Батыс Қазақстан облысында жол-көлік апаты көбейіп тұр. Қаңтардың алғашқы онкүндігінде өңірде 11 жол апаты болып, 12 адам қаза тапса, 21 жолаушы түрлі дене жарақатын алған.
Осы оқиғаға орай облыстық Полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Арман Оразалиев шұғыл баспасөз-конференциясын өткізді.
«Облыста жол қауіпсіздігі бойынша төтенше жағдай болып тұр», деп мәлімдеді полиция бастығы. Мұндай жағдай кейінгі 5 жылда болмаған. Салыстыру үшін айтсақ, 10 күн ішінде болған жол-көлік оқиғалары өткен жылдың 2 айының көрсеткішімен теңесіп отыр.
5 қаңтарда Орал қаласына іргелес жатқан Ветелки ауылында автокөлікке сүйретпе тіркеп сырғанап, тіркемеде отырған 17 жастағы бойжеткен қаза тапты. Ал 6 қаңтарда Орал қаласында «Окружное шоссе» айналма жолында 3 автокөлік соқтығысып, 1 адам қайтыс болды. Келесі күні «Орал-Атырау» республикалық маңызы бар автожолының 62-шақырымында «Шевроле Нексия» автокөлігінің жүргізушісі қарсы келе жатқан «Тойота Ипсум» маркілі автокөлікке соқтығысып, салдарынан 3 адам дүние салды, 8 адам дене жарақатын алды.
Сол күні «Қазталов-Жәнібек» автожолында «ВАЗ-2110» автокөлігінің жүргізушісі қарсы келе жатқан «Шевроле Лачети» автокөлігімен соқтығысып, 1 адам қаза тапты. «Бұл жол апатының барлығы жүргізушілердің қарсы жолаққа шығып кетуінен болған, оған дәлел бейнежазбалары бар», дейді А.Оразалиев.
Тағы бір жол апаты 9 қаңтар күні «Чапай-Жаңақала-Сайхын» облыстық маңызы бар тас жолының 103-шақырымында тіркелді. Жантүршігерлік апат салдарынан 5 адам қаза тапты. Бір отбасы мүшелерінің өмірі қиылды. Бір кішкентай сәби дене жарақатын алып, аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
«Бұл жерде де жүргізуші қарсы жолаққа шығып, қарсы келе жатқан көлікке соқтығысқан. Оның үстіне, автокөлік жазғы дөңгелегін ауыстырмаған», дейді полиция басшысы.
Облыс аумағындағы барлық республикалық маңызы бар автожолдарда патрульдік полиция қызметкерлері жүреді. Жүргізушілердің көпшілігі патрульдік автокөлікті көрген кезде жылдамдықты азайтып, жол ережесін сақтайды. Ал одан өтісімен «тізгінді жіберіп» алатыны өтірік емес. Сонда жол қауіпсіздігі кім үшін керек?! Полиция әр шақырым сайын патруль қоя алмайды. Жолда жүру мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Міне, бұл үлкен мәселе болып тұр.
Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар автожолдарға күнделікті 47 патрульдік автокөлік шығады екен. Олар барынша жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мұның ішінде автоматты режімде жұмыс істейтін 3 «Кибершериф» жүйесі бар. А.Оразалиев биыл тағы осындай 17 көлік алуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Өңірде орта есеппен күнделікті 100-150 әкімшілік хаттама толтырылып, 500 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін айыппұл салынады. 2023 жылы облыста 445 жол-көлік оқиғасы болып, оның салдарынан 107 адам қаза тапқан. 540 жолаушы әртүрлі дәрежеде жарақат алған.
Батыс Қазақстан облысы