• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 12 Қаңтар, 2024

Шикізатқа тәуелділіктен арылу – стратегиялық бағыт

138 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, депутаттар Мемлекет басшысының ұсынуы бойынша Жоғарғы соттың судьяларын қызметінен босату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ бірқатар заңды мақұлдап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Бірқатар заң мақұлданды

Ел Президентінің тиісті ұсы­нуын қарау нәтижесінде Ербол Исмаилов, Ақылтай Қасымов, Альфия Савинова және Айгүл Сапарова Жоғарғы соттың судьясы қызметінен босатылды. Ұсы­нылған кандидатуралар алдын ала Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды.

Сонымен қатар Сенат оты­ры­сында депутаттар «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экс­порт­тық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қыз­меттердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарап, мақұлдады. Бұл заң Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді.

Осыған дейін айтылғандай, аталған құжат Азаматтық және Бюджет кодекстеріне, сондай-ақ тағы 8 заңға түзетулер енгізуді көздейді. Атап айтқанда, экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдіктің күшін сақтандыру төлемдерін өтеу үшін де, ЭКА жү­зеге асыратын кепілдік беріл­ген төлемдерді өтеу үшін де қол­дау ұсынылады. Заң норма­лары агенттіктің қызметін лицен­зия­сыз жүзеге асыруға мүмкін­дік береді. Сондай-ақ Ұлттық даму институтының функциялары бірқатар бағыт бойынша шикі­заттық емес экспортты ілгерілету мәселелерімен толықтырылады.

«Мемлекет басшысы был­тыр­ғы Жолдауында шикізатқа тәуел­діліктен арылу қажет екенін айтқан болатын. Бұл ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие бағыт екені сөзсіз. Сондықтан бүгін мақұлданған заңда отандық шикізаттық емес тауарлардың экспортын дамытатын жаңа институт құру көзде­ліп отыр. Осыған байланысты экспорттық-кредиттік агенттікке арнайы құқықтық статус берілді. Заң аясында, жаңа құрылымның жұмысына қажетті барлық құқық­тық және өзге де құзыреттер қарас­тырылған. Мақұлданған заң осы саладағы мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттырады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратифика­ция­лау туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Бұл заң құқықтық реттеудегі олқылықтарды жою арқылы еуразиялық интеграцияны одан әрі дамытуға арналған.

Хаттама арқылы ЕАЭО туралы шартқа ЕАЭО кедендік шека­ра­сындағы мемлекеттік бақы­лау, арнайы қорғаныш демпинг­ке қарсы және өтемақы шара­ла­рын қолдану, техникалық реттеу, бәсе­келестік, табиғи монопо­лия­­лар, ең­бек көші-қоны, санита­рия­­лық, ве­­теринариялық-санитария­лық және карантиндік фитосани­тария­лық шаралар, көлік және салық салу мәселе­леріне қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

 

Халықтың мәдениеті неге төмен?

Отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады. Мәселен, сенатор Нұртөре Жүсіп біздің қоғам үлгі­лі тәрбие мен ұлттық мінез­ді ұмытпай, адамгершілікті әспет­теп, рухани құндылықтарды қастерлеуге ұмтылуы керек деп есептейді. Депутат Премьер-министр атына жолдаған сауалында халықтың мәдени деңгейіне қатысты мәселелерді көтерді.

«Былтыр Тәжікстанның же­міс-жидегіне таласқан жұртты көріп жағамызды ұстаған едік. Дәл жаңа жылдың алдында шоколад шыршасын бір минутта жайпап кеткендерді де көрдік. Осы бейнежазбалар халықаралық пабликтерде мыңдаған қара­лым жинап жатыр. Сонда біздің мәдени деңгейіміз, жеткен жеріміз осы ма?», деді сенатор. Ол мемлекет тарапынан халықтың мәдени деңгейін көтеруге, таным-түсінікті кеңейтуге бағытталған біраз жұмыс жүргізіліп келе жат­қанын атап өтті. Атқарылған жұ­мы­с­тардың бәрінің түпкі мақсаты – елдік санамызды оятып, тарихи жадымызды қайта қалпына келтіруді көздейді. Дегенмен депутаттың пікірінше, осының бәрі жеткіліксіз.

