Біз әр жылдан жақсылықты үміт етеміз. «Қараша, желтоқсанмен – сол бір екі ай» шамасында түрлі деңгейде есеп беріледі, нәтиже шығарылады. Таразының бір басына жоспар, екінші басына оның орындалуы қойылады. Біреу қуанады, екінші ойланады, үшінші сын естіп ширығады. Бұл да – табиғи үдеріс. Бәрі табан ақы, маңдай термен келеді. Бабаларымыз «Еңбекке ебі жоқтың елдікке себі жоқ» деген. Халықтың осы ерекше өлшемі қазір де көкейкесті.
Кеше, Міржақып Дулатұлы айтқандай, «ақыл таппай дағдарып, жанашыр таппай сандалып» жүрген қиын кезеңдерде азаттыққа қол жетпесе де, зерделінің сөзін тыңдау, отбасы мен ұлтқа адами жанашырлық, намысқа суарылған білім – елдіктің жолы еді. Бүгін елдікке септесудің жөні де, мән-мазмұны да өзгерді. Ойланып-толғанған, тағдыр шыңдаған азат еліміз бар, талай сыннан өткен асты-үсті қазына, біртұтас жеріміз бар, осы қос құндылықты халық игілігіне жаратсақ деген асыл арман бар – бәрімізден жаңарған елдік пен мемлекетшілдік төңірегіне топтасуды, далада да, қалада да күллі істе білікті, жауапты болуды талап етеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен айтсақ: «Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады».
Әр шаңыраққа аптасына бес рет «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», бір рет «Ана тілі», «Теңге монитор» (қосымша), «Ұйғыр авази», «Ұлан», «Дружные ребята», айына бір мәрте «Ақиқат», «Мысль», «Үркер», «Ақжелкен», «Балдырған» басылымдары келсе, мұны үлкенді де, кішіні де біртұтас қоғам қасиетіне ұйыстыратын ақпараттық күш деп бағалаған жөн. Бұл – Ахмет Байтұрсынұлының әйгілі «Қазақ» газетінен тамыр тартатын, ертеден бастағы қадірі мен баспаханадағы қарпіне дейін Алаш тәжірибесінен өткізген бүгінгі «Қазақ газеттері» серіктестігі. Сөзімізге дәлел – алмағайып шақтағы «Еңбекші қазақтың» елдік ұстанымы, тәуелсіздіктің елең-алаңында туған «Ана тілі» газетіндегі Ақаңның рәмізді бейнесі мен сөзі. Кейбір азаматтың көкейіндегі сұраққа бірден жауап бере кетейік: алашшыл «Тілші» газетінің (Алматы) төңкерістен кейін тараншы тағдырына алаңдауы, ұлт зиялыларының Орынборда «Юношеская правда» газетіне болысуы, тіпті әрідегі Алаш үкіметінде 10 орынды өзге этнос өкілдеріне қалдыруы үзілмеген үйлесім арқауын айғақтайды.
Сонымен 2023 жылдың 6 қаңтарынан «Egemen Qazaqstan» серіктестігі (құрамына бұған дейін «Казахстанская правда» газеті енген) «Қазақ газеттері» серіктестігі болып қайта құрылды. Ұжым мойынына біраз елдік жүк артылды. 12 газет-журналдың бойына қан жүгіртіп отырған 300 қаламгер ұлт тұлғалары аманаттаған «Қайратыңа әділдікті жолдас ет, Әділдікке ақылыңды қолдас ет» нақыл-қағидасымен бір жылды артқа тастады. Газет қағазы екі есе қымбаттаған күрделі шақта көмегін аямаған елдің мемлекетшіл тұлғаларына, салалық министрлігімізге, журналистер қауымдастығына, тілекші оқырман қауымға тәңір жарылқасын айтамыз.
2023 жыл Отанымыз үшін реформалар аясында өтсе, «Қазақ газеттері» серіктестігі құрамындағы басылымдар Мемлекет басшысы идеясымен жүзге асып жатқан саясат пен экономикадағы серпінді өзгерістерді жұртшылыққа жүйе-жүйесімен жеткізе білді. Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер» деген пайымы да қаламгерлеріміздің көкейінде, санасында тұрды. Осы аяда «халықтың көзі, құлағы һәм тілі», (А.Байтұрсынұлы) – газет-журналдың негізгі бағытына тән мына қызметтерді атқаруға жұмылды. Бірінші, өзгеріс үстіндегі мемлекет пен қоғамның, әлемнің жаңалықтарын халыққа жеткізді. Екінші, түрлі ақпарат ағынын елшіл пайым-парасатпен қорытып, жүйелеп, жариялауға тырысты. Үшінші, мемлекетшіл қоғамдық пікір қалыптастыруға алтын көпір болды. Төртінші, үзіліссіз мәдениет (бұған дәстүр, ғылым-білім, руханият т.б. кіреді) пен қоғамдық үйлесімнің жоқшысына, насихатшысына айналды.
Біз қоғам мен билік арасындағы сұхбаттастыққа, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының салалануына, ел дамуы мен саяси реформалар мәнін аға буыннан мектеп баласына дейін жасына шақтап түсіндіруге көңіл бөлдік. Тілшілеріміз алқалы топқа да, зәрулігі көп қарапайым орталарға да барды. Мағжан ақын жырлағандай, «Оңнан естi жел бiраз қырын ескен, Соң туса да, оң туса, қалмас көштен» екеніне замандастарын сендірді.
