• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Баға 26 Желтоқсан, 2023

Бағаны жіті бақылау қажет

94 рет
көрсетілді

Кеше Мәжілісте вице-спикер Альберт Раудың төрағалығымен Үкімет сағаты өтті. Сауда саясатын дамыту мәселелері бойынша Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндама жасады.

Арман Шаққалиев бүгінде министр­лік­тің жұмысы үш негізгі бағыт – ішкі сауда, сауда-экономикалық интеграция және экспортты қолдау бойынша жүргізіліп жатқанын айтты. Әлеуметтік бағыт бо­йынша сауда саласы бірінші орында, ішкі жалпы өнім экономикалық үлес бойынша екінші орында тұр.

«Барлық шағын және орта бизнес субъек­ті­лерінің 36 пайызы саудамен айна­лысады. Әлеуметтік бағыт бойынша сауда саласы бірінші орында тұр, 1,5 миллионнан астам адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Биыл 11 айда саудаға тартылған инвестиция көлемі 410,6 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 41,3 пайызға жоғары.

Ішкі тауар айналым 21,1 пайызға өсіп, 53,6 трлн теңгеге жетті. Сауданың нақты кө­лем индексі 111,3 пайызға жуықтады. Сыртқы сауда қызметінде де оң динамика байқалады. 2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша сыртқы сауда айналымы 114,1 млрд долларды құрап, өткен жыл­дың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 пайызға артты», деді А.Шаққалиев.

Министрдің сөзіне сүйенсек, елімізде заманауи сауда форматтарының үлесі 31 пайызды құрайды. Сауда алаңымен қамтамасыз ету халықаралық деңгейден төмен. Сала басшысы мемлекеттік қолдау құралдары арқылы 2027 жылға қарай сау­даның қазіргі заманғы форматтарының үлесін 56 пайызға дейін арттыру екенін атап өтті.

«Бизнестің жол картасында құрылыс салуға, қайта құруға немесе жабдықты сатып алуға кредит алатын сауда нысандары үшін сыйақы мөлшерлемесін төмендету қарастырылған. Осындай функцияны іске асыру үшін нормативтік базаны қалыптастырамыз. Сауда-саттықтың ұйым­­дастырылған және көп форматты қа­ғи­датын дамыту, сауда базарларын жаң­­ғырту бағыттары бойынша шаралар қабылданады.

Қазіргі уақытта барлық сауда нысанын зерттеп жатырмыз. Зерттелген ақпарат сау­да нысандарының интерактивті цифрлық картасында көрсетіледі. Сауда-саттыққа қолайлы жағдай жасау үшін әкімдіктермен бірлесіп сауда алаңдарымен қамтамасыз етудің облыстық нормативтерін қабыл­дай­мыз. Жәрмеңкелер, көше саудасы, жеткізу саудасы, көрмелер, «үй жанындағы» дү­кен­дер секілді көп форматты сауда-сат­тықты дамытуға ерекше назар аударылады. Бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп ұлттық стандарттар әзірленеді, қосымша ойыншылар тартылады, франшиза элементтері енгізіледі.

Біз кооперативтік дүкендерді және «үй жанындағы дүкендер» кооперация­сын құруды пысықтап жатырмыз. Бұл шағын дүкендерге бірлескен көтерме сатып алуды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бола­шақта біз оларды ауыл шаруашы­лы­ғының өнімді сақтау, іріктеу сияқты орталықтарымен байланыстырамыз. Бұл өнім­деріміздің ішкі нарығын молайтуға жақсы әсер етеді», деді А.Шаққалиев.

Сала басшысы сауда базарларының маңызды екеніне тоқталды. Оның айтуынша, бәрі бірдей қала құрылысы, өрт және санитарлық стандарттарға сәйкес келмейді. Сондықтан бизнеспен бірге базарларды жаңартуды қажет ететін нысандар анықталған.

«Қазіргі таңда 460 универсалды ба­зар­дың 195-ін заман талабына сай өзгер­­ту қажет болған, олардың 121-і жа­ңар­тылды. Қалған 74-і бо­йынша әкім­дік­термен және базарлардың меншік иелерімен бірлесіп 2025 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. Жаңартуды аяқтаудың әртүрлі мерзімі белгіленді. Облыстар үшін – 2025 жыл, ал астана мен республикалық маңызы бар қалалар үшін – 2023 жыл.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне жол бермеу жөніндегі жұмысқа ерекше назар аударылады. Жұмыс Ауыл шаруашылығы министрлігі, монополияға қарсы орган, әкімдіктер, Азық-түлік корпорациясы және тұрақтандыру қорларымен бір­ле­сіп кешенді сипатта жүргізіліп жатыр. Жалпы, бұл Президенттің инфляция дең­гейін 2 есе төмендету жөніндегі тапсыр­ма­сын орындауға бағытталған», деді А.Шаққалиев.

Министр келтірген деректерге сүйен­сек, электронды шот-фактураларды пай­да­лана отырып, 3,5 мыңға жуық баға белгілеу тізбегіне талдау жасалған. Биз­нес субъектілеріне бар­май-ақ бұзу­шы­лықтардың 500-ге жуық тәуе­келі анық­тал­ды. Барлық факт бойынша мате­риал­дарға шара қабылдау үшін тиісті орган­дарға жол­даныпты.

«Қабылданған шаралардың нәтижесі Әлеу­меттік тауарлар бағасының индексі 5,5 есеге төмендеп, 3,4 пайызды құрады. Жалпы, жылдық инфляция 10,3 пайыз дең­гейінде қалыптасты. Соның ішінде ақылы көрсетілетін қызметтер – 12 пайыз, азық-түлік емес инфляция – 9,9 пайыз, азық-түлік инфляциясы – 9,2 пайыз.

Тауарларды бақылаудың Ұлттық жү­йе­­сін құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол – ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­шілерден тұтынушыға дейінгі Әлеу­меттік тауарлардың сатылу үдерісінің «электрондық ашықтығы». Жүйенің не­гіз­гі контурлары көрмеде ұсынылған.

Сонымен қатар Президенттің әлеумет­тік тауарлар бағасын мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тарту жөніндегі тапсырмасын орындай бастадық. Оның орнына атаулы әлеуметтік көмек алатын топтарға қолдау басқаша көрсетіледі», деді А.Шаққалиев.

Келесі маңызды бағыт – тұтыну­шы­лар­дың құқығын қорғау. Министрдің айтуынша, басты мақсат – тұтынушылардың құқығын қорғаудың тиімділігін арттыру. Сондай-ақ 2023 жылғы 1 шілдеден бастап «Қазақстанда жасалған» таңбалау белгісі» және «Қазақстанда жасалған» таңбалау белгісін қолдану тәртібі» атты екі ұлттық стан­дарт қолданысқа енгізілді.

Министрлік жұмысының үшінші негізгі бағыты – шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету. Сонымен қатар әлемдік трендтерді ескере отырып, на­рықтарда тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сыртқы нарықтарға ілгері­ле­ту бойынша ортамерзімді тәсілдер әзір­ленген.

«Ең алдымен, Қытаймен өзара сау­даны 40 млрд долларға дейін жеткізу жө­нінде жұмыс істеліп жатыр. Қазір Хубэй, Сычуань провинцияларымен май өнеркәсібі, астық өңдеу саласындағы жобалар белсенді пысықталуда. Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимыл жалғасады. Өзбекстанмен шекарада «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының құқықтық шеңбері айқын­дал­ды. Бұл жаңа өндірістерді ашуға, қайта өңдеуді жолға қоюға, тауарларды тасымалдау үшін логистикалық қызметтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еуразиялық интеграция шеңберінде елдер экспортты қолдаудың, атап айт­қанда, 2023 жылғы 22 қарашада құ­рыл­ған Еуразиялық қайта сақтандыру ком­па­ниясының алаңында бірлескен шараларын қолданады. Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыс нарықтарына, Үнді мұхитының порттарына шығу мақсатында сауда-эко­но­микалық бағыттарды әртарап­­тан­ды­ру жоспарлары іске асырылып келеді.

«Ашық аспан» режімі жүк тиеу ар­қылы тікелей коммерциялық рейс­термен тұрақты әуе тасымалын жолға қою перспективаларын ашады. Қазіргі уа­қытта БАӘ (Дубай), Қатар (Доха), Вьетнам (Начанг), Қытай (Сиань), Иран (Тегеран) – перс­пективалы бағыттар», деді А.Шаққалиев.

Министр биыл бизнестің жол картасында құрылыс салуға, қайта құруға не­месе жабдықты сатып алуға кредит ала­тын сауда нысандары үшін сыйақы мөл­­шерлемесін төмендету қарас­тырыл­ғанын атап өтті. Сондай-ақ 2024 жыл­дың бірінші жартыжылдығынан бас­тап 100 па­йыз отандық өндіріс (тұз, ұн, рожки, қарақұмық жармасы, кү­ріш, нан, сүт, картоп, жұмыртқа) 9 та­уар­­ға шекті және шекті рұқсат етілген ба­­ға­­­­­ларды белгілеуден бас тарту ұсы­ны­лады.

Экономикалық реформа және өңірлік даму ко­митетінің төрағасы Нұртай Сабильянов жыл басынан бері әлеуметтік ма­­­­ңызы бар 19 азық-түліктің 13-інің (нан, ет, жұмыртқа, сүт, май, т.б.) бағасы көте­ріл­генін айтты.

Оның сөзіне қарағанда, тауарды өткізу ортасын құру, ішкі нарықты қорғау, отандық тауар өндірушілердің әле­уетін пайдалану, қазақстандық тауарларды сырт­қы нарыққа шығарудағы кедергілерді жою және өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ету де түйткілді мәселе.

Нұртай Сабильянов әлемдік трендтерді ескере отырып, электронды сауданы дамыту қажеттігін атап өтті. Осыған бай­ла­нысты салықтар да, та­уарлар мен қыз­мет­тер­дің айналымы да ел экономикасына жұмыс істеуі үшін отандық электронды платформаларды белсенді дамыту қажет. Мәжілісменнің айтуынша, бұл жалпы тауар айналымындағы электронды коммерция үлесін ұлғайтып, бәсекелестікті арттырады, сондай-ақ бағаны тұрақтандыруға оң әсер етеді.

Отырыс барысында депутаттар тақы­рып­қа қатысты шешімін табу қажет басқа да мәселелерді ортаға салды. Айтылған ұсыныстар ұсынымдарда жинақталып, Үкіметке жолданады.

Үкімет сағаты аясында ғимаратта Сау­да және интеграция министрлігі ұйым­дастырған отандық тауарлар мен қыз­мет­терді экспорт­таушылардың қа­тысуымен та­қырыптық көрме өтті. Де­путат­тарға инновациялық өнімдер мен технологиялар, өнеркәсіп өнімдері, сондай-ақ отандық азық-түлік өнімдері көрсетілді.