Орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2023 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, баспасөз жиынын өткізді. Сондай-ақ брифингте министрліктің 2024 жылға арналған жоспарлары жөнінде айтылды.
Цифрлық эфир аясы кеңіп келеді
Сала басшысы министрліктің ақпараттық жұмысы үш негізгі құрамдас бөліктен тұратынына назар аударды. Олар: медиасфераны дамыту бойынша жағдай жасау, ел халқын мемлекеттік саясатты іске асыру туралы хабардар ету және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
«Осы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысының Жарлығымен сөз бостандығын одан әрі қамтамасыз етуге, отандық медиасфераның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ақпараттық егемендікті нығайтуға бағытталған «Ақпараттық доктрина» бекітілді. Ал тамыз айында Үкіметтің Қаулысымен оны іске асыруға бағытталған іс жоспары қабылданды.
Доктринадан туындайтын аса маңызды құжаттың бірі – министрлік бастамасымен жүзеге асқан «Масс-медиа туралы» заң жобасы. 30 қарашада өткен Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Қазіргі уақытта жұмыс тобының отырыстары аясында талқылау жұмыстары жалғасып жатыр.
Атап айтқанда, журналистер мен Мәжіліс депутаттарының пікірін ескере отырып, баспасөз картасы ұғымын айқындау тәсілдері қайта қаралады. Баспасөз карталарын беру критерийлеріне келетін болсақ, барлығы айтып жүрген жұмыс өтілі, жоғары білімі болу керек деген өзгерістер жалпы жұмыс топтарындағы талқылау қорытындылары бойынша алынып тасталады. Алайда қазіргі уақытта аккредиттеуді оңайлату тәсілі нақты қандай формада жүзеге асырылатынын айтуға ерте. Ол алдағы жұмыс тобының отырысы барысында айқындалады», деді А.Балаева.
Сондай-ақ министр «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға тоқталды. Оның айтуынша, жарнамалық мазмұнды орналастыратын пайдаланушылардың жарнаманы таңбалау қажеттілігіне ерекше мән беріледі. Бұл ережелер барлық қажетті талдаудан өтті және 2024 жылдың ақпан айының соңына дейін қабылданады. Олар коммерциялық негізде материалдарды орналастыратын онлайн платформа пайдаланушыларына әсер етпек.
«Пайдаланушылар мен инфлюенсерге қатысты тиісті санкциялармен жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Олар: 20-дан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл және бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу. Бұл норма қазірдің өзінде жұмыс істей бастады. Қыркүйек айынан бастап 150 оқиға тіркелген», деді А.Балаева.
Биыл мемлекеттік ақпараттық саясатты насихаттау аясында барлығы 7 мыңға жуық материал жарияланыпты. Осы жылы мемлекеттік тапсырма мен мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында 638 сериядан тұратын 43 сериал түсірілген. Бұдан бөлек, министр телерадио хабарларын тарату саласын дамыту туралы әңгімелеп берді.
«Биыл шекаралас аудандарда отандық радиохабар тарату желісін дамыту үшін 38 жиілікті бөлу бойынша конкурс ұйымдастырылып, өткізілді. Қазіргі таңда Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында цифрлық эфирлік телехабар таратудың 11 радиотелевизиялық стансасы пайдалануға берілді. Жалпы, отандастарымыздың 93 пайыздан астамы цифрлық эфирлік хабар таратумен қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш одан әрі артады.
«Қазмедиа орталығының» хабар тарату ядросын жаңғыртудың кезекті кезеңі аяқталып, оның энергия жүйесін толық жаңарту қамтамасыз етілді. Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында «Қазақ радиосының» бес радио таратқышы іске қосылды. Бұл – ұлттық бағыттағы хабарларды тағы 11 мыңға жуық адам тыңдай алады деген сөз.
2023 жылы «OtauTV» ұлттық спутниктік телерадио хабарларын тарату қызметіне 31 мыңға жуық абонент қосылды. Осылайша, жалпы саны 1,6 млн астам абонентке жетті. Ірі телерадио хабарларын тарату операторларымен кабельдік, спутниктік, интернет-хабар тарату желілерінде телеарналардың балама пакетін құру мәселесі пысықталды. Пакет 2024 жылдың І тоқсанында іске қосылады деп жоспарланған», деді А.Балаева.
