• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шымкент 09 Қаңтар, 2024

Салдарымен емес, себебімен күресу тиімді

151 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің депутаты Болатбек Нажметдинұлы Шымкент қалалық полиция департаментінде кездесу өткізді. Жүздесуде депутат есірткі қылмысына қатысты ашылған қылмыстық істердің 33,6 пайызға артқанын, бұл дабыл қағатын жағдай екенін атты. Алдыңғы жылы 400-ден аса есірткі қылмысы жасалса, соңғы деректе бұл сан 600-ден асып кеткен.

«Қаланы өзім талай арала­ған­мын. Сонда есірткіні қай­дан алуға болатыны туралы бел­гі­лер­ді жол бойындағы нысандардан, көпқабатты үйлердің қа­быр­ғаларынан көп көрдім. Мұның алдын алмаса болмайды. Негізінен синтетикалық есірт­кіні бір жерде жасайды. Ол қа­ла ішіндегі немесе сыртында ор­на­лас­қан жасырын зертхана болуы мүмкін. Есірткі дайындайтын орын кезінде Түлкібас ауданында да анықталған еді. Жалпы, тек қабырғадағы белгілермен есірткі тауып, тұтынып жүрген тәуелді азаматтарды ұстай бермей, оларды таратушыларды, қоймаларды, зертханаларды, ол жерге шикізат қайдан келіп жатқанын анықтап, нағыз кінәлілерді жазаға тарту керек. Полицияның жедел әрекет ету қызметі мен әкімшілік полиция жұмысын күшейту қажет. Есірткіге қарсы күрес полиция­ның, қала әкімдігінің басты мін­деті болуға тиіс. Өйткені адамды санасынан айыратын психотроп­ты зат қоғам, әсіресе жастар үшін өте қауіпті», деді Б.Нажметдинұлы.

«Қылмыстың көбірек ашыл­ғаны жұмыстың жүріп жатқанын көрсетпей ме?» деген сұраққа депутат: «Көрсеткіштің өсуі қалаға келіп жатқан есірткі санының артқанын білдіреді. Бұл жерде салдармен күреспей себебін анықтап, көрсеткіштің өсуіне жол бермеу мақсатында алдын алу шараларына көп көңіл бөлу керек», деп жауап берді. Сонымен бірге ғимараттардағы есірткіге қалай қол жеткізуге болатын жазба белгілерді анықтау полицияның емес, коммуналдық қызмет сала­сының жұмысы болу керек дегенді айтты. 

Мәжіліс депутаты өз сөзінде құ­қық қорғау саласына қомақты қаржы бөлініп жатқанын мәлім­деді. Мәселен, 2012 жылы мегаполис әлі еншісін алмай тұрған кезде Оңтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бюджеті 11 млрд теңге болса, осы күнде бір ғана Шымкенттің құқық қорғау қызмет саласына 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Сонымен бірге халық қалаулысы 1 млн 200 мыңнан астам халық тұратын мегаполисте басқа да заң бұзушылық түрлерінің алдын алу керектігін еске түсірді. «Айталық, заңсыз көлік тасымалы. Былтыр Түр­кіс­тан облысының Бәйдібек ауданына қарасты Шаян ауылына бара жатқан жолда жолаушылар көлігі өртеніп кетіп, 9 адам күйіктен қаза болған. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін заңсыз көлік тасымалын реттеу қажет», деп мәлімдеді депутат.

Сондай-ақ Мәжілістің тағы бір де­путаты Данабек Исабеков «Amanat» партиясының Шымкент­тегі сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан Оқушылар сарайының құрылыс жұмысымен танысты.

Мердігер мекеме – «BI-Global» серіктестігі. 500 орынға арналған ғимарат биыл наурыз айында пайдалануға берілуге тиіс еді. Құрылыс нысанының жалпы құны – 9,5 млрд теңге. Жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Компания өзінің 3 млрд теңге қаражатына біраз құрылыс жұмыстарын жүргізді. Алайда әрі қарай қаражаттың дер кезінде түспеуінен нысанның құрылысы тоқтап қалған еді. Осы орайда депутат қаржы мәселесін шешіп беруге уәде берді. Өз кезегінде мердігер компания да жыл аяғына дейін ғимаратты толық салып бітіруге уағдаласты.

«Партияның сайлауалды бағ­дар­ламасындағы үлкен басым­дыққа ие бағыттардың бірі – білім саласы. Бағдарламада жаңа Оқушылар сарайы, жас техниктер стансасы, балалар технопаркі, музыка, өнер мектептері бой көтереді деп көрсетілген. Әр бала спорт секциясына, шығармашылық студияға, техникалық үйірмеге те­гін қатысуға құқылы. «Арт спорт» бағдарламасы да жалға­са­ды. Жалпы, Шымкент секілді миллион­нан астам халқы бар мегаполисте Оқушылар сарайы көп болуға тиіс деп есептеймін. Оның үстіне бүгінгі таңда шаһар бала туу көрсеткіші бойынша өңірлер арасында жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Ал Тұран шағын ауданында салынып жатқан Оқушылар сарайы балалар мен педагогтер үшін инновациялық алаңға айналады деген үміттемін. Жастар болашақ мамандығын өз қалауымен таңдай алатын, креативті, белсенді әрі азаматтық ұстанымы биік болуға тиіс. Білімді жастар – елдің зияткерлік әлеуеті. Біз осыны ұмытпауымыз керек», деді Мәжіліс депутаты.

 

ШЫМКЕНТ