Орал қаласында ерекше балаларға арналған ерте араласу орталығы ашылды. Жаңа орталық мамандары нейроортопедиялық кінәраты бар немесе осындай дерт туындау қаупі бар балаларға көмектесетін болады.
Батыс Қазақстан облыстық перзентханасында ашылған ерте араласу орталығы нейроортопедиялық кінәраттары мен олардың туындау қаупі бар балаларға арналған. Жаңа мекеме ең заманауи жабдықтармен жабдықталған. Бұл жер жылына денсаулығында кінәраты бар 3 жасқа дейінгі 600 баланы қамти алады. Орталыққа «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы 57 млн теңге қаржы бөлінген екен.
Бұл – «Самұрық қазына» қорының қаржыландыруымен «Қамқорлық» жобасы аясында Орал қаласында ашылып отырған екінші оңалту орталығы. Алғашқысы 2019 жылы 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға бағытталған болатын.
«Біз бүгін Қазақстан бойынша ерекше балалар және олардың ата-аналары үшін 34-ші оңалту орталығын ашып отырмыз. Ерте араласу оңалту орталықтарының артықшылығы – денсаулығында кінәраты бар балаларға абилитациялық оңалтуды жүргізу арқылы мүгедектігінің алдын алуға көмек беру. Бұл мақсатта дәрігерлермен бірлескен еңбектің жемісін ата-аналар қауымы лайықты бағалайды деп сенемін. Ал біздің ұлттық әл-ауқат қоры инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған игілікті ісін әрі қарай да жалғастыра береді», деді «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Ерте араласу орталығында церебралды сал ауруы, шала туу, Даун синдромы, дамуында туа біткен ақаулары, бұлшық ет дистрофиясы, босану жарақаттары, қозғалыс бұзылыстары және жүйке жүйесінің басқа да аурулары бар балалар оңалтудан өтеді. Балалармен жұмыс істеу үшін механотерапия және емдік денешынықтыру залы, сенсорлық, иммерсиялық ванна, шунгит және тұз бөлмелері сынды тиімді технология ұсынылған. Есту қабілетін және бас миын зерттеуге арналған диагностикалық жабдықтар да бар.
Жалпы, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры БҚО аумағында кейінгі 5 жылда жалпы сомасы 360,5 млн теңгеге 7 жобаны іске асырды.
Батыс Қазақстан облысы