Ел экономикасының негізгі буыны саналатын ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы қай кезде де мемлекеттің басты назарында. Соның ішінде халық көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі аталған сектордың өркендеуіне байланысты.
Біздегі табиғи жайылымдардың көлемі – 180 млн га. Бұл жөнінен Қытай, Аустралия, АҚШ, Бразилиядан кейін әлем бойынша 5-орында тұрмыз. Егістік жерлердің көлемі – 35,4 млн га, дүниежүзі бойынша 10-орынды иеленеміз. Соның ішінде тыңайған жер көлемі 10,6 млн га жетеді. Бұл ет, сүт, астық, жеміс-жидек пен көкөніс секілді азық-түлік өнімі бойынша шетелдік экспортқа тәуелді болмай, отандық өнімдердің нарықты қамтамасыз етуге мол мүмкіндік. Алайда басты байлығымыз саналатын сол жерді дұрыс кәдеге жаратпай бос қалуы, оған жақында ғана еліміздің шығысында кадастрлық құны 700 млн теңгені құрайтын пайдаланылмаған 40 мың гектар жердің мемлекет меншігіне қайтарылғаны мысал бола алады. Сондықтан агросектор кешенін тұрақты дамыту, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, экспортқа шығарылатын өнімдердің көлемін ұлғайтып, халық арасында ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу – осы саланың күн тәртібінен түспейтін маңызды міндеттері.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры Сәуле Молдабаева: «Ауыл шаруашылығына салынатын инвестициялар көлемі жыл сайын айтарлықтай өсіп келеді. Инвестициялық жобалардың негізгі мақсаты да – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және импортты алмастыру. Бұл бағытта суару, құс етін өндіру, қоймалар мен тауарлы-сүт фермаларын салу, ет, сүт, астықты терең өңдеу және өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығын дамыту – басымдыққа ие салалар. Агроөнеркәсіп кешеніндегі (АӨК) негізгі капиталға салынған инвестициялар жөніндегі көрсеткішке қол жеткізу биыл 1 349,3 млрд теңгеге, жоспардың орындалуы – 68%-ды немесе 918 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылы 798 млрд теңге болған. Нақты сандармен сөйлесек, мемлекеттік қолдаудың арқасында жыл басынан бері 164,5 млрд теңге сомасына 207 жоба пайдалануға беріліп, оның ішінде 24,4 млрд теңге мал шаруашылығы бойынша 70 жобаға, өсімдік шаруашылығына 34,7 млрд теңге 96 жобаға, 95,8 млрд теңге мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудегі 20 жобаға, 8,4 млрд теңге өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудегі 10 жобаға, сонымен қатар өзге бағыттарға 1,2 млрд теңге көлемінде 11 жобаға бөлінген», дейді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мен қытайлық «VODAR» компаниясы арасында биылғы мамыр айында базалық принциптер туралы келісімге келіп, жобаны пысықтау және іске асыру жөнінде жол картасы құжаттарына қол қойылды.
Құжат Қазақстанда жаңбырлатып суару жүйелерін шығаратын зауыт құрылысының жобасына салынған инвестиция көлемі шамамен 20 млн долларды құрады. Биыл Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы АӨК саласындағы ірі өнеркәсіптік инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысы табысты тәжірибесін одан әрі жалғастырып келеді. Келер жылға тағы 100 млрд теңге бөлу жоспарланған. Ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы ең алдымен мемлекеттік қолдауға байланысты екендігі белгілі. Осы ретте АӨК-ті субсидиялау, оны мақсатты пайдалануда субсидиялау жүйесіне өзгерістер енгізіліп, 6 ереже қабылданды.
Биылғы ауа райының қолайсыздығы шаруа қожалықтарының жұмысына оңай соқпағаны рас. Мемлекет басшысының тапсырмасымен зардап шеккен аграршыларды қолдауда бірқатар кешенді шара қабылданып, Үкімет резервінен Жамбыл облысына қаржылық көмек ретінде 3,7 млрд теңге, астықты кептіру үшін 62,5 мың тонна көлемінде жеңілдікпен дизель отыны литріне 250 теңге, нарықтық бағадан 15%-ға төмен бөлінді.
