Елімізде үздіксіз инклюзивті білім берудің ұлттық орталығы құрылады, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Алматы қаласында арнайы және инклюзивті білім беру мәселелері бойынша ғылыми қоғамдастық пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті. 2024 жылға арналған жұмыс жоспары туралы Оқу-ағарту министрлігі арнайы және инклюзивті білім департаментінің директоры Лаура Бұтабаева баяндады.
«Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға ерте көмек көрсету мақсатында бүгінгі таңда психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің санын арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазір елімізде 215 ППТК жұмыс істейді, 2024 жылы қосымша 9 түзету кабинетін ашу жоспарланған. Қазіргі күні мектептерде 700-ден астам инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді, 2024 жылы олардың саны тағы 57 бірлікке ұлғаяды. Сонымен қатар биыл 14 ПМПК ашылады. Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев инклюзивті білім беру жүйесін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бұл бағытты дамытудың маңыздылығын түсіне отырып 2023 жылдың желтоқсанында министрлік құрылымында арнайы және инклюзивті білім департаменті ашылғаны» жазылған ақпаратта.
«Арнайы білім әр баламен жеке жұмыс істеуді, әр балаға назар аударуды қажет етеді. Осы мақсатта Ұлттық үздіксіз инклюзивті білім беру орталығын іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар біз кадрларды даярлау және қайта даярлау мәселесін қарастырамыз. Сондықтан педагогтер оқытатын жоғары оқу орындарының бағдарламаларына «инклюзивті білім беру» модулін қосу жоспарланып, педагогтер үшін біліктілікті арттырудың жаңа курстары әзірленуде», деді Ғани Бейсембаев.
Жиынға қатысушылар ұлттық орталық балаларға білім беруді нығайтатынын айтып, игі бастаманы қолдады.