Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өткен жылғы жазда «сібір жарасы» дертінің ушығып кеткенін, салдарынан 32 адам сырқаттанғанын айтқан еді. Одан кейін де жағдай едәуір өзгерген еді. Дерекке жүгінсек, өткен жылдың он айында «сібір жарасының» расталған 37 дерек тіркеліпті. Тіпті қазан айында «сібір жарасын» жұқтырған бір азамат бақилық болған.
«Бір ерекшелігі «сібір жарасы» адамнан адамға жұқпайды. Бұл – зоноздық инфекция, ол табиғатта бұрыннан бар. Жалпы, жануарлар түрлі аурумен ауырмауы үшін олар жыл сайын вакцинациялануы керек. Барлық дерт жеке шаруашылықта тіркелді. Олардың мал-мүлкіне вакцинация жасалмаған», деген министрдің сөзінен көп дүниені аңғаруға болады. Төрт түлік бағып отырған азаматтардың малға дер кезінде екпе салдыруға келгенде кежегесі кейін тартуының салдарынан адамдар зардап шегіп жатыр.
Айдың күннің аманында кәсіпкер ауру мал сатады деп кім ойлаған? Өкінішке қарай, мұндай дерек тіркеліп отыр. Иә, Жамбыл облысында «сібір жарасы» дертіне шалдыққан малдың еті сатылған. Салдарынан ауру малдың етін тұтынған азамат сырқаттанып қалған. Бұл ақпаратты облыстық сот та растады.
Шыны керек, «сібір жарасы» дертінің ошағы жылда анықталып жатады. Өткен жылдың жаз мезгілінде Талас ауданына қарасты Тамды ауылы екі аптаға карантинге жабылып, жауапты мекемелер тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілген болатын.
Жуалы ауданына қарасты Көлтоған ауылының азаматы қауіпті дертті жұқтырғаны мәлім болған. Қатерлі кесел айналдырған бірнеше адам аурухана төсегіне таңылып, олармен байланыста болған ондаған жан мамандардың қатысуымен тексеруден өткен еді.
Нақты дерекке көз жүгіртсек, кәсіпкер өткен жылдың тамыз айында «сібір жарасы» дертімен ауырған малдың етін тұтынушыға өткерген көрінеді. Ал ауру малдың етін жеген азамат зардабын тартқан.
Облыстық соттың ресми сайтындағы хабарламаға көз жүгіртсек, таластық жеке кәсіпкерге қатысты әкімшілік іс қаралыпты. Ауру малдың етін сатқан ер-азаматқа ӘҚБтК-нің 425-бабының 2-бөлігі «Халықтың сантариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын бұзу» дерегі бойынша айып тағылған. Кәсіпкер сот залында өз кінәсін толықтай мойындаған.
«Талас аудандық сотымен ӘҚБтК-нің 425-бабы 2-бөлігі бойынша жеке кәсіпкер С-ға қатысты әкімшілік іс қаралды. Сотта С. өз кінәсін толығымен мойындады. Сот қаулысымен кәсіпкер С. ӘҚБтК-нің 425-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 млн теңгеден аса сомада айыппұл салынды», делінген ресми хабарламада.
Ресми дерек өткен жылдың он айында 37 дерек тіркелгенін алға тартса, оның 19-ы Жамбыл облысында анықталыпты.
«Сібір жарасы» кеселі жамбылдықтардың талай жылдан бергі бас ауруына айналғаны белгілі. Өкінішке қарай, тіркелген деректер саны азаяр емес. Министрдің өзі қауіпті кеселдің жеке шаруашылықтарда тіркелгенін, малдың вакцинацияланбағанын жайып салғаны күні кеше ғана. Керек дерекке көз жүгірту арқылы аудандардағы жергілікті атқарушы биліктің жеке шаруашылықтарға толыққанды бақылау орната алмай отырғанын аңғаруға болатын секілді. Олай болмаған жағдайда ауру мал сойылып, оның еті сатылмас еді ғой.
Жамбыл облысы