Кәсіп жынысқа бөлінбейді, қазір ерімен қатар әйелдің де жеке шаруамен айналысуға мүмкіндігі мол. Оның үстіне бұл тарапта мемлекеттен берілетін көмек те орасан. Мәселен, Жетісуда шағын және орта кәсіпорындардың жартысына жуығын әйелдер басқарады. Үй шаруасынан бөлек, қоғамға пайдасы зор кәсіпті тізгіндеген қыз-келіншектер облыстың әлеуметтік деңгейін көтеруде маңызды рөлге ие. Қазір өңірде екі жүзге жуық кәсіпкер қыз-келіншек бар.
Өтіп бара жатқан жыл Жетісу үшін табысты болды. Қай саланы алып қарасаңыз да ілгерілеу бар. Өткен 11 айда экономикалық өсу қарқыны 113,9 пайызға жетіп, өңір республикада бірінші орынға ие болды. Соның ішінде шағын және орта бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Бұл ретте әйел кәсіпкерлердің еңбегі елеулі. Оны Жетісу іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен өткен облыстық іскер әйелдер форумында өңір басшысы Бейбіт Исабаев та айтты.
«Облыс халқының 50 пайыздан астамы әйелдер болса, оның 42 пайызы немесе 148,2 мыңы экономикалық белсенді халық қатарында, соның 139 мыңға жуығы жұмыспен қамтылған. Әйелдер кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасының барлық бағытына белсенді қатысатыны қуантады. Мәселен, биылдың өзінде халықтың әлеуметтік осал топтарының ішінен 139 әйел кәсіпкерлік бастамаларына шамамен 192 млн теңге көлемінде грант алды. Жастар арасынан тағы 123 қыз-келіншекке 563,4 млн теңге мөлшерінде 2,5 пайыз жеңілдікті сыйақы мөлшерлемесімен шағын несие берілді. Біз әйелдер кәсіпкерлігін қолдауды жалғастыра береміз. Сіздер тарапынан тек жұмыс істеуге деген ұмтылыс болса, жақсы бизнес-жоспарларыңызды қаржыландыру, гранттар беріп, несиелеу – біздің міндетіміз», деді Б.Исабаев.
Оның айтуынша, әйелдер білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында белсенді. Мысалы, Панфилов ауданының тұрғыны Тұрсын Кончибаева ауданда 5 балабақша ашып, 700-ден астам ауыл балаларын мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз еткен. Сондай-ақ 100-ден астам жергілікті тұрғынды жұмысқа орналастырған. Головацкий ауылында ардагер педагог 210 орындық балабақша ашқан. Кәсіпкер 10 жылдан бері қоғамға пайдалы бизнеспен айналысып келеді.
Аталған форумға 140-қа жуық кәсіпкер әйел келді. Осы орайда облыс әкімі бірқатар кәсіпкер әйелді құттықтап, іскер ханымдарға марапаттар тапсырды. Атап айтсақ, «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының ІІІ дәрежелі «Ісіне адалдығы үшін» медалі бірнеше жыл бойы кондитерлік және нан-тоқаш өнімдері мен етті жартылай фабрикаттар өндірумен айналысып келе жатқан «Лад» ЖК басшысы Агафья Лиге берілді. Осындай медальмен жаңа сауылған түйе сүтінен өнім өндіруге маманданған «UNI FORES» ЖШС-ның директоры Ләззат Чайгараева марапатталды.
Облыстық іскер әйелдер кеңесі өткізген конкурс қорытындысына сәйкес аталымдар бойынша 20-ға жуық жеңімпаз әйелге ақшалай сертификаттар табысталды. Тағы бірнеше адамға облыстық басқармалар мен Кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының Алғыс хаттары табыс етілді.
Бизнес-форум аясындағы көрмеде сүт, кондитерлік және нан-тоқаш өнімдері, джемдер, қақтар, сабын және шөптен т.б. табиғи ингредиенттерден жасалған косметикалық спрейлер, киізден, саздан жасалған бұйымдар, түрлі қолданбалы өнер бұйымдары, аяқ киім және басқа да кәсіпкер әйелдердің өндірген өнімдері ұсынылды. Облыстың әр түкпірінде шығарылып жатқан бұл өнімдерді жасауға мемлекеттік қолдау шаралары көп ықпалын тигізіп отыр.
Жасыратыны жоқ, ауыл-аймақтарда да кәсіпкерлікті дамытуға барынша көңіл бөлінуде. Осы ретте Көксу ауданының орталығы Балпық би кентінің тұрғыны Диана Достыбай еңбегіне тоқтала кетсек. Бүгінде кондитерлік өнімдерге тапсырыс қабылдап, игілігін көруде. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде екі балалы ананың бастамасы көпке қуаныш сыйлауда. Өзінің айтуынша, тәтті өнімдерін шығаруға қызығушылығы мен қабілеті бала кезінен басталған. Сол себептен осы бағытта бизнес ашуды жөн көріпті. Қазір бәліш, бояусыз трайфл, пирог, бауырсақ және тәттілердің түр-түрін іргедегі ауыл тұрғындарына жеткізеді.
«Тәтті тоқаш пісіруді бала кезден ұнататын едім. Өз ісімді университет аяқтағаннан кейін бастадым. Басында қызығушылығым артып, тәттілерге түрлі дәм қосып, жасадым. Кейін көрші-қолаңға тәттілерім ұнап, олар менен осы өнімдерді сатып ала бастады. Сол кезде маған өз ісімді ашу туралы ой келді. Қазір кәсібім жыл санап ілгеріліп келеді», дейді жас кәсіпкер.
Ең қызығы, Диана бұған дейін еш жерде жұмыс істемеген. Оқуын тәмамдап, бірден жеке ісін бастауды жөн көріпті. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінен өтіп, мемлекеттен 1 млн 380 мың теңге көлемінде қаражат алу үшін құжат тапсырады. Комиссияның оң шешімімен грант иегері атанды. Мемлекет берген қаржыға газ, нан илегіш, витрина, миксер және т.б. керек құрал-жабдықтар сатып алып, өз ісіне батыл кіріскен. Жас кәсіпкердің алға қойған мақсаттарының бірі – үлкен кондитерлік цех ашу. Алдағы уақытта өз кәсібін жүргізуге жеке жалдамалы орын алып, кеңейтуді жоспарлап отыр.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 59 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Онда 110 мың адам жұмыспен қамтылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,1 пайызға артық. Бүгінде барлығы 219 грант берілген.
Жетісу облысы