«Президент «Толық адам», «Адал азамат» деген идеяларды ұсынды. Бұл да құндылық. Осы­ның бәрін кім жүйелейді? Ай­тылған сөз айтылған жерде қал­мауы керек. 20 миллион адам тұра­тын Қазақ еліне ортақ осындай құндылықтар жүйесі қашан жаса­лады? Жас ұрпақ тәрбиесі мен мәдени деңгейімізді көтеру мәсе­лесіне мұқият көңіл бөлмесек бол­майды», деді сенатор. Ол депутат­тық сауалда айтылған проблеманы шешуді көздейтін Үкіметтің тұжырымдамалық ұсыныстарын жан-жақты пысықтауды және жедел әзірлеуді ұсынды.

 

Тарихты бұрмалау – елге қиянат

Сенатор Дархан Қыдырәлі  мектепке арналған «Қазақстан тарихы» оқулығын жаңа көптомдық негізінде жазуды ұсынды. Өз халқының тарихын білмеу – қасірет. Алайда одан өткен қасі­рет бар, ол – тарихты жаңылыс білу. Бұл кезде халық өз тарихын бұр­­­маланған түсініктен қате та­ным­да қалыптастыра бастайды. Д.Қыдырәлі депутаттық сауалында осындай пікір білдірді. Депутаттың пайымынша, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толуы қазақ халқының шынайы тарихына маңыз беру үшін тамаша мүмкіндік болып отыр.

Д.Қыдырәлі Мемлекет басшысы таяуда «Egemen Qazaqstan» газеті­не берген сұхбатында осы айту­лы датаны еске салғанын атап өтті. Президент осыған орай мем­­лекет­тілігіміздің тамыры тереңде жатқанын әйгілейтін айтулы датаға орай ауқымды зерттеулер жүргізу маңызды екенін атап өтті. Сенатор осыған дейін халықаралық Түркі академиясы Жошы ұлысы туралы зерттеулер жүргізіп, экспедициялар ұйымдастырғанын, тіпті ЮНЕСКО-да іс-шара өткізгеніне назар аударды. Сенатор биыл аяқталатын Қазақстан тарихы бо­йынша көптомдық ұлы Жошы хан туралы да тың деректер береді деген үмітін білдірді.

«Мектеп оқулықтары осы көп­том­дық негізінде қайта жазыл­ғаны абзал. Онда Жошының қазақ хандарының атасы екені баса ай­тылуға тиіс. Сонымен қатар оқу­лықтарға қазақ мемлекет­тігі­нің бастаулары туралы да соны деректер енгізу керек. Мәсе­лен, 6-7-сыныпқа арналған оқу­лықта Моғолстан мемлекетіне 1 пара­граф, 10-сыныпқа арналған оқу­лықта 4-5 жол ғана арналған. Ал осы Моғолстан жерінде Шу бо­йында Қазақ хандығының негізі қаланғаны белгілі», деді сенатор.

Сенатор еліміздің жоғары оқу орындарының оқу бағдарлама­ларына Қазақстан тарихының кейін­гі нұсқасын енгізудің маңыз­ды­лы­ғын атап өтті. Осыған байланыс­ты Үкімет басшысына бірқатар ұсыныс жасады. «Жошы ұлысына арналған іргелі зерттеулер жүргізу, арнайы музей жасақтау, Едіге байқауын өткізу, Ұлытаудағы ескерткіш кешен­дерді ЮНЕСКО материал­дық мұра­­лар тізіміне енгізу де өзекті. Елі­мізде өтетін Дүниежүзілік көш­­пелілер ойыны – Жошыны насихат­тау үшін үлкен мүмкіндік. Сон­дықтан оларға ақпараттық қол­дау көрсету, танымдық деректі және көркем фильмдер мен бала­ларға арналған мультфильмдер ұсыну да маңызды», деді сенатор.

