Театр және кино әлемінде талай образды сомдаған өнер тарланы Тұңғышбай Жаманқұловқа деген жамбылдықтардың құрметі қашанда зор. Бірнеше жыл бойы Әулиеатада «Тұңғышбай Таразға шақырады» атты театр фестивалінің өткізілуі сөзімізге дәлел болса керек.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Тұңғышбай Жаманқұловтың 75 жылдығы жергілікті атқарушы биліктің назарынан тыс қалған жоқ. Мерейтой иесінің құрметіне арналған іс-шара Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында ұйымдастырылды.
Бұл күні театрға ағылған өнерсүйер қауымның қарасы қалың болды. Жергілікті жұрт «Абылай ханның ақырғы күндері» қойылымын тамашалау, театр тарланына құрмет көрсету үшін асықты. Іс-шараға өңір басшысы Ербол Қарашөкеев те арнайы қатысты.
Спектакльді тараздық өнерсүйер қауыммен бірге тамашалаған өңір басшысы соңыра мерейтой иесін құттықтады.
«Бүгін сахналанған «Абылай ханның ақырғы күндері» қойылымы жүректі қозғады, көпшілікті толғандырды. Бір сөзбен айтқанда, театрға келген жұрттың көңілінен шықты. Қазақ өнері мен руханиятында сіздің орныңыз биік шыңға айналғаны ақиқат. Мерейтойыңыз құтты болсын! Жарты ғасырдан астам уақыт бойы атқарған тынымсыз еңбегіңіз үшін алғысымыз зор. Біз сізбен қай кезде де мақтанамыз. Отбасыңызға бақыт, деніңізге саулық тілеймін. Жаңа рөлдеріңізбен жерлестеріңізді қуанта беріңіз», деді Е.Қарашөкеев.
Іс-шара соңында облыс әкімі мерейтой иесінің иығына зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті.
ТАРАЗ