Өткен тәулікте Қазақстан ТЖМ күштері 82 өрт оқиғасына, 95 іздестіру жұмысына, авариялық-құтқару және басқа да жұмыстарға, барлығы 177 шығу жасап, 357 адамды, оның ішінде 39 баланы құтқарып, эвакуациялаған, деп хабарлайды Egemen.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарағанды облысы автожолдарында ТЖД құтқарушылары қар құрсауында қалған автокөліктерден 20 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарды. Сонымен қатар, ТЖМ 52859 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен және полициямен бірлесіп блокпосттардың жабық пункттерінен жақын маңдағы елді мекендер мен жол бойындағы кемпингтерге 287 адамды, оның ішінде 29 баланы эвакуациялады.
Облыстық маңызы бар «Курчатов – Семей» автожолында көлік қозғалысы жабылуына байланысты Абай облыстық ТЖД күштерімен 5 адам, оның ішінде 1 бала уақытша орналастыру пунктіне бірге жүріп барған. Сондай-ақ Семей қаласында ТЖД құтқарушылары Шүлбі су қоймасында автокөлікпен мұз астына түсіп кеткен 2 балықшыны құтқарды.
Жетісу облысы Алакөл ауданында «Үшарал-Достық» автожолының 130 км Жалаңашкөл учаскесінде ТЖД күшімен қар құрсауында қалған екі жеңіл көліктен 3 адам құтқарылып, Достық станциясына жеткізілді.
Ақмола облысы Аршалы ауданы Түрген ауылынан атпен мал іздеп шығып, жоғалып кеткен екі ер адамды іздеу тобы ауылдан 15 км қашықтықтан тапты.
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында ТЖД, жергілікті атқарушы органдардың, полиция бөлімінің, жергілікті тұрғындардың күшімен 2 қаңтарда «Бекше» қыстағынан Ынтымақ ауылына қарай шығып, жоғалып кеткен ер адамды іздеу тобы 3 қаңтарда «Бекше» қыстауынан 10 км қашықтықтан тауып алды.
Сонымен қатар Қарағанды, Ақмола облыстарында «Алматы-Екатеринбург», «Щучинск-Астана» автожолдарында автокөліктер соқтығысқан кезде 26 адам, оның ішінде 1 бала құтқарылды.