Қазақстанның абыройы мен мәртебесі – әлемнің айнасында. Мемлекет басшысының былтырғы халықаралық ресми сапарлары жоғары деңгейде сәтімен өтті. Елдегі үйлесімге келсек, ұлттық бірегейліктің жаңа кезеңін анықтаған Халық ассамблеясының 32-сессиясы, Ұлытаудағы пәтуаны Түркістанда дәйекті дәрежеге көтерген Ұлттық құрылтай қоғамның пейілі мен көңілін демдеді.
Өткен жылдың соңында халқымыз 20 миллиондық межені бағындырды. Сан сапаны да, әл-ауқатты да арттыратын кезеңге көтерілдік. Мұғалім мен дәрігер қауымы, енді мәдениет қызметкерлері жалақысының өсуі, зиянды кәсіп жұмысшыларына көрсетіле бастаған арнаулы әлеуметтік қолдау, биылдан басталатын қанатқақты «Ұлттық қор – балаларға» жобасы жұрт еңсесін көтерді. Мұның сыртында заңсыз жекешелендірген 10 миллион гектардан астам жердің, сыртқа шығарылған миллиардтаған активтердің мемлекетке қайтарылуы халықтың билікке сенімін тұрлаулы етті. Сондай-ақ жұртшылық айналасынан сезіне бастаған заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті бекемдеу шарттары, әділдік, инклюзивтік, үнемшілдік т.б. экономикалық жаңа таным-түсінік өмірдің қалыпты жағдайына айналып келеді. Қазақстан экономикасын өрістететін қос сала – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы болса, бүгінде мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру, импортқа тәуелділікті азайтатын өңдеу саласын жедел дамыту мен экономиканы әртараптандыру, инновациялық агроөнеркәсіп кешенін орнықтыру мен жергілікті шаруаларды өнім өңдеуге ынталандыру нақты қолға алына бастады. Бұл ауқымды жұмысқа да іскерлік, құнттылық, сенім, жауапкершілік аса қажет. Ең бастысы, мүдделі қоғам мен ынталы азамат ортақ істе бір ағзаға айналуына мүдделіміз. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасының тетігі де елдік мұратқа сенген қалың жұртшылықтың арқасында жүзеге асады. Біз Мемлекет басшысының ашық ой-пайымын, қатаң талабын осы арнада көреміз.
Әлбетте, мұның орындалуына бәріміз жауаптымыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа» дейді. Таяу жылдары «Жайлы мектеп» жобасымен 400-ге таяу білім ошағы, ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынады. Жасанды интеллект, тұрмыс пен қызметті цифрландыру, инновациялық инфрақұрылым бізге де жетті. Әрине, бұлар да қоғамның тұтастығына қызмет етуі керек. Осы саланың да өзегінде мәдени дәстүр, классикалық парасат-пайым тұрғаны жөн. Жапонның тұтас смарт пен цифрландыруға құрылған «Қоғам 5.0» стратегиясында да ұлт дәстүрі мен өнерінің сипаты бар.
Осыдан тура 100 жыл бұрын, 1924 жылы 12-17 маусым аралығында, сол кездегі ел астанасы Орынборда «Қазақ білімпаздарының тұңғыш тобы» атты жиын өтті (орысшасы «Первый съезд ученых казахов»). Ол шақта бүгінгі Түркиядағыдай съезд, форумды «топ» дейтін (Мағжанның «Тоқсанның тобы» туындысының аудармасы – «Съезд девяносто»). Осы тарихи жиынның барлық үдерісі (қаулы-қарарына дейін) «Еңбекшіл қазақ» (бүгінгі «Егемен») газетіне басылған. Біз мұны азаттықтың алдында, 1990 жылы сараптап мақала жазған едік. Съезд әліпбиді реттеуден бастап мәдени мұраны жүйелеуге дейінгі ауқымды елдік-идеологиялық жұмыстың жүгін көтерді. Мысалы, бастауыш білімге қатысты Алаш ұстанымын көрсетейік: «Баланы үйретудегі мақсат – тіршілік ісіне даярлау. Баланың жасына өлшеп, өнер (технология) білімін үйрету». Ал орта сыныптарда (баулу мектебі) кәсіптің әліппесі мен тұрмыс жүйесін оқыту көзделген. Арнаулы, жоғары мектепке қатысты да сындарлы шешім шығарылған. Осы жиынның ешқашан мәнін жоймайтын ұлттық терминология, аты-жөн туралы қаулысының негізі – дәстүрге негізделген әлемдік тәжірибе.
Ғасырлық тарихы бар білімпаздар тобының маңызы – біртұтас қоғам қасиеті мен мүддесін ескергенінде. Оған Мәскеуден елге келуіне тыйым салынған Әлихан Бөкейханның, Түркістан республикасынан Халел Досмұхамедұлының, Бұхарадан Мырза Наурызбайұлының және басқа да білікті Алаш тұлғаларының, соның ішінде БАҚ өкілдерінің белсенді қатысуы – елеулі факт. Міне, осының бәрі бізге ізашар газетіміз арқылы жетіп отыр.
Жылашар сәтте ұлт баспасөзінің бас қаламгері Ахмет Байтұрсынұлының мына сөзін оқырман есіне салғымыз келеді: «Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі... Борышын білушілер көбейсе, төлеушілер де көбеюі ықтимал».
Қоғамның бірлігі мен берекесі жолындағы парызды өтеуге не жетсін!