 

Шаруалар мемлекеттен көмек күтеді

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев өзінің депутаттық сауалында Алматы мен Жетісу облыстарында фер­мерлерді қаржы шығынына ұшы­ратып жатқан мәселелер туралы мәлімдеді. Жақында өңірге барған сапары барысында аталған өңірлердегі шаруалардан ауыл шаруашылығындағы проблемалар туралы көптеген мәлімет алған болатын. Оның ішінде өнімдерді өткізу мәселелері, қойма ғимараттарының тапшылығы да бар. Осы мәселелер жүгері өсіру­шілерге қатты сезіліп отыр.

«Өткен жыл Алматы мен Жеті­су облыстарындағы шаруа­ларға өте қолайсыз болды. Ауа райы­ның қо­лай­сыздығынан егіс­тік алқа­бын­да жүздеген гектар егін жинал­мады. Сонымен қа­тар жүгері құны­ның өсіп ке­ліп, былтыр екі есе күрт түсуі шаруа­лардың онсыз да оңай емес жағ­дайларын қиын­дат­ты. Көптеген шаруалардың 2024 жылғы егіс науқанына сапа­лы дайын­дықты айтпағанда, ағым­­дағы міндеттемелерді төлеуге мүмкіндіктері жоқ», деді депутат.

Депутат проблемаларды шешу үшін мемлекет белгілі бір қа­дам­дар жасап жатқанын, бірақ оның жеткіліксіз екенін атап өтті. Сенатордың пікірінше, жүге­ріні терең өңдеу және өнімді өт­кізу мүмкіндіктерін кеңейту, фер­мер­лердің тыңайтқыштар мен тұқым­дарға жұмсайтын шығыстарына суб­сидия түрлерін оңайлату, сон­дай-ақ дайын өнімнің килограмына емес, жүгері егілген гектарға байланысты субсидия төлеу мәсе­лелерін қарастыру маңызды.

«Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері, Стра­тегиялық жоспарлау және ре­фор­­малар жөніндегі агенттігі, өзге де ғылыми-зерттеу институт­тары осы мә­селені реттеуге бағыт­тал­ған елі­­міздегі және бүкіл әлем­дегі ауыл­­­ша­руашылық өнімдері на­ры­­­ғын­­дағы сұраныс пен ұсыныс­тар­­­­дың жағдайын ай­қындап, тұ­ты­ну кө­лемін және нарықт­ың негіз­гі көр­сет­кіштерін есеп­теп, ауа ра­йы­ның жаһандық өз­геруі­не және бас­қа да фак­тор­лар­ды еске­ре отырып, ең бас­ты­сы, ауылшаруа­шылық өн­діру­­­ші­лерімізді шығын­дардан шек­теу мақ­сатында өздері­нің ұсыныс­та­рын әзірлеу керек», деді сенатор.

Сондай-ақ отырыс барысында сенатор Ақмарал Әлназарова халықты емханаларға бекіту және тіркеуден шығару тетіктерін қайта қарау қажеттігін атап өтті. Сена­тордың пікірінше, жүйедегі ол­қы­лықтарға байланысты миллион­даған азамат сапалы алғашқы ме­ди­­циналық-санитар­лық көмек алу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.

Андрей Лукин коммуналдық қызметтердің кәсіпкерлерге жылу энергиясын қосалқы тұтыну ретінде төлеу туралы заңсыз талаптарына назар аударды. Осыған орай депутат еліміздің кейбір об­лыс­тарында болған нақты жағ­дайларды мысалға келтірді.

Ал сенатор Жанна Асанова отандық фармакологиялық компанияларды алаңдатып отырған проблемаларды көтеріп, оларды шешу бойынша бірқатар шара ұсынды. Оның қатарында бағаларды жыл сайынғы міндетті тіркеуді немесе бұрыннан тіркелген бағаларды қайта тіркеуді алып тастау мәселесі де бар. Сенатор Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысын газдандыру мәселелеріне Үкіметтің назарын аударып, оны шешу жолдарын ұсынды.