Мәдениетті инфрақұрылымдық дамыту маңызды
Министрлік жұмысының келесі бір үлкен бағыты – мәдениет саласы. Бұл саланы қолдау және дамыту – ұлттық мұрамызға салынған инвестиция. Сала басшысы келтірген деректерге сүйенсек, биыл республикалық концерттік ұйымдар бес жүзден аса концерт өткізіп, 515 мыңға жуық көрерменге қызмет көрсетсе, республикалық театрлар екі мыңнан аса спектакль, 65 жаңа қойылым қойып, 1 миллионнан астам көрерменге өнерін көрсетті.
«Ұлттық мәдениетті насихаттау мақсатында Мысыр, Өзбекстан және Әзербайжан елдерінде Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Ұлттық құндылықтарымыз бен мәдениетімізді жаһанға таныту үшін Италия, Франция, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Мысыр, Германия, Вьетнам, Корея, Түркия, АҚШ сияқты алып елдерде шығармашылық топтардың гастрольдері сәтті ұйымдастырылды. Мұндай игілікті істерден театрларымыз да қалыс қалған жоқ. Осы жылы 27 халықаралық, 11 республикалық фестивальға қатысып, ел намысын қорғады.
Мәдениет саласын инфрақұрылымдық дамыту мәселесін де қолға алдық. Биыл Қазақстан бойынша 35 мәдениет нысанының құрылысы аяқталып, 238 мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оқу орындары мен концерттік ұйымдарды жаңғырту бойынша да біраз жұмыс атқарылды. Мәдени брендіміздің қарқынды дамуында киелі жерлерімізді насихаттау алдыңғы орынға шықты. Қазақстанның тарихи мұрасын одан әрі зерделеу және дамыту мақсатында 8 жоба бойынша археологиялық жұмыстар аяқталды, оның ішінде: Берел сияқты бірегей археологиялық нысандарды, Алтын Орда дәуіріндегі Бытығай, Ботай, Бозоқ т.б. көне қоныстар зерттелді», деді А.Балаева.
Министрдің айтуынша, 2023 жылы қатысушылардың көптеген шағымына байланысты киножобаларды іріктеу үшін питчингке өтінімдерді қабылдау нәтижелері жойылды. Тамыз айында 2023 жылға арналған жаңа питчинг өтті. Оған 161 кинокомпаниядан 271 өтінім түскен. Соның 115-і Ұлттық кинематографияны қолдау жөніндегі мемлекеттік орталық жанындағы Сараптамалық кеңестің қарауына жіберілді. 37 киножоба Сараптамалық кеңестің оң қорытындысын алып, салааралық комиссияның қарауына жіберілді, нәтижесінде, 19 жаңа киножоба өндіріске енгізілді. Мемлекеттің қолдауымен 2022 жылы басталған 18 фильмнің (14 көркем фильм, 4 деректі фильм) түсірілімі аяқталды.
Сондай-ақ министр Азаматтық қоғамды дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде алғаш рет «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданды.
«Осы жылдың 21 желтоқсанында «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойылды. Құжат азаматтардың бірлестіктер құрудағы еркіндік құқықтарын кеңейтуге бағытталған. Қоғамдық кеңестердің қызметін қайта форматтау бойынша қарқынды жұмыс жүргізілді. Олардың құрамындағы азаматтық сектордың өкілдігі 23,5 пайызға өсіп, 86 пайызды құрап отыр. Кеңестердегі жастардың үлесі 10 пайызға дейін жетті. Мұның бәрі кеңестердің қызметіне деген азаматтарымыздың сенімін 2 есе арттырып отыр.
Министрлік еріктілер қозғалысын белсенді дамытып келеді. 2020 жылдан бастап республикалық және өңірлік фронт-офистер жұмыс істейді. Ауқымды жұмыс нәтижесінде еріктілер ұйымдарының саны 3 есеге, белсенді еріктілер саны 5 есе артты», деді А.Балаева.
Жастар және отбасы саясаты – басты назарда
Мәдениет және ақпарат министрі қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға, этностарды біріктіруге, сондай-ақ мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тілі ретінде насихаттау жұмыстарына тоқталды.
