• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қаңтар, 2024

«Алматы-Ақтөбе» бағытындағы пойызда сәби дүниеге келді

825 рет
көрсетілді

Алматыдан Ақтөбеге бағыт алған пойызда жолсерік қыздың көмегімен жүкті әйел қыз баланы дүниеге әкелді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жас ана Айнагүл Тілеубергенова Алматы-Ақтөбе бағытындағы №33 пойызбен Тоғыс стансасынан Ақтөбе қаласына бара жатқан. 7 қаңтарда жолаушыны толғағы қысты.

«Пойыз бригадасының жұмысшылары нұсқау бойынша машинистке хабарлап, жақын маңдағы Жем станциясына жедел жәрдем бригадасын шақырды. Жедел жәрдем келгенге дейін пойыз жолсерігі Ғалия Қабдрахманова вагонда әйелге босануға көмек көрсетті, ал сағат 14:27-де жас ана аман-есен қыз баланы дүниеге әкелді», делінген Жолаушылар тасымалы компаниясының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Жем стансасына жеткенде жаңа туған нәресте мен оның анасын жедел жәрдем қызметкерлері қабылдады.

«Пойыздың барлық қызметкерлеріне осындай төтенше жағдайда қол ұшын беріп, мені жалғыз қалдырмағандары үшін үлкен алғысымды білдіремін. Енді қызыма өскенде айтарым бар», дейді баланың анасы Айнагүл Тілеубергенова.

Кейінірек жаңадан туған шақалаққа Малика деген есім қойылғаны белгілі болды.

Айта кетейік, соңғы 3 жылда компания пойыздарында 11 сәби дүниеге келген.