Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен Гүлшат Онланбекқызы Оқу-ағарту министрлігінің Балаларды ерте дамыту институтының директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Гүлшат Онланбекқызы 1973 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, қауымдастырылған профессор. 100-ден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбегі бар.
1991 жылы «Мектепке дейінгі білім беру» мамандығы бойынша Абай атындағы педагогикалық училищесін бітіріп, 1995 жылы педагогикалық институтта «Тәрбиеші. Мектепке дейінгі педагогика және психология оқытушысы» мамандығын тәмамдаған.
2004 жылы - «Жалпы педагогика, педагогика және білім беру тарихы, этнопедагогика» мамандығы бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде аспирантура бітірген. 2007 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінде «Құқықтану» мамандығын меңгерген.
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушылық қызмет атқарды. 2022 жылдан бүгінге дейін Білім беруді дамытудың мемлекеттік емес ғылыми-практикалық орталығының директоры қызметін атқарып келді.