Дүниежүзілік банк 2023 жылдың қараша айында «Орта сауда-көлік дәлізі. 2030 жылға қарай жүк тасымалын үш есе арттыру және жол жүру уақытын екі есе қысқартуға қажетті стратегиялық шешімдер мен инвестиция» атты зерттеу нәтижесін жариялады. Материалда орнықты инвестиция мен саяси шешімнің арқасында Қытай мен Еуропа нарығын Орталық Азия, Кавказ арқылы байланыстыратын Орта дәліздің бойындағы сауда көлемін алдағы онжылдықта үш есе арттыру мүмкіндігі қарастырылған.
Бүгінде Ресей экономикасы санкцияға ұшырап, бірқатар елмен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың аясы тарылды. Осындай жағдайда Орталық Азия елдері және Қытай өз тауарларын Ресейден тыс Еуропаға экспорттаудың жаңа мүмкіндіктерін іздестіріп жатыр. Бүгінге дейін Солтүстік сауда дәлізінде Ресей басым рөлге ие болды, ал Орталық Азиядан Еуропаға тауар жеткізу үшін құрылған Орта дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік бағыты да алдыңғы дәліздің баламалы жолына айналып келеді. Біз сөз қылып отырған Орта дәліздің Әзербайжан, Қытай, Грузия, Қазақстан және Түркия арқылы Еуропаға жететін тасымал уақытын әлі де қысқарту мүмкін болғандықтан, оған қызығушылық ерекше болып отыр. Нақтырақ айтқанда, ол небәрі он екі күнді құрауы ықтимал. Мәселен, халықаралық геосаяси конфигурация Орта дәлізге қосымша импульс беріп, 2022 жылы ондағы контейнерлік тасымал көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 33 пайызға өсті.
Аталған зерттеу екі негізгі аспектіні, яғни Орта дәлізде мақсатты саяси шешімдер арқылы сауданы кеңейту үшін модельдеу және болжау нәтижесін пайдалана отырып, сауда деңгейін жан-жақты бағалау, екіншіден инфрақұрылымды дамытудың басым бағыттарын, тиімділікті арттыру және қолда бар мүмкіндікті пайдалану жақтарын қамтиды.
Зерттеу нәтижесінде бірқатар тұжырым жасалған. Біріншіден, халықаралық саяси ахуалдың ушығуы Орта дәліздегі Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Түркия елдері үшін тиімді екенін көрсетіп, халықаралық қауымдастықтың қолдауына ие болды. Екіншіден, Орта дәліз өз бойында орналасқан елдердің дамуына айтарлықтай әсер етеді. Үшіншіден, дәліз жұмысын жетілдірудегі қосымша шаралар жүк айналымын арттыруға жол ашады. Төртіншіден, дәліз әсіресе Қазақстан, Әзербайжан, Грузияның сауда маршруттарын әртараптандыруда үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар тиісті саяси шешім арқылы Қазақстан, Әзербайжан және Грузия өз өндірістік қызметінде экспорт көлемін және өнімнің қосымша құнын арттыра алады. Бесіншіден, Орта дәліздің бойындағы тасымалдың қазіргі шығындары жоғары әрі тұрақсыз деп бағаланған.
Осы зерттеуде әзірленген сауда моделі 2030 жылға қарай Қытай мен ЕО арасындағы сауданың жалпы көлемін шамамен 30 пайызға арттыруды болжайды. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай Солтүстік теңіз бағытына Каспий теңізі арқылы тасымалдау көлемі үш есе артып, 11 миллион тоннаны құрайды.
Зерттеуде дәл осындай артықшылықтармен қатар келесідей проблемалар да көрсетілген: дәлізді үйлестіру мен басқарудың болмауы; Каспий және Қара теңіздегі порттардың, сондай-ақ Каспий теңізі бойынша тасымалын пайдалану деңгейінің төмендігі; әртүрлі елдердің теміржол көлігі операторлары өзара әрекеттесетін шекаралық өткелдегі барьерлер; Орта дәлізде мүдделі тараптар ақпараттық технологияны пайдаланады, алайда жүйені қолдануда бірыңғай және өзара тығыз интеграция орнамаған. Осындай проблемаларды шешу үшін қажетті стратегиялық шешімдер мен инвестиция бағыттары айқындалған. Оған мыналар жатады: жұмыстың үздіксіз жүруі үшін дәліз бойында тиісті логистикалық шешімдерді ұсыну; көлік қозғалысының кедергісіз болуы және мультимодальді инфрақұрылым деректерімен алмасу үшін процедураларды реформалау, олардың әсіресе шекарадан өту кезеңінде жеңілдету; жол бойындағы жүк ағындарын бақылау, шекарадағы кідірісті азайту мақсатында цифрлық шешімдерді синхронизациялау; кемелердің қозғалысын, порттардың өнімділігіне назар аудара отырып, Каспий және Қара теңіз арқылы тасымалдың операциялық тиімділігін арттыру; инвестициялық басымдықтың бірыңғай жүйесін анықтау.
Осындай іс-қимылдың арқасында 2030 жылға қарай Орта дәліз бойындағы тасымал көлемі 2021 жылмен салыстырғанда үш есе өсіп, жол жүру уақыты екі есе қысқаруы ықтимал. Инвестиция мен операциялық қызметті сауатты үйлестіру арқасында Орта дәліз трансқұрлықтық сауданың экономикалық және саяси тұрақтылығына үлес қоса алады. Теңіз порттары арқылы бұл Қытайға, Еуропаға сенімді маршрутты орната отырып, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді деген болжам бар.
Орта дәліз Қазақстанға не береді? Ол ең алдымен теміржол жүйесін жаңарту және еуропалық нарыққа кеңінен қосылуға серпіліс береді. Қазақстанның көлік жүйесі оның экономикалық дамуының әлсіз тұсы ретінде көрсетіледі, сондықтан бұл фактор Қазақстан үшін маңызды болып саналады. Қазақстан өз тауарын экспорттау үшін көп жағдайда Ресей арқылы өтетін Солтүстік теміржол бағытына тәуелді болып отыр. Қытай теміржол желісіне қосылу, Орта дәліздегі теміржол желісімен интеграциялану арқылы Қазақстан бір бағытқа деген тәуелділіктен құтылып, өз тауарын еуропалық нарыққа шығару жолымен экспорт көлемін арттыра алады. Екіншіден, Орта дәлізге қосылу дегеніміз логистиканың жақсаруын білдіреді.
2023 жылы наурызда «Қазпошта», «WEA-Transport GmbH» (ЕО уәкілетті теміржол операторы) және «Huapengfei Company of China» (Қытайдың ұлттық логистикалық операторы) арасында меморандумға қол қойылды. Қазақстанға Ресейге тәуелділікті төмендете отырып, өзінің экспорттық және транзиттік әлеуетін дамытқаны маңызды болмақ. Болжам бойынша Орта дәліздегі жүк тасымалының әлеуеті 2030 жылға қарай жылына 20 млн тоннаға дейін деп бағаланады. Яғни ол тек көлік жүйесін дамытуды емес, Қытай және Еуропа елдерімен, соның ішінде технологиялық ынтымақтастық, терең экономикалық интеграцияны да білдіреді. Осы салаға инвестиция тарту және инфрақұрылымды жаңғырту қадамы сыртқы сауда байланыстарын кеңейтіп, Қазақстанның жаһандық тасымал тізбегіне қосу үшін орта мерзімдік мемлекет саясаты басымдығының бірі болуға тиіс.
Зарина ӘСКЕРБЕК,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы