• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Сараптама 03 Қаңтар, 2024

Жаһандық қалалардың даму индексі

209 рет
көрсетілді

XXI ғасырда жаһандық ірі мегаполис қалалардың әлемнің экономикалық, әлеуметтік, мәдени және технологиялық дамуына ықпалы артып келеді. Бүгінгі таңда ірі ме­га­полистер өзінің ерекше ха­лық­аралық байланыстарымен әлемдік ин­вес­тицияны тарту, капитал, адам және озық идея­лар ағы­нын қалыптастыру бағы­тында адамзат баласы да­­муы­ның заманауи динами­ка­сын қалыптастырып жатыр. Ірі гео­сая­си, экономикалық ше­шім­дер қабылданатын, ақыл орта­лықтары мен ғылыми-техни­ка­лық базасы, мәдени ортасы қалыптасқан қалалардың орны мен келешек дамуы әлем елдері үшін әрқашан өзекті.

Осы бағытта 1926 жылдан бері әлемнің жетекші ұйымдарына, ха­лықаралық компаниялар мен үкі­меттерге кеңес берумен айна­лысатын «Kearney» компаниясы жыл сайын Жаһандық қалалар индексін (The Global Cities Index), олардың даму перспективасын (The Global Cities Outlook) ғылыми талдап, қорытындысын шығарып келеді. «Kearney» – дүние жүзінің 40-тан аса елінде 5300-ден аса мамандары жұмыс істейтін әлем­дегі жетекші консалтингтік компа­ниялардың бірі.

2023 жылғы Жаһандық қалалар туралы индексте (GCI) әлемдегі 156 ірі қаланың көрсеткіштері бес па­раметр бойынша бағаланған. Олар: іскерлік белсенділік, адами ка­пи­тал, ақпарат алмасу, мәдени тә­жірибе және саяси белсенділік. Зерт­теуде болашаққа болжам жасай оты­рып жақын арада жаһандық ме­гапо­листердің стратегиялық басқару ортасын қалыптастыратын күштердің ықпалына талдау жасалған. 2023 жыл­ғы есепте жасанды интеллектің қар­қынды дамуының қалаларға тигізетін әсері сарапталып, бұл технологияның орасан зор әлеуетін тиімді пайдалану бағыттары және онымен байланысты тәуекелдерге төтеп беру жолдарына мамандар тарапынан баға берілген. Зерттеуде қалалардағы еңбек нарығын реттеу тәсілдерін қалыптастыруда муниципалдық басшылар мен шешім қабылдаушы азаматтар үшін негізгі идеялар мен кеңестер көрсетіледі.

Қала атауы

Рейтингтегі орны

Нью-Йорк

1

Лондон

2

Париж

3

Токио

4

Бейжің

5

Брюссель

6

Сингапур

7

Лос-Анджелес

8

Мельбурн

9

Гонконг

10

Мадрид

12

Берлин

16

Вашингтон

19

Мәскеу

21

Буэнос-Айрес

22

Дубай

23

Ыстанбұл

25

Бостон

26

Мехико

28

Куала-Лумпур

72

Астана

121

Алматы

123

Карачи

129

Медина

153

Мекке

154

Жаһандық қалалардың индекс көрсет­кіштері 2023

Нью-Йорк әлемдегі ықпалды барлық 156 қаланың ішінде іскер­лік белсенділікті өлшеудегі көшбас­шылық позициясын одан әрі ны­ғайтып, ірі мегаполистер рейтин­гінде бірінші орынды иеленді. Бұл өсім қаладағы компаниялар саны­­ның артуына, сондай-ақ сау­да ағын­дарының көбеюіне байла­ныс­ты болды. Нью-Йоркте сая­си бел­сен­діліктің пандемияға дейін­­гі көрсет­кішіне қайта оралу үдерісі ба­й­қалып, халықаралық дең­гей­дегі саяси, экономикалық, әлеу­меттік және ғылыми бағыттағы конферен­циялардың өтуі қайта жанданған.

Лондон екінші орынды сақтап қалды. Ұлыбритания астанасы 2023 жылы адами капиталдың төмендеу тенденциясын қалпына келтіріп, Brexit-ке байланысты Еуропалық одақ студенттерінің азаюына қарамастан, қаладағы халықаралық студенттердің жалпы саны өскен.

Париж іскерлік белсенділік пен адами капитал сынды екі көрсеткіш бойынша өсім көрсетіп, үшінші орынға тұрақтады. Алайда қалада мә­де­ни тәжірибе көрсеткіштерінің өзге қалалармен салыстырғанда төмен­деуі байқалған.

Токио іскерлік белсенділік пен ақпарат алмасудың төмендеуіне қарамастан, төртінші орынды иеленді. Себебі мегаполисте басқа аспектілер, соның ішінде мәдени тәжірибе мен саяси белсенділік айтарлықтай өскен. Қаладағы аналитикалық орталықтар саны мен халықаралық ұйымдардың көбеюі жапон астанасының жаһандық саяси орталық ретіндегі позициясын нығайтуға көмектесті.

Бейжің 2023 жылы Қытай қа­лаларының жалпы рейтингінің төмендеуіне қарамастан, бесінші көшбасшы ретінде танылды. Алай­да көптеген компания мен мем­лекеттің жеткізу көздерін әрта­рап­тандыру бағытындағы күш-жіге­рінің салдарынан қалада іскерлік белсенділіктің төмендеуі көріне бас­та­ды. Дегенмен, 2023 жылы қалада белгілі бір дәрежеде адами капитал мен ақпарат алмасу көрсеткіштерінің жақсаруы байқалған.

Жаһандық рейтингтегі әлемнің үздік бес қаласы екінші жыл қатары­нан көшбасшылық позицияда келеді. Алайда алғашқы 30 ірі қалалар­дың арасында айтарлықтай өзгеріс бар. Соның ішінде елеулі өсімдер Брюс­сель мен Мадридте, ал құл­ды­рау Ва­шинг­­тон мен Бостон қалала­рында орын алған. Шанхай, Буэнос-Айрес, Ыстанбұл және Мехико қалаларын қоса ал­ғанда, АҚШ пен Батыс Еуропаның дәс­түрлі күш орталықтарынан тыс өзге аймақтардағы бірнеше қала­ рей­тингінің жоғарылауы бүкіл әлем бойынша мегаполистерде мүмкін­діктер географиясының кеңейгенін көрсетеді.

Ал болашақта әлемдік көшбасшы­лыққа ең жақсы дайындалған қалалар­дың рейтингі қандай? Дәл осы сұраққа «Kearney» компаниясы Жаһандық қалалардың даму перспективасы (GCO) талдауында жауап беруге тырыс­қан. Атап өту керек, Жаһандық қала­лар индексі (GCI) көрнекті ме­гапо­листердің бүгінгі күнгі шы­найы «жаһандық қала» мәртебесі өлшемдеріне сәйкестігін анықтауға қызмет етсе, Жаһандық қалалардың даму перспективасы (GCO) рейтингі ме­гаполистердің болашақта өз мәрте­бесін қалай арттыратынын тереңдетіп қарастырады. Бұл рейтинг келешекте қай қалалар қазіргі танылған көшбас­шы мегаполистермен бә­секе­лесе алатынын және алдағы жыл­дары көшбасшылық рөлдерді қабыл­дауы мүмкін екенін анықтайтын болжау құралы ретінде жұмыс істейді. Аталған бағыттағы былтырғы зерттеу қалалық әлеуеттің төрт көрсеткішін негізге ала отырып жүргізілген. Олар: жеке әл-ауқат, экономика, инно­вация және басқару.

Қала атауы

Рейтингтегі орны

Сан-Франциско

1

Копенгаген

2

Лондон

3

Люксембург

4

Париж

5

Дублин

6

Хельсинки

7

Стокгольм

8

Мюнхен

9

Сингапур

10

Бостон

12

Чикаго

44

Прага

50

Доха

68

Мумбай

88

Мәскеу

93

Алматы

94

Куала-Лумпур

96

Астана

98

Нью-Дели

106

Анкара

120

Бейрут

149

Киев

152

Жаһандық қалалардың даму перспек­тивасы рейтингі 2023

Жоғарыда аталған екі көрсеткіште де Қазақстанның Астана және Алматы қалалары орын алған. 2023 жылғы рейтингте Астана 121, Алматы 123- орыннан табылса, келешектегі болжамды даму көрсеткіштері жөнінен екі қала да әлем мегаполистері ішінде алғашқы жүздіктен көрінген.

«Kear­ney» компаниясының әлемдегі қала­лардың қазіргі ахуалы мен келе­шек дамуы туралы зерттеуі жасан­ды ин­теллект мүмкіндіктері мега­по­­лис­терге барынша еніп жат­қан за­манда тиімді басқару, жұ­мыс орын­дарын құру мен қала инфра­құ­­ры­­лымын дамыту бойынша ше­шім қабылдаушы азаматтарға қосымша көмекші құрал бола алады.

 

Бауыржан СЕРІКБАЕВ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы