• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Қаңтар, 2024

Тарихи өңірдегі маңызды талқылау

105 рет
көрсетілді

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған депутаттар тобы жұмыс сапарымен Ұлытау облысына барды. Олар облыс активімен, өндіріс орындарының жұмысшыларымен кездесіп, Жезқазған жылу электр орталығының жұмысымен танысты және «Анненская» кенішініне түсті.

Мәжіліс спикерінің сапары облыс активімен – Ардагерлер кеңесінің мүше­лері, облыстық мәслихат депутаттары жә­не жұртшылықпен кездесуден басталды.

Ерлан Қошанов ұлытаулықтармен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ел ретінде тек алға ғана қарауымыз керек» деген «Egemen Qazaqstan» газетіне жуырда ғана берген сұхбатындағы негізгі басымдықтарға назар аударды.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, өткен жыл еліміз үшін елеулі, маңызды оқиғаларға толы болды. Мемлекет басшысының кешенді реформалары жалғасып, жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру басталды. Ерлан Қошанов мем­лекеттегі барлық деңгейдегі инсти­туционалдық өзгеріс туралы айтып, еліміздің жетістіктері мен жақын болашаққа арналған жоспарларына кеңінен тоқталды. Ол әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, экономиканың дамуы 4,9 пайыз деңгейінде қамтамасыз етіліп, шетелден ауқымды инвестиция тартылғанын атап өтті.

– Бірнеше күн бұрын Президент қа­был­дауында болдым. Мемлекет басшысы өңірлердің дамуына баса мән беріп отыр. Президенттің шешімімен қайта жаңғырған Ұлытаудың өңір үшін ғана емес, ұлтымыз үшін де орны бөлек. Осыған орай Президент облыс басшылығына өңірде бірқатар әлеуметтік-мәдени нысан мен жаңа тұрғын үйлер салу туралы тапсырма берді. Бұл тапсырманы орындау – бәріміз үшін басты міндет. Де­путаттар бұл жұмысты қадағалап, барлық жоспарланған жобаның жүзеге асуына жан-жақты ықпал етеді, – деді Мәжіліс төрағасы.

Ерлан Қошанов бүгінде Ұлытау облысы өз алдына отау тіккен дербес, экономикалық, әлеуметтік, мәдени даму әлеуеті зор өңір екенін айтты. Облысқа тартылған инвестиция ауқымы 171,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 45 млрд-қа өскен. Құрылыс жұмыстарының көлемі 85,6 млрд теңгені құраса, пайдалануға беріл­ген тұрғын үй нысандары 67 мың шаршы метрді құрайды.

Сондай-ақ Мәжіліс спикері 2022 жылы Президенттің бастамасымен елі­міз­дегі алғашқы Ұлттық құрылтай оты­­рысы да ұлт ұясы – Ұлытауда өткеніне назар аударды.

– Ұлытау өңірінің тарихи және рухани орны бөлек. Алтын Орданың негізін қалаған Жошы хан да осында жерленген. Ел Президенті кешегі сұхбатында биыл Жошы ұлысының 800 жылдығы атап өтілетініне арнайы тоқталды. Бұл – өңір үшін ғана емес, қазақ мемлекеттілігінің терең тарихын зерделеу үшін де маңызы зор іс-шара, – деді Ерлан Қошанов.

Одан әрі депутаттар Жезқазған жылу электр орталығында жылу беру маусымының барысы мен кәсіпорынды жаңғырту жұмыстары туралы есептерді тыңдады. Сонымен қатар жылу электр орталығы қызметкерлеріне жылу және энергетика туралы жаңа заң жоба­сы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс­тарды айтып, сұрақтарға жауап берді, энергетиктердің ұсыныстарын тыңдады.

Сапар барысында депутаттар Жез­қазған байыту комбинатында болып, Сәтбаев қаласындағы «Анненская» кені­шіне түсті. Ерлан Қошанов кәсіпорын қызметкерлерімен кездесуде Мемлекет басшысының өзекті мәсе­лелерді шешу жөніндегі тапсырма­ларын жүзеге асыруға бағытталған заңна­малық бастамаларға тоқталды. Атап айтқанда, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлем енгізу және өндіріс­тегі еңбек қауіпсіздігін күшейту жөніндегі түзетулер туралы айтып берді. Депутаттар жұмысшылармен және кеншілермен мемлекет тарапынан олар­дың әлеуметтік қолдауын жақсарту туралы мәселелерді талқылады.