Субсидияларды толық көлемде өтеу бойынша да жалпы 155 млрд теңгеден өсімдік шаруашылығы желісіне алғашқы 30 млрд теңге қарастырылған. Аталған қаражат жергілікті бюджеттерге аударылып, фермерлерге төлемдер жүргізіле бастапты. Мал шаруашылығын субсидиялау жөнінде де Үкіметтің 30 млрд теңге бөлу туралы тиісті қаулысы қабылданды. Жақын арада қаражат облыстардың бюджеттеріне аударылатын болады. Қазіргі күні инвестициялық және пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қалған 30 млрд теңгені бөлу жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ал басты байлығымыз саналатын жерді әлі де дұрыс қолданбау немесе тіпті пайдаланылмай бос жатқандығы жөнінде Сәуле Сүндетбайқызы мынадай ойымен бөлісті: «Биыл республика бойынша жер пайдаланушыларға қатысты 2,1 млн га жалпы алаңда жоспардан тыс 1215 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде жер заңнамасын бұзушылықты жою туралы 1,48 млн га алаңға 896 ұйғарым берілді. Сот органдарының қарауында 535,5 мың га алаңда 214 материал бар. Жалпы, 2022 жылдың басынан бастап мемлекетке 10 млн га жер қайтарылды (2022 жылы – 5,4 млн га, 2023 жылы – 4,6 млн га).Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 3,2 млн га (2022 жылы – 2 млн га, 2023 жылы – 1,2 млн га) алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті. Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің 2,8 млн гектары қайта бөлінді. Жайылым тапшылығы мәселесінің өзектілігін ескере отырып, бірінші кезекте мемлекеттік меншікке қайтарылған жайылымдық жерді елді мекендерге бекіту мәселесіне бас назар аударылды. Сол арқылы мал жаю мәселесі біртіндеп шешімін тауып жатыр. Жоғарыда аталған жер учаскелері халықты ортақ пайдаланылатын жерлермен қамтамасыз еткеннен кейін ғана конкурс түрінде жарияланады», деп отыр.
Кәсіпкерлерге жер учаскелерін жедел әрі әділ түрде бөлу жұмыстары қолға алынып, осы жылдың 5 сәуірінде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Онда көрсетілетін қызметті алушылардың көрсетілетін қызметті берушілермен өзара іс-қимылды барынша азайту жолымен елді мекендерде жер учаскелерін беру тәртібі жеңілдетілгені (жер комиссиясын алып тастау, келісу мерзімдерін қысқарту) бар.
Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру рәсімі автоматтандырылған. Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры арқылы цифрлық ауыл шаруашылығы карталары жасалды.
Мәселен, ауыл шаруашылығы жерлері 133 635,4 мың га немесе ауыл шаруашылығы алқаптары алып жатқан республика аумағының 65,0%-ы цифрландырылды деуге болады.
Желтоқсан айының басында Агроөнеркәсіп кешені қаржы институттарының ішінде «Қазақстан Даму банкі», «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Бәйтерек» ұлттық бизнес холдингі мен «Halyk Bank» жеңілдетілген қаржыландыруда агрожобалардың басым бағыттары мен несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі туралы бірқатар қолдау шарасы қарастырылған болатын. АӨК-тегі несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауды, оның шеңберінде қарыз алушы үшін несиелердің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 6%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік алды. Бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен қайта өңдеушілер үшін банктік қарыздардың арзандатылған түрі деуге болады. Ауылдық жерлерде кепіл мүлкінің жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында банктік қарыздарға кепілдік беру бағдарламасы бойынша кепілдіктерді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ беретіндігі, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ЕДБ-ны қорландыру жұмысын бастады. Биыл ЕДБ 1,1 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жеңілдікпен несие беру үшін 61 млрд теңге көлемінде қарастырылды.
Ауыл кәсіпкерлеріне арналған «Ауыл аманаты» жобасы да жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске тартуға, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталып, оң нәтиже беріп келеді. Бүгінде республикалық бюджеттен облыс әкімдіктеріне жеңілдетілген несие бойынша 87,5 миллиард теңге аударылған. 88,4 млрд теңгенің 14 284 өтінімі қаралып жатыр. 66,2 млрд теңгенің 10 878 өтінімі мақұлданып, 53,6 млрд теңгеге 8 761 шағын несие берілген. ШҚО-да (1,5 млрд теңге), Қостанай (1,6 млрд теңге) және Павлодар (1,5 млрд теңге) облыстарында қаражат толық игерілген. Жеңілдетілген несиені алуға өтінім білдіргендердің дені Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыстарының тұрғындары көрінеді. Аталған бағдарламаны жүзеге асыруға 2023 жылы республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлініп, 17 мың шағын несие беру жоспарланған. Бұл ауылдық жерлерде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Президент ауыл шаруашылығын 5 жыл ішінде дамудың жаңа белесіне шығаруды көздейді. Соның ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2 есе арттыру жөнінде міндет жүктегені, ол үшін аталған салада мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіруді, шаруаларды жеңілдетілген қаржымен және субсидиямен қамтамасыз етуді, егіс алқаптарын әртараптандыруды және ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға бағытталған құрылымдық әрі институционалдық реформалар жүргізу қажеттігін атап өткені мәлім. Олай болса, экономикамыздың көтеріліп, халықтың әл-ауқатын жақсартудың негізгі тетігі ауылды, ауыл шаруашылығы саласын түбегейлі дамытуда жатыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді жолға қойсақ, олардың бағасы қолжетімді болатыны анық.