Шымкентте жаңа гүлзар ашылды. Кезінде шағын саябақ болған аумақ 90-жылдары жекенің қолына өтіп кетіп, ол жерге сауда орындары жайғасқан болатын. Бұл дүңгіршектер мен сауда, тіпті бірнеше қабатты сауда ғимараты жанында тұрған көпқабатты үй тұрғындарына тегі қолайсыздық тудыратын. Қаланың Әл-Фараби ауданы әкімдігіне қарасты осы аумақты қайтадан бұрынғы «Спутник» шағын саябағы ету жөнінде тұрғындар шаһар басшысы Ғабит Сыздықбековпен болған есепті кездесуінде өзекті мәселе ретінде көтерген еді.
Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында халықтың талап-тілегі орындалып, бірнеше айдың көлемінде кішігірім базардың орнына әп-әдемі, ерекше сәулетпен салынған гүлзар пайда болып, күні кеше халық игілігіне берілді. Шағын саябақтың ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те қатысты. Ол сауда нысандары жайлап алған бұрынғы гүлзардың орны қайтадан жасыл желекке айналып, жайқалған, құлпырған саябақ болғанына ерекше қуанышты екенін жеткізді.
Ал жекешелендіру кезінде осы жерді иеленіп кеткен кәсіпкерге қала әкімдігі басқа аумақтан жер телімін қарастырды. Сонымен бірге жер иесіне қосымша өтемақылар төленді. Гүлзардың аумағы жарты гектар жерді құрайды. Ол қала әкімдігінің қолдауымен әрі демеушілер есебінен салынды. Құрылыс мерзімі бір ай уақытты алған. Шағын саябақта 7 түрлі сәндік талдың жүзге жуық көшеті егілді. Келешекте саябақта қайың, акация, шынар, емен, талшын талдары жайқалып өсіп, адамдарға өзінің саялы көлеңкесін сыйлайды. Қысы-жазы жасыл түсі өзгермеген қылқан жапырақты талдар да саябақтың сәнін ашады. Сонымен бірге гүлзарда хай-тек стиліндегі шамдар, көпшілікке арналып салынған бастырмалар, әткеншектер орнатылды. Бұдан бөлек, екі мың шаршы метр аяқжолға мәрмәр тастар, дәл осындай аумаққа шым төселді. Гүлзар маңындағы көпқабатты үйдің қақпасы петроглифтермен әрленген.
Ең бастысы, қаланың қарапайым тұрғындары демалыс аймағының бой көтергеніне дән риза. Күн сайын кешкі уақытта қыдыратын, демалатын жер керек. Әсіресе немересін жетектеген ата-әжелерге үйінің жанынан орындығы қаз-қатар тізілген, тал-терегі айналасына көлеңкесін түсірген саялы орындардың болғаны қажет-ақ. Кішкентай балалар үшін де алысқа ұзамай ата-анасының көз алдында ойнап жүргені жақсы. Бұрынғы орнынан қайта ашылған «Спутник» гүлзары енді халықтың сол сұранысын толық қанағаттандырады.
Алдағы уақытта да «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша шаһардың саябақ құрылысына ыңғайлы кез келген аумағынан тұрғындардың өтініші бойынша гүлзарлар ашылатын болады. Жасыл желек – қаланың «өкпесі», сондықтан саябақтың көбейгені миллионнан астам халқы бар мегаполис үшін экологиялық басты қажеттілік болып табылады. Жалпы, «Шымкент – жасыл қала» деген сөз тіркесі баяғыдан халық аузында жатталып қалған. Осы ұғымды шын мәнінде жүзеге асыру бүгінгі қала әкімдігінің басты стратегиялық жоспарына айналып отыр.
ШЫМКЕНТ