені алуға өтінім білдіргендердің дені Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыс­та­рының тұрғындары көрінеді. Аталған бағдарламаны жүзеге асыруға 2023 жылы республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлініп, 17 мың шағын несие беру жоспарланған. Бұл ауылдық жерлерде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Президент ауыл шаруашылығын 5 жыл ішінде дамудың жаңа белесіне шығаруды көздейді. Соның ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2 есе арттыру жөнінде міндет жүктегені, ол үшін аталған салада мемле­кет­тік қолдау жүйесін жетілдіруді, шаруаларды жеңілдетілген қаржымен және субсидиямен қамтамасыз етуді, егіс ал­қап­тарын әртараптандыруды және ауыл шаруашылығы ғылымын да­мы­­туға ба­ғыт­талған құрылымдық әрі инс­ти­туционалдық реформалар жүргізу қа­жет­тігін атап өткені мәлім. Олай болса, экономикамыздың көтеріліп, халықтың әл-ауқатын жақсартудың негізгі тетігі ауылды, ауыл шаруашылығы саласын түбегейлі дамытуда жатыр. Ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өңдеуді жолға қой­сақ, олардың бағасы қолжетімді болатыны анық.