Бұдан бөлек, сала басшысы дін мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, министрлікке үш өзара байланысты міндет жүктелген. Біріншісі – халық арасына зайырлы мемлекет құндылықтарын насихаттау, екіншісі – дінаралық келісімді сақтау, үшіншісі – діни экстремизмді болдырмау.
«Діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 14 мыңнан астам заңсыз материал жойылып, бұғатталды. Әлеуметтік желілердегі радикалды діни топтардан 20 мыңнан астам адам алшақтатылды. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, конфессияаралық келісімді насихаттау және зайырлылық құндылықтарын нығайтуға бағытталған 75 мыңнан астам материал БАҚ-та, танымал әлеуметтік желілерде орналастырылды. Түптеп келгенде қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып, уәкілетті органның алдына қойылған маңызды міндеттерді іске асыру мақсатында, Дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы дайындалды», деді А.Балаева.
Сала басшысы жастар және отбасы саясаты жөнінде де әңгімелеп берді. Мәселен, биыл «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға тұжырымдамалық түзетулер енгізілді. Бұл заңның басты жаңалықтарының бірі – жастардың жасын 35 жасқа дейін ұлғайту. Осылайша, жастардың саны 3,7 миллион адамнан 5,7 миллион адамға дейін артты.
«2023 жылы Жастардың даму индексі енгізілді. Бұл көрсеткіш мемлекеттік органдардың жастармен жұмысының, олардың мәселелерін шешудің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілді. Құжатта ауыл жастарымен жұмыстан бастап патриоттық тәрбиеге дейінгі 7 бағыты қамтиды. Одан басқа құжатта 80 іс-шаралар жоспары қабылданды. Тұжырымдаманың алғашқы нәтижелері бар. 943 мың адам жұмыспен қамтылса, оның 467 мыңы – жастар.
Дарынды жастарды мемлекеттік тұрғыда қолдау мақсатында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жыл сайын беріліп келеді. Заңға сәйкес, үміткерлердің жасы 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Марапаттау аталымдарына өзгерістер енгізілді. Өздерінің нақты мақсаттарына және қоғамның игілігіне бағытталған жастарды тәрбиелеу мақсатында «Қоғамдық қызмет» аталымы «Креативті бастамалар» аталымымен ауыстырылды.
Бұл ретте Мемлекет басшысы белгілеген «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты аясында бизнес, ғылым, мәдениет, БАҚ және ақпараттық технологиялар саласындағы 30 үздік жоба анықталды. Қазіргі уақытта «Отбасы банкімен» бірлесіп, «9-20-25» жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр. Оның негізгі қатысушылары жастар болмақ», деді А.Балаева.
Сала басшысының айтуынша, министрлік креативті индустрияны дамытумен айналысып жатыр. Жұмыс екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі – ұйымдастырушылық бағыт. Креативті индустрия секторын дамытудың институционалдық негізі қалыптасты. Министрліктің құрылымында мамандандырылған департамент құрылды. Қазіргі таңда аймақтардағы креативті индустрия орталықтары мен хабтарын, сондай-ақ таланттарды іздеу және қолдау, инфрақұрылымды дамыту, өнімдерді экспорттауға және коммерцияландыруға жәрдемдесуді мақсат тұтатын «Креатив хаб» халықаралық креативті индустрия орталығын құру бойынша жұмыс істеліп жатыр.
«Екіншісі – заңнамалық бағыт. Креативті индустрияны қолдау және дамыту туралы заң жобасы әзірленді. Ол зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы өзгертуді, мүмкіндігінше креативті индустриялар қауымдастығын қалыптастыру үшін мәдениет нысандарында қосымша алаңдар ұсынуды, оқытудың білім беру бағдарламаларын ұлғайтуды, креативті индустриялар өкілдеріне салықтық преференциялар беруді көздейді. Бұл осы саланың дамуына қуатты серпін береді деген ойдамыз. Аталған заң жобасы Үкіметтің қарауында, қаңтар айында Мәжіліске түседі», деді А.Балаева.
Брифинг соңында журналистер Мәдениет және ақпарат министріне қоғамда жиі талқыланып жүрген мәселелерге қатысты сауалдарын қойды.